Орал қаласындағы №1 жалпы орта білім беретін мектепте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М. Байсаловтың қатысуымен «Адал ұрпақ - адал қоғамның кепілі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Е. Сафуллин, орта білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары, «Адал ұрпақ» клубының мүшелері және Департамент қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Департамент басшысы М. Байсалов жас ұрпақтың бойында адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту және білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелеріне тоқталды. Е. Сафуллин де өскелең ұрпақты адалдық пен әділдікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара аясында «Адалдық - адамдықтың белгісі» атты эссе байқауының I, II және III орын иегерлері Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы атынан марапатталды. Сонымен қатар, «Адал ұрпақ» клубының белсенді мүшелеріне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының атынан алғыс хаттар табысталды.
Кездесудің келесі бөлімінде орта білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және білім беру процесінің негізгі бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсету мәселелері қаралды.
Кездесу соңында қатысушылар білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық қағидаттарын сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты.
Мемлекеттік қызмет істері департаментінің БҚО бойынша департаменті