Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында әйелдер күресінен қола жүлдеге ие болған жерлесіміз, балуан қыз Зейнеп Баянованы ата-анасы және алғашқы жаттықтырушысы Ролан Хамзинмен бірге қабылдап, құрмет көрсетті.

Кездесуде аудан әкімі спортшының жетістігіне тоқталып, бұл жеңіс – Зейнептің ғана емес, бүкіл ауданның мерейі екенін атап өтті. Сондай-ақ жас балуанның жеңісі тынымсыз еңбектің, табандылық пен маңдай тердің нәтижесі екенін айтып, таңдаған жолынан таймай, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

Мұрат Амангелдіұлы Зейнеп Баяноваға өзінің Алғыс хатын табыстап, естелік сыйлық тапсырды. Спортшының ата-анасына да құрмет көрсетілді.

Бұдан кейін ауданның орталық алаңында Зейнеп Мәлікқызына құрмет көрсетіліп, арғымақ мінгізілді. Салтанатты шараға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары қатысып, ел намысын қорғаған балуанмен жүздесіп, жылы лебіздерін білдірді.

Шараға аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев те қатысып, Зейнеп Баяноваға ақжолтай тілегін жеткізді. Ол спортшыға бір тай атап, алғашқы жаттықтырушысы Ролан Хамзинге 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Ығылманов жас спортшыны жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Зейнеп Баянова өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да тынымсыз еңбектеніп, бұдан да биік жетістіктерге жетуге күш салатынын айтты.
Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы