Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында ҚР Құрылтай депутаты Снежанна Имашева, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков және Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәдениет саласының өкілдерімен кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттарға қоса, ел дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе талқыланды.

Кездесуде мәдениеттің қоғам өміріндегі орнына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, шығармашылық бастамаларды қолдау, ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу және креативті индустрияны дамыту мәселелері сөз болды. Қатысушылар отандық мәдени өнімдерді кеңінен қолдау, талантты, шығармашылық адамдарға жол ашу, жағдай жасау туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, кәсіпкер-лікті қолдау, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және өңірлердің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар да әңгімеге арқау болды.
Жиында сөз алған ҚР Құрылтай депутаты Снежанна Имашева Жолдауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу міндеті қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану үшін ең алдымен білікті мамандар даярлау қажет. Бұл ретте жастардың заманауи білім алып, цифрлық дағдыларды меңгеруіне басымдық берілуі тиіс.
Сондай-ақ халық қалаулысы өз сөзінде Орал қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының әбден ескіргені туралы білетіндігін тілге тиек етіп, бұл мәселені «Халық құрылысы» бағдарламасы аясында көтеріп, шешу қажеттігін айтты.
Ал ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков экономикалық реформалардың негізгі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екенін айтты. Ол алдағы кезеңге жоспарланған бірқатар шараға тоқталды. Оның ішінде ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру, шағын бизнесті тексеруге қойылған мораторий мерзімін тағы үш жылға ұзарту, салық заңнамасын жетілдіру және отандық тауар өндірушілердің өнім өткізуіне қолайлы жағдай жасау мәселелері бар. Вице-министрдің айтуынша, бұл бастамалардың барлығы экономикалық белсенділікті арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев елде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Президент тапсырмасымен қолға алынған жобаның мақсаты – энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын жақсартып, саланың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
Оның сөзінше, Батыс Қазақстан облысында да осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыс атқарылған. Сондай-ақ ол «Халықтық құрылыс» бағдарламасына 6,5 трлн теңге қарастырылғанын, биылдың өзінде 1,5 трлн теңге бөлінетінін айтты. Мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыруда қаражаттың тиімді жұмсалуы мен құрылыс сапасына бақылау жасау маңызды. Осы мақсатта құрылыс барысы «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесі мен цифрлық құралдар арқылы қадағаланбақ. Вице-министр шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы жоспарлармен де бөлісті. Атап айтқанда, «Е-gov Business» платформасында кәсіпкерлерге арналған бірыңғай кабинет құру, мемлекеттік қолдау шараларын «бір терезе» қағидатымен ұсыну және экономиканы сценарийлік талдауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану көзделіп отыр.
Кездесу барысында мәдениет саласының өкілдері де өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин өңірдегі музей мен архив ғимараттарының бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, қолданыстағы ғимараттар ескірген, сондықтан облысқа заман талабына сай жаңа музей мен архив ғимараты қажет. Ал А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрдың өкілі мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін көтерді. Өйткені өнер мен мәдениет саласында еңбек ететін мамандардың әлеуметтік жағдайы, еңбегінің лайықты бағалануы – саланың дамуына әсер ететін негізгі мәселелердің бірі.
Жиын соңында делегация мүшелері мәдениет өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, айтылған ұсыныстар бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында көтерілген мәселелер мәдениет саласын дамыту тек шығармашылық бастамаларды қолдаумен шектелмейтінін, сонымен бірге оның материалдық әлеуетін нығайту, мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және тарихи мұраны сақтауды да қажет ететінін аңғартты.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»