Жаңақала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Ұлттық валюта – теңге күніне және Қазақстан Республикасы қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев қаржыгерлерді арнайы қабылдады.

Шара барысында аудан басшысы қатысушыларды және қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде қаржы саласы – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі екенін айта келе, мемлекеттік бюджетті қалыптастыру, қаражатты тиімді жоспарлау, қаржылық тәртіпті сақтау және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін маңызды жұмыс екеніне тоқталды. Осы ретте ауданымыздың қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне, бюджеттің сапалы орындалуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген қаржы саласының барлық қызметкерлерінің еңбегі ерекше екенін атап өтті. Қызметкерлердің күнделікті атқарып жүрген жауапты жұмыстары ауданымыздағы әлеуметтік нысандардың жұмыс істеуіне, инфрақұрылымның дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететінін айтып, оларға шынайы алғыс білдірді.

Бүгінгі кәсіби мереке иелеріне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде, ауданның қаржы жүйесінің дамуына елеулі үлес қосып, қызметтік міндеттерін жоғары деңгейде атқарып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттау рәсіміне кезек берілді. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің 15 қараша қаржыгерлер күніне орай құттықтауына ауданымыз бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Асхат Абжанов, Жаңақала ауданы мәслихаты аппаратының бас маман-есепшісі Гүлзада Базарова, Пятимар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Назар Адиемов лайық деп танылды. Сонымен қатар, аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаевтың құттықтауына аудан бойынша мемлекеттік қазынашылық басқармасының бас маманы Асел Кенжеғалиева, «Халық Банк» АҚ Жаңақала ауданы бойынша филиалының контролер-кассиры Саида Махамбетова, аудан әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Айнагүл Салауатова, Мәстексай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Меңдібай Ещанов, аудандық мәдени-демалыс орталығының бас есепшісі Толқын Башанова, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есепшісі Жаңылсын Иманғалиева, білім беру бөлімінің есепшілері Лариса Медеуoвa және Айман Досқалиева ие болды. Салтанатты шара естелік фотосуретке түсумен қортындыланды.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы