Дәл қазір Хан ордасында «Егер Бөкей көшпесе...» атты республикалық ақындар айтысы басталады.

Биыл Бөкей Ордасының құрылғанына 225 жыл толды. Осыған орай, ұйымдастырылған «Егер Бөкей көшпесе...» атты республикалық ақындар айтысына еліміздің әр өңірінен белгілі айтыскер ақындар арнайы келді.

Ұлттық өнерді ұлықтаған дүбірлі додаға келгендердің қатарында қызылордалық Мұхтар Ниязов, шымкенттік Қажымұқан Абзалов, түркістандық Бекарыс Шойбеков пен Нұрмұхамбет Жақып, ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова, қостанайлық Айбек Қалиев бар. Сондай-ақ біздің облыстан Жансая Мусина, Бауыржан Ширмеденұлы, Айнабек Бисенғалиев, Талғат Мықи сынды белгілі ақындарымыз сөз сайысын қыздыра түседі деп күтілуде.

Республикалық деңгейдегі бұл өнер додасында ақындар Бөкей ордасының тарихын, елдік пен ерлікті, туған жер тағылымын жырларына арқау етпек. Бөкейліктер асыға күткен бұл айтыс көрерменге ұлттық өнердің құндылығын насихаттап, Бөкей тарихына деген қызығушылықты арттыра түсері сөзсіз. Тарихи өлкеде өткелі жатқан айтысқа көрермен көп жиналуда.
Гүлжамал Жолдығали
«Орал өңірі»