Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беріп отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Сырым ауданында да өз нәтижесін көрсетуде.

Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиевтің мәліметінше, 2025 жылы ауданға 320,8 млн теңге қаралып, 57 жоба және 94 жұмыс орны жоспарланған. Нәтижесінде 19 несие алушы 313,4 млн теңге қаржы алды. Оның ішінде мал шаруашылығына 184,9 млн теңге, қайта өңдеуге 15,9 млн, шағын бизнеске 17,1 млн теңге бағытталды. Лизинг бойынша да 95,5 млн теңгенің қаржысы игерілді.
2026 жылы ауданға 274,2 млн теңге қаралып, 24 жоба іске асып, 45 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде 139 млн теңгенің 7 жобасы мақұлданып, тағы 78,3 млн теңгенің 8 жобасы қаралуда. Бір сөзбен айтқанда, миллиондар – кәсіпке, жобалар – жұмысқа, ал бағдарлама ауылдың дамуына бағытталуда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің бірі – Меруерт Жексембаева. Қазақ келіндерінің қолынан үйінің шуағы болу да, бизнестің гүлі болу да келеді.
Ол Жымпитыдағы жеке салонында шаш қияды, бояйды, сәндейді. Қас түзеп, кірпік ұзартатын, макияж жасайтын қыз-келіншектер де оның бос уақытын күтіп тұрады.

Кешке салонның есігін жапқанымен, Меруерттің жұмысы аяқталмайды. Үйге жеткен соң отбасының қамына кіріседі. Ас әзірлеу, балалардың сабағын қарау, үйдің шаруасын реттеу – күнделікті міндеті.
Оның өмірінде отбасы мен кәсіп бір-біріне кедергі емес, қатар өріліп келе жатқан екі арна секілді.
Меруерттің кәсіптегі жолы бір күнде басталған жоқ.
Негізгі мамандығы – педагог-психолог. 2008 жылы бастауыш сынып педагог-психологиясы мамандығын сырттай оқыған. Алайда тағдыр оны өз мамандығымен емес, жүрек қалауымен еңбек етуге жетеледі.
Шаш сәндеу өнеріне деген қызығушылығы үнемі көңілінде жүрді. Ақыры 2017 жылы Орал қаласына колорист мамандығын меңгеруге оқуға барып, шаш бояу, қию және сәндеу өнерін кәсіби тұрғыда үйренді. Содан бері тоғыз жыл бойы осы саладан қол үзбей келеді.
Алғашқы клиенттері – құрбылары. Кейін қызметін тұрақты тұтынушылардың қатары көбейді.
- Сапа — басты басымдық. Кәсіпті еріну мен немқұрайлылық кері тартады. Мен мүмкіндігімше салонымның есігін ашқан адамға қызмет етуге тырысамын. Бір күнде 20 адамның шашын қиып, бояп, 90 мың теңге пайда тапқаным бар. Менің табысым — жанұямның кірісі. Адал еңбекпен тапқан ақша ас болады, - дейді ол.
– Күні бойы екі аяқтан тұрып шаршайсың. Бірақ жұмысым өзіме қатты ұнайды. Сондықтан шаршағаныңды да ұмытып кетесің. Аллаға шүкір деймін, – дейді Меруерт.
Оның кәсібіндегі ең маңызды дүние – клиенттің көңілінен шығу.
- Әр клиентім мен үшін туысымдай болып кеткен. Мен оларға тек шаш сәндеп қана қоймай, қуаныш сыйлап тұрамын. Олардың айнадан өзіне қарап күлімдегенін көрсем, шаршағанымның бәрі ұмытылып кетеді, – дейді ол.
Жылдар өте кәсібін кеңейтуге мүмкіндік туды. 2025 жылы Меруерт Жексембаева «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 млн теңге несие алып, сұлулық саласына қажетті арнайы құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір оның сұлулық салонына арналған жеке меншігінде ғимараты бар.
Меруерттің кәсібін дамытуына отбасының қолдауы да ерекше. Ол ата-енесімен бір шаңырақта тұрады. Жолдасын өзінің ең үлкен қолдаушысы санайды. Бұған дейін ғимараттарды жалға алып жүрген Меруерт ханым былтыр жеке салон ашты. Әрине, отағасының қолдауымен.
Бүгінде «Аружан Салон» ауыл тұрғындарына бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Мұнда қас коррекциясы, кірпік ұзарту, макияж және бет әрлеу, заманауи шугаринг қызметтері ұсынылады. Сонымен қатар шаш бояу, кератинмен түзету, ерлердің шашын қию сияқты қызмет түрлері де бар.
Салон атауының да өзіндік тарихы бар. Аружан – осы үйдің қызының есімі.
Меруерттің бір күні осылай өтеді. Бірақ оның тіршілігін тек салондағы еңбегімен өлшеу аздық етеді. Ол – бір мезетте кәсіпкер, ана, жар, келін.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы