16.11.2026, 12:30
Оқылды: 1

Су саласының сардары

Жақында «Қазсушар» РМК БҚ филиалы директорының орынбасары Талғат Қажғалиев «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов мекемеге арнайы барып, ведомстволық төсбелгіні ұжым алдында табыс етті.

WhatsApp Image 2026-11-09 at 11.03.52

Талғат Қорланұлы 1964 жылы 24 шілдеде Казталов ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң, 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, инженер-гидротехник мамандығын игерді.

Еңбек жолын 1981 жылы Жұлдыз кеңшарында бастады. 1990 жылдары Орал қаласында «Уральскмелиорация» басқармасында инженер болып қызмет етті. 1997 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасында бас маман қызметін атқарды. 1998 жылдан бастап «Қазсушар» филиалында екі жыл директордың орынбасары болды. 2000 жылдары «Спецстрой» және «Каир» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде прораб ретінде жұмыс істеді. Бұдан соң Орал қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы қызметіне ауысты.

2010 жылы «Батыссушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында бас гидротехник лауазымына тағайындалды. 2011 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында бөлім бастығы қызметін атқарды. 2012-2015 жылдары мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында бас маман – мемлекеттік құрылыс инспекторы болды. Бұл қызметте ол құрылыс сапасы мен заңдылықтың сақталуын бақылады. Одан кейін «Қазсушар» мекемесіне инженер болып оралды. Міне, он жылдан бері «Қазсушар» ШЖҚ РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары болып жауапты қызметті атқарып келеді. Облыстың су жүйесі мен гидротехникалық нысандарын қадағалау – жауапкершілігі зор міндет. Талғат Қажғалиев білімін тәжірибе жүзінде ұштастырған, жер, су, құрылыс сырына қанық маман. Әріптестері оны тәжірибелі, талапшыл және сөзіне берік басшы ретінде құрметтейді. Оның еңбек өтілі 40 жылдан асып кетті. Осы жылдар ішінде ол су шаруашылығы мен құрылыс саласының барлық сатысынан өтті. Талғат Қажғалиевтің өмір жолы – табандылық пен адал еңбектің үлгісі.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале