Бүгін Орал қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында сенбілік өтті.

Фото: Ясипа Рабаева
Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, қала әкімі Мұрат Байменов және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Олар Абай даңғылының бойында 22 қайың аққайың көшетін отырғызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021-2027 жылдары елдегі орман қорларына 2 млрд ағаш отырғызылуы тиіс. Ал облыста 15 мың гектарға 56 млн түп ағаш егілу керек. Облыс басшысы Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бүгіндері 10 мың гектардан астам жерге 39 млн түп ағаш отырғызылған. Қалған 16 млн-ға жуық ағаш алдағы жылдың соңына дейін мемлекеттік орман қорларының жеріне егілмек. Сондай-ақ елді мекендерде 47 мың түп ағаш егілуі тиіс болса, соның 37 мыңы отырғызылған.

– Қыркүйектің 26-сында өңірде тазалық айлығы басталды. Қаладағы гүлзарлар мен саябақтарда, жол жиектерінде кесілген ағаштардың орнына, бос жерлерге ағаштар отырғызылып жатыр. Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» акциясы бір күндік, әлде бір айлық акция емес. Ол әрдайым жалғаса береді. Аудан-ауыл, қала әкімдеріне жыл сайын жасыл желек көлемін ұлғайтуға тапсырма берілді. Орал шаһарының дендрожоспары жасалды. Онда қаладағы барлық ағаш есепке алынды. Сол деректерге сүйенсек, облыс орталығында 109 мың ағаш бар. Енді қала тұрғындары есік алдындағы, көпқабатты үйлердің айналасындағы ағаштарды себепсіз кесе алмайды. Ол үшін арнайы комиссияның рұқсаты қажет. Халықтың тазалық мәдениеті жақсы қалыптасып келе жатыр. Десе де, әркім өзінің үйінің алдындағы тазалықты сақтап, жасыл желекті күтіп ұстағаны жөн, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.
Биыл қалада демеушілердің көмегімен 15 гүлзар пайдалануға берілді. Бұл үрдіс келесі жылы да жалғаспақ. Келесі жылы көктемде Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағы толық абаттандырылмақ. Шаған өзенінің іргесі бекітіліп, өрнектастар ауыстырылады.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллинің айтуынша, қала аумағындағы бүгінгі сенбілік барысында сегіз аумақта ағаш егіліп, үш жер күл-қоқыстан тазартылды. Шамамен 200-ден астам шырша, туя және аққайың түптері егілді. Биыл қалада 5200 түп ағаш егу жоспарланған, соның 4 мыңнан астамы отырғызылды.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz