13.11.2026, 17:30
Оқылды: 1

Цифрлық әлеуетті танытқан форум

«Атамекен» өнер ордасында Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай «DIGITAL AQJAIYQ 2026» өңірлік форумы өтті. Іс-шара жергілікті және еліміздің өзге өңірлерінен келген IT-мамандардың, жас инноваторлардың, кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдардың ортақ диалог алаңына айналды.

DSC03984

Заманауи көрме

Өңірлік форумға келген қонақтар, қатысушылар алдымен инновациялар алаңындағы көрмені тамашалады. Мұнда отандық ІТ-компаниялар мен талантты жастар цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларына негізделген соңғы әзірлемелері мен инновациялық жобаларын таныстырды. Көрменің басты мақсаты – заманауи технологиялық трендтерді, цифрлық өнімдер мен отандық стартаптардың әлеуетін халыққа кеңінен таныстыру, қоғамда цифрлық мәдениетті қалыптастыру.

Орал қаласында орналасқан Batys Hub өңірлік орталығы Astana Hub халықаралық технопаркінің қолдауымен жұмыс істейді. Мұнда үш жылдан бері облыс бойынша 200-ден астам стартап жоба дайындалған. Соның ішінде 50 шақтысы нарыққа шығарылған. «Солардың бірі ретінде Kasibi taxi жобасын айтуға болады. Тек идеядан басталған жоба іске асып, бүгіндері 15 қалада қызмет көрсетеді. Сондай-ақ EasySpeak жобасын тек оқушыларға емес, тіл үйренгісі келетін ересектерге де ыңғайлы болуы үшін жетілдіріп жатырмыз. Форум аясында ұйымдастырылған «Ai West Battle» байқауына 50 өтініш түсті. Он қатысушыны іріктеп алып, үздіктерді анықтаймыз. Ең үздік жобаларға ай сайын 450 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі.

Сондай-ақ Startup Orda бағдарламасы IT және инновациялық жобалардың ауторларына өз идеясын өміршең өнімге айналдыруға қолдау көрсетеді. Жалпы білім беру, ауыл шаруашылығы, әскери бағыттағы жобаларға қызығушылық жоғары», – деді Batys Hub өңірлік филиалының директоры Нұрбол Қырықбаев. Көрме барысында «Vibe coding workshop» практикалық дәріс ұйымдастырылды. Онда жасанды интеллект құралдарын (AI-ассистенттерді) қолдана отырып, бағдарламалау кодын жазудың жаңа форматы таныстырылды.

Көрмеде өнімдерін таныстырған компанияның бірі – «Engineering company WEST OIL» ЖШС. Кәсіпорын мұнай-газ, химия және энергетика салаларына арналған жабдықтарды жобалау, өндіру және аутоматтандырумен айналысады.

– Біздің компания мұнай мен мұнай өнімдерін, газ бен оның құрамдас бөліктерін есепке алу жүйелерін, сондай-ақ аутоматты басқару және бағдарламалау жүйелерін жобалап, жасап, іске қосады. «WEST OIL» – Қазақстанда мұнай-газ саласына арналған отандық өлшеуіш-есептеу кешендерін өндіретін бірегей отандық кәсіпорын. Осы кешендерде жасанды интеллектіні алғашқы болып қолданысқа енгіздік. Яғни ЖИ жұмыс барысында операторға түрлі ақпараттарды жеткізіп тұрады. Бүгіндері кәсіпорында 100-ден астам адам жұмыс істейді, – деді «Engineering company WEST OIL» ЖШС аутоматтандыру жөніндегі инженері Евгений Бакулев.

DSC03952

Тәжірибе алаңында

Форум барысында «Цифрлық басқару және өңірлік жобаларды дамыту» тақырыбындағы пленарлық сессияға Алматы, Жамбыл және өзге де өңірлердің жобалық кеңсе басшылары қатысты. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев форум тәжірибе алмасуға және өңірлік байланыстарды жа-ңа деңгейге көтеруге зор септігін тигізеді деп атап өтті.

– Бүгінгі таңда мемлекеттік жобалық басқару стратегиялық мақсаттарды нәтижелі іске асырудың, ресурстарды оңтайлы бөлудің және мемлекеттік аппараттың жеделдігін арттырудың басты құралына айналды. Ал осы жүйені толықтай цифрландыру жұмыс тиімділігін мүлдем жаңа деңгейге көтереді. Цифрлық жобалық басқару мемлекеттік құрылымдардың қызметін ашық етіп, шешімдердің тек құрғақ есептерге емес, нақты деректер мен талдауларға сүйеніп қабылдануын қамтамасыз етеді. Біздің басты мақсатымыз – бюрократиядан ада, ашық, есепті және нәтижеге бағытталған мемлекеттік аппарат құру, – деді басқарма басшысы.

Облыстық ақпараттық технологиялар орталығының директоры Махамбет Сұлтанғалиев жобалық кеңсенің «Битрикс» және «Aimaq07» цифрлық жүйелеріне тоқталды. Мәселен, 2023-2026 жылдары аралығында «Битрикс» жобалық басқару цифрлық жүйесіне 279 жоба енгізілді. Оның ішінде 224 жоба аяқталып, 55-інің жұмысы жалғасып жатыр. Инвесторларды қолдау, жобалардың орындалу барысын бақылау және тә-уекелдердің алдын алу мақсатында «Aimaq07» цифрлық жүйесі қолданылады. Аталған жүйеге 654,7 млрд теңгені құрайтын 282 инвестжоба енгізілді. Соның ішінде 40 жоба жүзеге асқан.

«Қалалар мен өңірлердің цифрлық трансформациясы» пленарлық сессиясында мемлекеттік басқару үдерістеріне жасанды интеллектті енгізу, аймақтық ІТ-жобаларды дамыту мәселелері қаралды. «TORUS.KZ» ЖШС бас директоры Дәурен Ғабдуллаевтың айтуынша, компанияның CRMP.KZ платформасы арқылы ұйымдардың жұмысын жүйелеп, көптеген үдерісті аутоматтандыруға болады.

WEBAR.KZ платформасының көмегімен смартфонға арнайы қосымша орнатпай-ақ, қарапайым браузер арқылы 3D нысандарды, анимацияларды және интерактивті контентті көруге болады. Бұл компания өңірдің цифрлық экожүйесін қалыптастыру мақсатында gov07.kz жобасын ұсынып отыр.

– Цифрландыру мен жасанды интеллект – бүгінгі қоғамның даму бағытын айқындайтын негізгі технологиялардың бірі. Олардың тиімділігі тек уақыт үнемдеумен немесе қағазбастылықты азайтумен шектелмейді. Ең бастысы – адамның мүмкіндіктерін кеңейту, еңбек өнімділігін арттыру, шешім қабылдау сапасын жақсарту және жаңа экономикалық бағыттарды қалыптастыру. Мысалы, жасанды интеллект медицинада медициналық деректерді талдауға, өндірісте ақауларды анықтауға, ал мемлекеттік басқаруда азаматтардың өтініштерін өңдеу мен қызмет көрсету сапасын арттыруға көмектеседі. Дегенмен жасанды интеллект адамды толығымен алмастыратын құрал емес. Оны адамның жұмысын жеңілдететін, мүмкіндігін арттыратын көмекші технология ретінде қарастырған дұрыс. Сонымен бірге дербес деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік, алгоритмдердің дұрыстығы және цифрлық сауаттылық мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Батыс Қазақстан облысында да бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Меніңше, облыстың әлеуеті зор. Бірақ алдағы уақытта тек дайын цифрлық өнімдерді сатып алып, енгізумен шектелмей, өңірдің өзінде технология әзірлейтін IT-компанияларды, стартаптарды және жас мамандарды қолдау маңызды. Өйткені цифрлық экономиканың басты құндылығы – дайын технологияны пайдалану ғана емес, оны төл өнім ретінде әзірлеу, жетілдіру.

Біз, TORUS.KZ компаниясы, осы үдеріске үлесімізді қосуға мүдделіміз, – деді Дәурен Ғарипұлы.

Мақсат – цифрлық экономика құру

«DIGITAL AQJAIQ 2026» өңірлік форумында пленарлық отырыс өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысты. Жиында мұнай-газ секторында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «жасыл цифрландыру» жобалары, цифрлық экономика мен цифрлық теңгені енгізу мәселелері талқыланды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанды заманауи технологиялар мен жасанды интеллект дамыған алдыңғы қатарлы ІТ-мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндеттер қойды. Президент биылғы Жолдауында: «Біздің мақсатымыз – шын мәнінде халықтық цифрлық экономика құру», – деп атап өтті. Бұл – озық технологияларды экономиканың барлық саласына енгізіп, олардың нақты нәтижесін әрбір азаматтың игілігіне бағыттау қажеттігін айқындайтын маңызды міндет. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде өңірдегі 405 елді мекеннің 372-сі, яғни 92%-ы интернетке қосылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 50-ден астам тұрғыны бар 220 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу көзделген. Сонымен қатар 56 елді мекенде 5G байланысын дамытуға арналған 107 базалық станса орнатылды. Өңірде электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 98%-ға жетті. Орал қаласында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау жүйесі кеңейтіліп, республикалық аутожолдарда антеннамачталық құрылғылар орнатылуда. Шағын және орта бизнесті технологиялық тұрғыдан жаңғырту, цифрлық теңгені интеграциялау, мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану – біздің стратегиялық басымдықтарымыз. Технологиялық дамудың басты қозғаушы күші – білікті мамандар мен жаңашыл идеялар. Сондықтан біз Astana Hub мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңірлік ІТ-стартаптарды қолдауға, жас таланттардың әлеуетін ашуға және олардың тың бастамаларын жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Бүгінгі басқосу өңіріміздің цифрлық әлеуетін арттырып, жаңа серіктестіктер мен тың жобаларға жол ашады деп сенемін, – деген облыс әкімі Нариман Төреғалиев сала мамандарының білікті кәсіби қызметіне ризашылығын білдірді.

Бұл отырыста техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ БҚО филиалының директоры Жасұлан Жұмабеков, «ҚПО б.в.» компаниясының бөлім басшысы Айгүл Киреевалар баяндама жасады.

ҚР Ұлттық Банкінің Батыс Қазақстан филиалының директоры Қуанышбек Хамзиннің айтуынша, дүние жүзіндегі орталық банктердің 94%-ы цифрлық валютаны енгізу мәселесімен айналысуда. Қазақстанның Ұлттық банкі цифрлық технологияларды дамытудың жалпы әлемдік үрдісі аясында 2021 жылдан бастап цифрлық теңгені енгізуге ден қойған. Цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші нысаны. Ол токендерге негізделген модельден құралады. Елде цифрлық теңге бойынша екі пилоттық бағдарлама жүзеге асырылған. «Цифрлық теңге» жобасы бірыңғай технологиялық платформа құру есебінен ұлттық қаржы және төлем жүйесін жаңғыртуды көздейді. Нәтижесінде қаржылық қызметтердің қолжетімділігі кеңейіп, мемлекет қатысатын төлемдердің тиімділігі мен қаржы нарығының бәсекеге қабілеттілігі артады.

Форумның салтанатты бөлімінде облыс басшысы Нариман Төреғалиев өңірдің ІТ саласын дамытуға және цифрландыру үдерісіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан сала мамандарына марапаттар табыс етті. «Softlance» ЖШС құрылтайшысы Петр Лежников ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің бұйрығымен «Үздік цифрландырушы» төсбелгісімен марапатталды. Осы ведомствоның Құрмет грамотасын алғандардың қатарында «TORUS.KZ» ЖШС бас директоры Дәурен Ғабдуллаев, ҚазИжТЖУ ректоры Әліби Баяхов және басқалар бар. «ZHAIKCASPIAN GROUP» ЖШС директоры Ербол Құспанов, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының цифрландыру бөлімінің бас маманы Әсемгүл Зейінова және басқалар облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Сонымен қатар ІТ саласына қатысты өткен байқаулардың жеңімпаз-жүлдегерлеріне марапаттар табыс етілді.

Мәселен, жуырда АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен дрон футболы жарысынан жеңіспен оралған Оқушылар сарайының «USHAIYQ» командасы мен жаттықтырушыларына арнайы форма мен теледидар табысталды. Сондай-ақ Decentra-thon 6.0 республикалық хакатонның жеңімпаз командаларына 500 мың теңгеден сыйлық берілді. AI West Battle байқауының жеңімпаз-жүлдегерлеріне де ақшалай сыйлық берілді. Форумның соңы көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале