3.10.2026, 15:00
Оқылды: 52

Бөкей даласын дүбірге бөлеген тойдың ат жарысы қорытындыланды

Бөкей ордасы ауданында ұйымдастырылған Хан жәрмеңкесі аясындағы Батыс аймақтық ат жарысы қорытындыланды.

IMG-20261003-WA0036_edit_34154646443063

Фото: Мәди Салық

Дала төсін дүбірге бөлеп, аудан мерейін арттырған тойдың дала қызықтары көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, елдің рухын көтерді. Кең дала төсінде ұйымдастырылған ұлттық ойындар мен ат спорты сайыстарына жүйріктерін баптаған шабандоздар қатысып, өзара мықтыны анықтады.

InShot_20261003_155114214

Жиналған жұртшылық қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының қызығын тамашалап, шабандоздардың шеберлігіне куә болды.

Аламан бәйге, топ бәйге, құнан, тай бәйге секілді ат жарыстары мерекенің ажарын аша түсті. Додаға қосылған сәйгүліктердің жүйріктігі мен шабандоздардың ептілігі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

IMG-20261003-WA0045

Ат жарысының қорытындысы бойынша тай бәйгесінде 3-орынға Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылынан М. Бұхаровтың тайы келсе, екінші және бірінші орын саралжындық Халиақбаровтарға бұйырды.

Құнан бәйгеде 3-орынды ұялылық Сәрсенғалиевтердің, 2-орынды жәнібектік Миралиевтердің тұлпары иеленсе, 1-орынға мұратсайлық Бақытбай Азаттың сәйгүлігі оза шапты.

Ал топ бәйгеде оза шапқан бөрлілік И. Айтмұқашевтың аты 3-орынға, атыраулық Ғ. Сұлтановтікі 2-орынға, оралдық Қ. Мадиярдың жүйрігі 1-орынға ие болды. Жеңімпаздарға қаржылай және заттай бағалы сыйлықтар берілді.

IMG-20261003-WA0044_edit_34166041169570

Көпшілік асыға күтіп, темір тұлпар тігілген аламан бәйгеде казталовтық Ж. Стамғазиевтің тұлпары оза шауып, 3-орынды тізгіндесе, 2-орынды Маңғыстау облысынан келген А. Қалбаевтың сәйгүлігі иеленді. Ал 1-орын және Kia Soluto ныспылы аутокөлік маңғыстаулық Үсенбай Қалдамановқа бұйырды. Екінші орынға мотоцикл, үшінші орынға квадроцикл берілді.

Дала төсіндегі думан тек спорттық жарыстармен шектелмеді. Арқан тартыс та ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар арқылы кейінгі ұрпаққа атадан балаға мирас болған салт-дәстүрді танытуға ерекше мән берілді. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жастар ұлттық өнер мен атбегілік дәстүрдің қыр-сырын тамашалады.
Мерейтойлық шаралар барысында ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру басты назарда болды. Бөкей ордасының 225 жылдығына арналған дала думаны осылайша көпшілік көңілінен шығып, тарихи мерейтойдың мазмұнын байыта түсті.

Гүлсезім Бияшева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале