6.10.2026, 16:30
Оқылды: 8

Күйдің тылсым әлемі

...Біздің, яғни ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары өмірге келген ұрпақ өкілдері балалық шағымызды қызықты өткендей сезінеміз. Қаймағы бұзылмаған қазақи ауылда өсіп-өндік. Әр ауыл-аймақ ұлтанды ел, өзінің әлемінде өмір сүретіндей көрінетін. Елдің сыйлы қариялары болатын. Олардың дені Ұлы Отан соғысының ардагерлері еді. Жүріс-тұрыстары, сөз саптауы, өмірлік ұстанымдары – бәрі бір төбе. Ел басқаратын азаматтар, қадірлі ұстаздар, кеудесі орден-медальға толы малшы-шопандар мен механизаторлар біздің балаң дүниетанымымызда әрқайсысы бір-бір тұлғадай көрінетін.

d23c1de6-c642-4228-928b-7d41901072a3

Менің ата-анам да осы жасампаз еңбектің ортасында біте қайнап, шаруашылықтың қамымен таңның атысы, күннің батысы қызметте жүретін. Халықтың тұрмысы бүгінгі күнмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болғанымен, біз «жоқ» немесе «жетпей жатыр» деген сөздерді көп естімей өстік. Бәлкім, «жоқ» деген сөзді естімей өскеніміздің өзі бізді бақытты сезіндірген шығар.

Адам төрт-бес жасынан есін біліп, айналасында болып жатқан оқиғаларды санаға тоқып бастайды ғой. Сол кездердегі талай көрініс әлі күнге дейін айдай анық есімде. Әкеміз ерте тұрып жұмысына кететін. Үйдің барлық тауқыметі анам жарықтықтың мойнында еді-ау. Әдейі бала қарап отыратын уақыты жоқ. Сөйте тұра, ішкі-сыртқы шаруаның бәрін тындырып-ақ жүретін.

Мені кейде үйде жалғыз қалдырып, радиоға пластинка қосып кететін. Есімде, тартпа толы күйтабақ болатын. Оларды қайдан, қалай жинағандарын білмеймін, бірақ біз үшін әр пластинканың орны бөлек еді. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», күй атасы Құрманғазының күйлері, оның өмірбаяны, шығармаларының шығу тарихы жазылған күйтабақтар... Соларды тыңдап өстік. Қала берді, анам жарықтық ескі әңгімелерді көп айтатын, талай жырды жатқа білетін. Бала болған соң таңғалатынбыз:

– Апа, мұның бәрін қашан жаттап алғансыз? Қалай ұмытпай, есіңізде сақтайсыз? – деп сұрайтынбыз. Осылайша мектеп жасына дейін балабақша көрмедік. Анамыздың, нағашы әжеміздің аяулы алақанында өсіп-өндік.

Біздің ауылға тән тағы бір көрініс – әр үйдің төрінде қазақтың қара домбырасы ілулі тұратын. Қазақтың домбырасы мен күйі туралы ойлағанда, Қадыр ақынның:

Екі ішектің бірін қатты,

Бірін сәл-пәл кем бұра.

Қазақ  нағыз  қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра! - деген жыр жолдары еске түседі. Домбыраның қазақ үшін қандай қастерлі екенін Қадыр ақыннан артық ешкім жеткізе  алмас!

Бәлкім, менің күй өнеріне деген ықыласым да сол бала кезден қалыптасқан шығар. Ол кезде күйдің тарихын, оны шығарған күйшілердің тағдырын түсінбесек те, күйтабақтан төгілген әуенді тыңдап ержеттік. Жылдар өте келе сол бала күнгі әсердің адам өмірінде өшпес із қалдыратынын түсіндім. Бүгін қолыма қалам алып, соңғы отыз жылдық өмір жолымда күй өнерімен байланысты болған ұмытылмас сәттерді естелік ретінде қағазға түсіруді жөн көрдім.

*  *  *

1996 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң, туып-өскен ауылым – Жаңақала ауданының «Пятимар» асыл тұқымды жылқы шаруашылығында жас маман болып еңбек жолымды бастадым. «Кез келген ұрпақ – өзі ғұмыр кешкен кезең үшін өткен мен болашақ арасының жанды көпірі» дегендей, сол жылдары аудандық газеттен Қазақстанның құрметті журналисі, өлке тарихын, ел адамдарын, көнекөз қариялардың әңгімесін жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізген қаламгер, соғыс және еңбек ардагері Мәжит Жадановтың «Құдіретті күйші еді» деген мақаласын оқыдым. Мақалада күй атасы Құрманғазының шәкірті, дәулескер күйші Мәмен Ерғалиұлының Пятимар ауылында дүние салғаны туралы жазылыпты. Оқып отырып шын мәнінде таңғалдым. Өйткені, бұл – мен туып-өскен ауылдың тарихына қатысты өте құнды дерек еді. Сол мақаланы сақтап қойыппын. Мақаланың соңғы азат жолында былай деп жазылған екен:

«...Сөйтіп, күйші 1930 жылы Пятимар (Бесқалмақ) ауылында тұратын қызының үйіне келіп қайтыс болды. 1958 жылы осы Пятимарға, Қызылоба бекетіне, Аққұс бөлімшесіне барып, ондағы ел-жұрттан Мәменнің бейітін сұрадым да, іздеп таба алмадым. Көнекөз қариялар да білмеді. Сол бір ауыр жылдарда жоқшылықтан қолы байланған қызы аяулы әкесіне ешқандай белгі қоя алмаған болар. Десек те, қазақтың күйшілік өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Мәмен Ерғалиевтің келер ұрпақтың рухани ықылас-ілтипатына бөлене беретіні сөзсіз». Осы ақпараттан кейін Мәмен бабамыздың жерленген жерін табу жөніндегі ой маза бермеді. Үлкендермен кездескен сайын осы мәселені сөз ететінмін. Көнекөз қариялардан сұрастыратынмын. Бірақ нақты жауап табыла қоймады.

Арада он бір жыл өтті. Абырой болғанда, он бір жыл дегенде аяқ астынан бір ақпарат құлағыма тиді...

*  *  *

2007 жылдың шілде айы. Ол кезде туған ауыл-аймағымның тізгінін ұстап, ауыл әкімі болып қызмет атқарып жүрген кезім. Ауылымыздың бір бөлігін жұрт «Төрт жақ» деп атайды. Неге олай аталғанына ешкім мән бере қоймайтын. Сол «Төрт жақта» тұратын 85 жастағы Қания деген әже бір қонақтықта күйші Мәмен туралы айтып қалды дегенді естідім. Осы ақпарат тыныштық бермей, барып өз құлағыммен естиін деп ұйғардым.

Бір күні түске дейін жұмыстарымды реттеп тастап, атқосшым Бекболат Арыстанов деген азаматқа:

– Әже ауылда ма екен, біліп келші. Егер үйде болса, әжеге түсіндіріп айт, Бауыржан баласы жолыққысы келеді. Кешкі сағат бестерде ауылда «бестің шайы» деген болады ғой. Сол бестің тәтті шайына барып, әжеге амандасып, әңгімесін өз аузынан естиін, – дедім.

Жоғарыда атап өткенімдей, ауыл-аймағымыз ұлтанды ел – сол жерде туып-өскен, көпке сыйлы, бетке ұстар азаматтары бар ел болатын. Сондай азаматтардың бірі әрі бірегейі – Кереев Теміреш деген азамат еді. Сол тұста ол ауылдық мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқаратын. Барлық саналы ғұмырын өнерге арнаған, аудандық оркестрдің бас домбырашысы болған Теміреш ағаның өнердегі орны да бөлек еді. Қания әжемен әңгіме-дүкен құруға Теміреш ағаға және Темақаңның жалғыз ұлы Қайратты, әкесінің жолын қуып, өнерге бет алған жас азаматқа «Бірге барайық» деп қолқа салдым. Әрі Қайратқа арнайы тапсырма бердім:

– Кездесудің барлығын бейнетаспаға түсіріп, жазып ал. Қания әженің айтқан әрбір сөзін кейін қайта тыңдап, қажет болса, сол кездегі әңгімені еш өзгертпей қағазға түсіруіміз керек, – дедім.

Кешкі сағат бес таяған соң жиналып, Қания әженің үйіне қарай «Төрт жаққа» бет алдық. Барсақ, әжеміз алдымыздан шығып қарсылап, айналып-толғанып, бетімізден сүйіп, қош алды. «Төрге шығыңдар», – деп төрге шығарды. Ыстық бауырсақ пен шай әзірлеп қойған екен. Аман-саулық сұрасып, дастарқан басына жайғасқан соң, мен бірден мәселені қабырғасынан  қойдым.

– Әже, сіздің күйші Мәмен туралы айтарыңыз бар екенін естіп, арнайы келіп отырмын. Не білесіз, бізбен бөліссеңіз, – дедім. Қания әже ойланбастан:

– Ол менің нағашым, – деп қойып қалмасы бар ма?! Мен елең ете қалдым.

– Қалай, нағашыңыз? – дедім аң-таң болып. Содан Қания әже жайлап отырып, Мәмен туралы бар білгенін алдымызға жайып салды.

– 1930 жылдардың шамасы, мен ол кезде бар болғаны сегіз жасар қыз баламын. Бірақ Мәмен нағашымның келгені, иығындағы шапаны, шоқша сақалды болғаны  бәрі көз алдымда, – деп әңгімесін бастады. Қасында кемпірі және қолында домбырасы болды, – дейді. – Ой, ол кісінің домбыра тартысы бөлек еді, – деп тоқталып кетті. Бір деректерде ауырып қызына келді деп айтылса, әжеміз: «Оның неге келгенін білмедім», – деп әңгімесін жалғастырды.

– Аштық жайлаған заман болды ғой. Мүмкін, ағамды сағалап келген болар. Ағамның тәуір қызметі бар еді, – деп әңгімесін өрбітті.

«Ағам» деп әңгімесін айтып отырғанда, сөзін бөлмедім. Кейін анықтасам, Қания әжеміздің өзі екі жасында ата-анасынан айырылып, жақын аға-жеңгесінің қолында өссе керек. Білуімше, ол кісілерге жұмыс тауып беріп, жұмысқа орналастырған. Алайда бес-алты айдың төңірегінде қайта үйге келген.

– Ауырып келді, ісініп кеткен. Ол кісінің аштықтан ба, аурудан ба ісінгенін білмедім, баламын ғой. Көп кешікпей қайтты, – деді. Ендігі негізгі мәселе қайда жерленгенін білу еді.

– Әже, жерленген жерін білесіз бе? – деп сұрадым.

– Неге білмеймін? Білемін! – демесі бар ма?!

– Қайда жерленген?

– Осы «Төрт жақтың» ескі қауымында.

– Ол қашық жер емес қой. Барып, көріп, атаның басына дұға етсек қалай, әже? – дедім мен.

– Балам, бүгін күн кешке айналды. Мүмкін, келесіде барсақ. Кешкі ғұрым нағашымның басын мазалап... – деді әже.

– Әже, аруағы кешірсін, ертеңге қалдырмайық. Не болса да, бүгін барып көрейік, – деп қоймадым.

– Жарайды, онда, – деді әже.

Сөйтіп, үлкен ұлы Ержан ағаны да бірге ертіп, ескі қауымға қарай жол тарттық.

Жолда әже маған:

– Балам, сен тентек Кеңесті білесің ғой? – деді.

– Иә, білемін, – дедім.

– Сол тентек Кеңестің әке-сінің алдыңғы бетінде нағашымның бейіті, – деді әже. Көп қашық жер емес екен, әп сәтте  жетіп бардық. Көліктен түскеннен кейін:

– Анау ескі бейітті көріп тұрсың ба? – деді әже.

– Иә, көріп  тұрмын.

– Сол Кеңестің әкесінің бейіті. Ал мына жер – нағашымның жерленген жері, – деп көрсетті. Ешқандай белгі қойылмаған екен. Баласы Ержан аға екеуміз кейін өзіміз танитындай етіп белгі қойып, Мәмен атаның басына Құран бағыштап, дұға жасадық. Сөйтіп, жарты ғасыр бойы табылмай жүрген іздегеніміз табылды. Ерекше бір сезіммен көлікке отырып, үйімізге қарай жолға шықтық.

*  *  *

Қазақтың күй өнерін зерттеп, санғасырлық күй мұрасын жинақтап, жүздеген күйшінің есімі мен өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізген ғалым, этнограф жазушы Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінің орны ерекше. Оның Мәмен туралы жазғандары менің күйшінің өмірі мен өнеріне деген қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті.

c4e2f29e-e80a-4fb8-a7eb-9352f7e739a5

«Құрманғазының тікелей алдын көріп, тәлім алған төл шәкірттерінің қатарында Дина, Ерғали, Меңдіғали, Мәмен, Көкбала, Сүгірәлі, Меңетай сияқты күйшілер бар», – деп жазады ғалым. Сол шәкірттерінің ішінде дарынды күйшілігімен танылғандардың бірі – Ерғалидың Мәмені (1859–1931).

Мәмен өзіне дейінгі күй-шілік дәстүрді меңгеріп қана қоймай, аста-төк өнерін кейінгі буынға аманат еткен дәулескер күйші болды. Оның тағылымын алған шәкірттерінің қатарында Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов секілді дарынды домбырашылар бар. Қали Жантілеуовтің 14 жасынан бастап Мәменнің жанына ергені, ұстаз бен шәкірт арасындағы ұлы сабақтастықтың бір дәлелі. Мәменнің өмірі мен өнері жайлы осындай деректерді білген сайын, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге деген жауапкершілігім де арта түсті.

Ендігі мәселе – табылған деректі аяқсыз қалдырмай, жарыққа шығару еді. Бар тапқан-таянған дерек-дәйегімді жиып-теріп, санамда және бір пысықтап,  ұзақ жыл аудан әкімі қызметін атқарып, ел басқарған ұстазымыз Төлеген Тастайұлының алдына бардым. Барлық жағдайды баяндап, ұзақ отырып сөйлестік. Әңгіме нәтижесінде Төлеген аға көзімше Алматыға Қаршыға Ахмедияровқа телефон соқты. Амандық-саулық сұрасқан  соң:

– Ал бізде үлкен жаңалық болып тұр, Қаршеке. Құрманғазы бабамыздың тікелей шәкірті Мәмен атамыздың жерленген орны табылды, – деді. Ар жағындағы өнер адамының эмоциясы да бөлек қой. Қаршыға ағамыз бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдады.

– Төке, мен кешікпей жолға шығамын, – деген сөздерін естіп отырдым. Сөйтіп, сүйінші хабарды Алматыға, күй құдіретіне табынған өнер адамдарына жеткіздік. Арада бір аптаға жетер-жетпес уақыт өтті. Төлеген аға телефон соқты.

– Ал, Қаршыға ағаң жолға шыққан. Атырауға ұшып келеді. Таңертең ертемен көлікпен жолға шығады, түске дейін келіп қалар. Мен ауылда бола алмайын деп тұрмын, өзің күтіп аларсың, – деді.

– Жақсы, мақұл, – дедім.

Ол кезде ауылдан шықпаған қарапайым ауыл баласымыз ғой. Қазақтың Қаршығасы ертең үйіме келіп түседі дегенді естіп, кішкене абыржып қалдым да, дереу әзірлікке кірістім. Қойымды сойып, барымша күтініп отырдым. Айтқандай, түскі сағат он екілер шамасында үйдің алдына бір «Джип» келіп тоқтады. Алып-ұшып алдарынан  шықтық.

– Төкең «Бауыржан деген ініңіз қарсылап алады», - деп еді, сіз бе? – деп сұрады да:

– Мен Қаршыға ағаң боламын, – деп танысып, аман-саулық сұрастық. Жолда көліктің әйнегіне тас тиіп, сынып қалыпты. Көліктің ішіне шаң кірген.

– Жуынып алатын душың бар ма? – деп сұрады.

– Бар, бар, – дедім. Сөйтіп, сырттағы душқа жуынып алып, үйге кірді.

Төрге жайғасқан соң:

– Ал, Бауке, баянда, нендей жағдай? – деді.

Мен барлық жайды рет-ретімен баяндап бердім. Әңгімемді тыңдап болған соң:

– Ал онда үлкен кісіге, әжеңе барайық, – деді.

– Ас әзір тұр, аға, – десем:

– Алдымен сонау жерден келіп тұрмын ғой, үлкен кісімен кездесіп, барлық мәселенің анық-қанығына жетіп алайық. Асты сосын жесек, – деді.

– Онда мен көлікті жіберіп, Қания әжені үйге алдыртайын, – дедім.

– Үлкен кісіні ренжітіп алмаймыз ба? – деді.

– Жоқ, мінезі өте жақсы адам, – дедім.

– Ал олай болса жақсы, сенің айтқаның болсын, – деді.

Көп кешікпей әже де келді. Содан Қания әжені сұрақтың астына алып, бір сағаттың үстінде әңгімелесті.

Менің бір сүйсінгенім, әжеміздің күй өнерінен жақсы хабары бар екен. Үлкен кісі Қаршыға Ахмедияровпен тақырыпқа байланысты сауатты пікір алмасты. Әңгіме барысында Қаршыға аға өзіне керек жауаптарын алып, күмәні сейіліп, көзі жетіп, көңілі орнына түсті. Бір мезгілде:

– Ал, Бауке, асыңды әкеле бер. Енді көсіліп отырып, асыңды жеуге болады, – деді.

Қаршыға аға ауылымызда екі күн аялдады. Екі күннің ішінде «Мынаны көрейін, мына кісімен кездесіп сөйлесейін» деген өтініштерінің бәрін қолдан келгенше орындауға тырыстым. Ауылдың үлкен-кішісімен кездестіріп, өзі жолығуды қалаған адамдарымен жолықтырдым. Мәмен атамызға қатысты деректерді нақтылап, көптен бері көңілде жүрген шаруаларды бірге пысықтадық. Енді Қаршыға ағаның жолға шығатын уақыты да келді. Қоштасар сәтте:

– Ат арылтып алыстан келгеніме өкінбеймін, үлкен шаруа бітті. Ендігі мәселе – бабамыздың басын көтеру, – деді. Қаршыға аға бізбен  қоштасып, көлігіне отырды. Көлік қозғалып, ауылдан ұзай бергенше қарап тұрдық. Сол сәтте көңілімде бір ой тұрды. Бұл сапар жай ғана Қаршыға Ахмедияровтың Пятимарға келуі емес еді. Бұл – ұлы күйші Мәменнің есімін қайта жаңғыртуға жасалған алғашқы үлкен  қадам  болатын.

*  *  *

Бір апта салып, мен де Астанаға жолға шықтым. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсіп, сол себепті  менің кіндік қаным тамған туған жеріме қызмет атқаратын миссиям аяқталды. Өкінішке қарай, арада бір ай ғана уақыт өткенде Қания әжеміз өмірден озды.

Асыл әжеміздің дүние салғанын естігенде көңілім құлазып қалды. Өйткені Мәмен бабамыздың жатқан жерін табуға себеп болған, бізге сол бір тарихи деректі жеткізген Қания әженің орны мен үшін ерекше еді. Егер сол күні әжемізбен кездесіп, әңгімесін тыңдамағанда, Мәмен атамыздың бейітін табуымыз екіталай-ды...

*  *  *

Күй өнерімен байланысты келесі бір есте қалған оқиға Астана қаласында өрілді. Күздің қай айы екені қазір есімде жоқ. Сабақтан шығып келе жатып, Конгресс-холда үлкен концерт болайын деп жатқанын көрдім. «Жақсыны көрмекке» деп ішке кіре салдым.

Үлкен концерт екі бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлім аяқталып, вестибюльде жүрген едім. Сонау жерден қара костюм, ақ көйлек киген, қолында домбырасы бар Қаршыға ағамыз келе жатыр. Көзіме оттай басылды. Ешкімді танымайтын жерде жүріп, туған ағамды көргендей балаша қуандым.Қол алысып, аман-саулық сұрасып жатырмыз. Аға болған жағдайды тиісті жерлердің барлығына жеткізгенін, ақпарат құралдарына да баяндағанын айтып өтті.

– Иә, иә, аға, барлығын естіп, біліп отырмын, – деп мен де қуанышымды білдіріп жа-
тырмын.

– Мұнда қайдан жүрсің? – деп сұрады. Оқуға түскенімді, Астанаға келгенімді айтып бердім. Әңгімелесіп тұрғанымызда екінші бөлім басталатын уақыт та болып қалды. Барлығымыз қайтадан залға кірдік. Концерт басталды. Сахнаға домбырасымен Қаршыға ағамыз шықты. Жайғасып отырып, бірнеше күй орындады. Халық қошемет көрсетіп жатты. Бір кезде Қаршыға аға орнынан көтеріліп, микрофонды алды.

– Қадірлі ағайын, үлкен қошеметтеріңізге рақмет! Күй деген құдірет қой. Осы қара домбырамды құшақтап, талай елдерге барып өнер көрсеттім. Бірде Францияның үлкен сахнасында Құрманғазы күйлерін нақышына келтіріп орындағанымда, соңымнан журналистер ере келіп: «Композитор қандай консерватория бітірген? Қай жақтың консерваториясында оқыған?» – деп сұрамасы бар ма?! Сәл  ойланып:

– Мен кейде өзім де аталарымыз аттың үстінде жүріп-ақ осындай туындыларды дүниеге қалай әкелген деп таңғаламын! – деді. Одан әрі Қаршыға аға біраз күйдің ұрпақтан-ұрпаққа қалай жеткенін сөз етті. Осы туындылар шәкірттері арқылы кейінгі буынға жетіп отырғанын айтты. Күй атасы Құрманғазының қырыққа жуық шәкірті болғанын, солардың ішінде Мәменнің де айрықша орын алатынын әңгімеледі.

Мәмен өз кезегінде шәкірттер тәрбиелеген. Мәменнің 14 жасынан бастап шәкірті болған Қали Жантілеуов кейін Алматыда өткен бір слетте Ахмет Жұбановпен табысып, ұстазы Мәменнен үйренген 70 күйді нотаға түсіргенін айтты.

– Міне, осылай әлем таңғалатын, әлем мойындайтын туындылар біздің қолымызға жетті, – деп сөзін түйіндеді. Айтпақшы, сол кезде Қаршыға аға Құрманғазы туралы жазған Н. Савичевтің сөзін де еске алды.

– «Бір сөзбен айтқанда, Сағырбаев тым сирек кездесетін музыкалық дарынды жан, егер ол еуропалық білім алған болса, музыка әлеміндегі ең алып жұлдызға айналар еді», –
деп жазған, – деді. Осыдан кейін Қаршыға аға әңгімені біздің  ауылға  бұрды.

– Мен Алматыда жүрсем, бір бала кең байтақ еліміздің батысында Орал деген ел бар, білесіздер ғой, сол елде Жаңақала деген аудан-ауыл бар, сол ауылдан телефон соғып тұр. «Аға, Мәмен бабамыздың жерленген орнын таптым», – деп. Мен барлық шаруаны тастай сала, Орал қаласына тарттым. Барып, барлық жағдайды анықтадым. Үлкен жаңалық болды. Содан кейін залға қарап:

– Күй деген құдірет қой! – деді тағы да.

– Бүгін сол телефон соққан жігіт ортамызда отыр. Бауыржан, тұршы, келші бері, – деді. Мен аң-таң болып орнымнан тұрдым. Өмірімде осындай үлкен сахнаға шығамын деп ойлап та көрмеппін.

Зал толы халықтың алдында сахнаға қарай беттеп бара жатып, «Бірнеше ай бұрын ғана ауылда Мәмен бабамыздың бейітін іздеп жүрген қарапайым ауыл баласы едім-ау» деген ой келді.

*  *  *

Осылай басталған жұмыстардың нәтижесінде 2012 жылы ауылымыздан шыққан азамат, белгілі меценат Бекқайыров Серік ағамыздың қаражатына Мәмен атамыздың кесенесі тұрғызылды. Кесененің ашылу салтанатының маңыздылығы соншалық, Әбіш Кекілбаевтың өзі арнайы келді. Аталмыш нысанның ашылу салтанатында сөз алған Әбіш ағамыздың айтқан әрбір сөзі әлі күнге дейін есімде.

– Амансыңдар ма, айналайын халқым! Бүгінгі үлкен шараға біз де қатысайық деп келіп қалдық, – деп бастады сөзін. Содан кейін Әбіш ағамыз өнер адамдары туралы ойларын ортаға салды:

– Менің білетінім, өнердің саңлақтары қай елде де болады. Мен, мәселен, Еуропаға барғанда көрдім, бастарына бардым. Әрбір елде Моцарт, Шопен тәрізді өнер саңлақтары баршылық. Ал бізге келер болсақ, біздің өнер тарландары үйірімен жүргендей көрінеді. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Мәмен, Қали, Оқап... бүгін, міне, дәулескер күйші Мәменнің басын көтеріп, үлкен жұмыс бітіріп жатырсыздар! Осы жағдайларға куә болып тұрып:

– Қазақтың елордасы Астана болса, қазақтың күй астанасы Жаңақала дер едім, – деп сөзін қайырды. Әбіш ағамыздың осы бірауыз сөзі сол сәтте бәріміздің көңілімізге ерекше әсер етті. Бұдан асқан теңеу, бұдан асқан елге деген мадақ болар ма?!

Көзінің тірісінде әулие атанған Әбіш ағамыздан сөз қалған ба?! Күй атасы Құрманғазы, күй анасы Дина, небір дарабоз күйшілер жарық дүниеге көрінген киелі өңірге тағзым етіп, күйші ата-бабалардың рухына деген құрметін білдірді. Сөйтіп, Қания әжемізден дер кезінде алып қалған бір ғана дерек келе-келе туған өлкеміздің бай тарихын бейнелейтін, Жайық жұртын тұтас рухтандыратын өте маңызды мәліметке айналғанына іштей қуанып жүремін.

Өмір белестерінде жолығып-жүздесіп, көзін көрген дүлдүл күйшілер Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шәмелов және жерлес ағамыз Теміреш Кереев сынды азаматтардың бар саналы ғұмыры күй өнеріне арналды. Сол кісілерден «Күй деген құдірет қой!» деген сөзді бірнеше рет естідім. Расында да, жылдар өте келе сол сөздің мағынасын өз өміріме тікелей қатысты оқиғалар арқылы сезіндім.

*  *  *

2013-2018 жылдар аралығында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті құрамында жоғары оқу орнының құрылтайшысы Ақсерік Сарыұлы Әйтімовтің шақыруымен қызмет атқардым. Сол жылдары көптеген зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен араласып, қоян-қолтық қызмет істеу бақыты бұйырды.

Аталған оқу орнының негізін қалаған, бір сөзбен айтқанда, елдің ардақты азаматы Әйтімов Ақсерік ағамыз туралы алдағы уақытта ауқымды мақала жазбақ ойым бар. Ал бүгінгі әңгімеміз күй өнерімен тікелей байланысты болғандықтан, сол жылдардағы көптеген кездесудің біріне қатысты ерекше оқиғаны баяндайын.

Сол жылдары ҚазИИТУ қабырғасында талай тағылымды кездесулердің куәсі болдым. Ғылым мен білімді, ел тарихы мен ғарыш тақырыбын ұштастыра білген Ақсерік ағамыздың бастамасымен белгілі журналист-зерттеуші Валентина Полетаевамен де бірлескен жұмыстар жүргізілді. Батыс Қазақстанның ғарыш тарихын зерттеуге бағытталған сол жұмыстардың барысында талай құнды деректер жинақталды. Сондай есте қаларлық жүздесулердің бірі – Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-ғарышкер Анатолий Арцебарскиймен кездесу еді. Жеті қат көкке самғап, «Мир» орбиталық станциясында ұзақ уақыт қызмет атқарған айтулы тұлғаны көрудің өзі бізді ғаламат әсерге бөледі. Ал оның әңгімесін тыңдап, өмір жолынан сыр шерткен сәттеріне куә болу тіпті ғажап болды.

Негізгі кездесу аяқталған соң, қонақтарды шығарып салмас бұрын дастарқан басында бас қосып, еркін әңгімелесуді жөн көрдік. Кешкі асымызда ерекше салтанат немесе артық дүние болған жоқ. Тек ұлттық өнерімізді таныстыру мақсатында бір-екі өнерпазды шақырдық. Біздің ойымыз – қонақтарға қазақтың өнерін көрсету ғана еді. Сол жерде домбыра қолға алынып, күй шертіле бастады. Кенет ғарышкер Анатолий Арцебарскийдің жүзінен әлдебір ерекше өзгерісті байқадық. Ол домбыраның сазын естіп елең етіп, бір сәт үнсіз қалды. Жүзінен таңданыс пен толғаныстың табы байқалғандай болды. Біз не болғанын түсінбей, бір-бірімізге қарадық. Біршама уақыттан кейін ғана ғарышкер сабасына түсіп, өзінің неге соншалықты толқығанын түсіндірді. Ол ғарышта 144 тәулік 15 сағат болып, ашық ғарышқа алты рет шыққан екен. Даңқты ғарышкердің өзінің айтуынша, бірде ашық ғарышта кезекті жұмыстарын атқарып жүрген кезінде күтпеген жерден техникалық ақау орын алып, ғарыш кемесінің сыртқы жарықтары түгел сөніп қалған. Төңірек тастай қараңғы, байланыс та үзілген.

Адам баласы үшін ең қорқынышты нәрсенің бірі – жалғыздық пен белгісіздікпен бетпе-бет қалу ғой. Сол сәтте ғарышкердің де жан дүниесін үрей билесе керек. «Сол сәтте бүкіл өмірім көз алдымнан өтіп жатқандай болды. Бірақ қараңғылықтың құрсауында құлағыма бір ерекше әуен, бір тылсым саз келгендей болды», – деп әңгімеледі ол. Біраздан соң техникалық ақау жөнделіп, жағдай оңалып, бәрі қайта қалпына келген. Ғарышкер де аман-есен Жерге оралған. Жерге оралғаннан кейін ол санасында қалған сол сазды іздеп, талай әуен тыңдаған. Алайда көңілі қалаған, ғарышта естіген әлгі жұмбақ әуенді ақыры таба алмаған. Ал сол күні... Ол қазақтың домбырасынан төгілген күйден кезінде ғарышта қою қараңғылықтың құрсауында естіген сол тылсым сазды таныған. Ғарышкердің толқығаны содан екен. Сол сәтте менің ойыма ағалардан естіген «Күй деген – құдірет қой!» деген сөздері есіме түсті. Осы бірауыз сөздің мағынасын сол сәтте бүкіл жан дүниеммен ұғынғандай болдым. Қазақ арасында «Күй – Құдайдың күбірі» деген де сөз бар. Ал енді ғарышкер Арцебарскийдің өзі басынан өт-керген оқиғадан кейін бұған қалай иланбассың?!

Қазақтың күйі – жай ғана музыкалық шығарма емес. Ол – халықтың тарихы, халықтың тағдыры, қуанышы мен қайғысы.

Күй – ұлттың үні. Күй – жүректен жүрекке жететін, шекара мен қашықтықты білмейтін тылсым өнер!

Бауыржан Атауов, 

Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы,

«Құрмет» орденінің иегері 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале