2.10.2026, 15:45
Оқылды: 11

Сарыкөл ауылдық клубы пайдалануға берілді

Жаңақала ауданына қарасты Сарыкөл елді мекенінде жаңа клуб есігін айқара ашты. Бұл — облыста 2023 жылдан бері салынған он алтыншы мәдениет нысаны. Шалғай ауыл тұрғындарының қуанышына аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат депутаты, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Ербол Салықов ортақтасты.

WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.30

Сарыкөл ауылы облыс орталығынан 300 шақырымдай шалғайда жатыр. Мұндағы мәдениет нысаны апатты деп танылған. Бас-аяғы 5 айдың ішінде жаңа ғимарат бой көтерді. Ауылдық клубтың ашылу рәсімінде тұрғындарды облыс әкімі құттықтады. Аймақ басшысы жас ұрпақтың талабын танып, талантын ұштау маңызды міндет екенін атап өтті.

WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.32 (2)

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қала мен ауыл мектептеріндегі айырмашылықты азайту жөнінде нақты міндеттер қойды. Жаңа оқу жылында біз ауылдық елді мекендерде 8 мектепті пайдалануға бердік. Бұл тапсырма тек білім сапасына ғана қатысты емес. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау, оларды өнерге баулу да — біздің міндетіміз. Бүгін шалғай ауылда ашылған шағын клуб елді мекеннің мәдени-рухани тынысына соны серпін беретініне сенім мол, - деді Нариман Төреғалиев.

WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.32

Мәдениет үйіндегі концерт залы 80 орынға лайықталған. Мердігер ұйым музыкалық аппаратура мен сахна жабдығын сыйға тартқан. Клубта төрт үйірме жұмыс істейді. Ауылдық кітапхана да осында орналасқан. Әжелер мен келіндер ансамбльдері мәдени-рухани шаралардың ұйытқысына айналды. Тұрғындар игілікті істің басы-қасында болған азаматтарға алғыс айтты.

WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.33

- 22 жылдан астам уақыт осында клуб меңгерушісі болып жұмыс істедім. Біз қамыс пен қи, кейін көмір жақтық. Сол кездер мен қазіргі жағдайдың арасы жер мен көктей. Уақыт талабына сай су жаңа ғимарат салынды. Қуанышымызда шек жоқ, - деді мәдениет саласының ардагері Меңсұлу Рамазанова.

WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.32 (1)

Ауылдық клубтың айналасы абаттандырылған. Көшеттер отырғызылып, бейнебақылау камералары қойылған. Айта кетейік, өңірде тағы 3 мәдениет үйі салынып жатыр.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.31 (3) WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.31 (2) WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.33 (1) WhatsApp Image 2026-10-02 at 16.21.33 (2)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале