17.11.2026, 20:00
Оқылды: 4

Ақсайда «Жастар» стадионы ашылды

 

Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында «Жастар» стадионының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудан тұрғындары үшін маңызды спорт нысанының ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының өкілдері, спорт саласының мамандары мен аудан тұрғындары қатысты.

image-17-11-26-07-39-3

Жиын барысында жаңа спорт нысанының ел игілігіне берілуінің маңызы айтылып, құттықтау сөз сөйленді. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Қарашығанақ кен орны мен «КПО б.в.» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып келе жатқан әлеуметтік жобаларға тоқталды.

image-17-11-26-07-39-4

– Біз КПО компаниясымен бірге облыс көлемінде көп жылдан бері түрлі жобаларды жүзеге асырып келеміз. 2024–2026 жылдар аралығында 24 жобаны іске асырдық. Соның бірі – міне, бүгін ашылып отырған «Жастар» стадионы. Бұл – жастарға жасалған үлкен мүмкіндік. Әлем чемпиондары осы жерден шығатынына сенімдіміз, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі алдағы кезеңде өңірде жүзеге асырылатын ірі құрылыс жобаларына да тоқталды. Мемлекет басшысы жариялаған Халықтық құрылыс жылы аясында бірқатар маңызды нысандардың құрылысы жалғасатынын атап өтті.

Оның айтуынша, облыс орталығындағы «Ақжайық» шағын ауданында жаңа құрылыс жобалары қолға алынбақ. Қазіргі уақытта емхана, мәйітхана және жедел жәрдем нысандарының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Шаған өзені арқылы жаңа көпір салынып, оны 2027 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған. Самара бағытына өтетін көпірдің құрылысы да басталмақ. Өңірде 15-ке жуық мектеп, перзентхана, көпбейінді аурухана және 12 мың орындық жабық стадион салу жоспарда бар.

– Мұның бәрі – алдағы уақытта жүзеге асатын ауқымды жобалардың бір бөлігі ғана. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау үшін құрылыс жұмыстарын жалғастыра береміз. Жаңа стадион барша Бөрлі ауданының тұрғындарына құтты болсын! Осы жерден талай чемпион шыға берсін! – деп өңір басшысы ақжарма тілегін жеткізді.

image-17-11-26-07-39-6

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі бастаған мәртебелі меймандар стадион аумағын аралап, спорттық нысандардың жұмысымен танысты. Әсіресе ұлттық спорт түрлеріне арналған алаңдар қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ұлттық құндылықтарға деген құрметтің жарқын көрінісіндей, облыс әкімі мен өзге де қонақтар асық атып, садақ тартып, өз шеберліктерін де байқап көрді. Бұл сәт шараның мазмұнын байытып, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырудың маңызын көрсетті.

image-17-11-26-07-39-7

Жалпы аумағы 1,87 гектарды құрайтын «Жастар» стадионы заманауи спорттық және демалыс инфрақұрылымымен жабдықталған. Нысан аумағында 1 455 шаршы метрлік садақ ату алаңы (лукодром), 4 224,45 шаршы метр жасанды жабынды төселген аумақ және 113,24 шаршы метр көгалдандырылған жер қарастырылған.

image-17-11-26-07-39-5

Стадионда жазғы лига футболына, баскетболға, шағын футболға, волейбол мен үлкен тенниске арналған әмбебап алаңдар бар. Сондай-ақ жағажай футболы мен жағажай волейболына арналған алаңдар, Street Workout аймағы, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, балалар ойын алаңы және ұзындығы 400 метрлік төрт жолақты жүгіру жолы қарастырылған. Бұған қоса, әкімшілік ғимарат пен садақ атуға арналған арнайы спорт залы да бой көтерген.

Жаңа спорт кешенінің жобасына тапсырыс беруші – Бөрлі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, құрылысқа тапсырыс беруші – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы. Ал құрылыс жұмыстарын «Қалдығайта» ЖШС атқарған. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылғы 24 қарашада басталған.

image-17-11-26-07-39

«Жастар» стадионы – тек спорттық жарыстар өткізетін орын ғана емес, аудан тұрғындарының басын қосатын, жас ұрпақтың спорттық әлеуетін арттырып, бұқаралық спорт мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қоғамдық кеңістік. Мұнда балалар мен жасөспірімдер спортпен тұрақты айналысып, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алады.

IMG-20261117-WA0080

Жаңа нысанның ашылуы Ақсай спортының дамуына тың серпін беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады деген сенім мол. Ендеше, «Жастар» стадионы жарқын бастамалар мен толағай жеңістердің мекеніне айналсын!

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

IMG-20261117-WA0079 IMG-20261117-WA0078 IMG-20261117-WA0077 IMG-20261117-WA0076 IMG-20261117-WA0075

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале