19.10.2026, 15:15
Оқылды: 10

Тұлпар тұяғындағы тарих

Тұлпар десе қазақтың жадында батырлар жыры жаңғырады. Қобыландының – Тайбурылы, Алпамыстың – Байшұбары, Ер Тарғынның – Тарланы, Қамбар батырдың – Қарақасқасы... Ер есімі мен тұлпардың тағдыры астасқан сол жырларда жылқының қадірі де, қасиеті де айырықша бедерленген. Бұлардың барлығы – жылқының орны қашанда бөлек болғанын аңғартатын әйгілі тұлпарлар. Жылқы - ат жалында өскен қазақ үшін халқымыздың тұрмысымен ғана емес, тарихымен, тағдырымен тамырлас ұғым. Иә, сонау заманнан жалғасқан сәйгүлікке деген құрмет бүгін де өз мәнін жойған жоқ. Оның тектілігін тану, бабын білу, тұқымын түлету – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қағида.

86aadf6e-0d64-4512-b49c-31e49d080ba4

Сол бағзы дәстүрдің ғылыми ізденіспен тоғысқан бір арнасы - Жаңақала жерінде қалыптасқан «Көшім жылқысы». Табиғаттың қатал мінезіне бейімделіп, жылдар бойғы селекциялық еңбектің нәтижесінде қалыптасқан бұл тұқымның қазақы жылқы шаруашылығында өзіндік орны бар. Биыл Көшім жылқысының жеке тұқым ретінде бекітілгеніне - 50 жыл.  Жарты ғасырлық белес бізге бір ғана жылқы тарихын емес, оны қалыптастырған маңдай тер мен еңбектің ізін іздеуге себеп болды. Аталмыш мерейтойлы межеге орай Көшім тұлпарының кешегісіне үңіліп, бүгінгі тынысын бағамдауды жөн көріп, қаламымды қолға алдым. Жылқының шежіресін тарқатудың алғашқы баспалдағы – оның тұқым ретінде бекітілген жері Пятимар ауылы. Көшім жылқысының кіндік мекеніндегі әрбір дерекке үңіліп, жарты ғасырлық жолдың бастауын сол жерден іздеуді жөн көрдім. Өткеннің өшпес дерегі сақталған музейге қарай жол тартқанда, көкейде бір сауал тұрды. Жарты ғасыр бұрын осы өңірде қалыптасқан Көшім жылқысының бүгінге дейін жеткен жолы қандай еді?

Пятимар жалпы орта білім беретін мектебінің ғимаратында орналасқан музейдің ішіне енгенде жылқының суреттерінен бастап бәрін кезіктіруге болады. Ең алғаш сөредегі «Ауыл тарихы» деген іс-қағаздар бумасына көзім түсті. Оны парақтай отырып, 1996-2025 жылдары аралығында аталмыш білім ордасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған Гүлсім Қазбекқызының жазбасын байқадым. «Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары «Пятимар» асылтұқымды зауытының шарықтауына осы өңірде жылқының жаңа, сапалы тұқымын қалыптастырып, мал шаруашылығының дамуының тың мүмкіндігі ашылуына да септігі тиді. 1976 жылы 16 сәуірде Көшім тұқымын қалыптастыру бағытында ғылыми-тәжірибелік жұмыстар қорытындыланып, Кеңес Одағы Ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімімен ғылымда жылқының жаңа тұқымы танылып, оған «Көшім жылқысы» деген ат берілді. Оның тұқымдық қоры ауданымызға қарасты Наурыз Бекмашев, Данияр Серғазиев сынды шаруа қожалықтарында  сақталған». Осы бірер жол өткен күннің еншісінде қалмай, бүгінгі ауыл тіршілігімен жалғасып жатқандай болды.

0aadd538-2649-4d6b-86b2-164126457f42

Көшім жылқысының тұқымын өсіріп шығару бойынша селекциялық-асылдандыру жұмыстары 1930-1931 жылдары жылқы табынының сапалық құрамын жақсарту және асыл тұқымды жылқы зауыттарын құру мақсатында басталды. Осы орайда Орал облысында №51 «Пятимар», №67 «Урдин» және Ақтөбе облысында №52 «Эмбі» жылқы зауыттары ұйымдастырылған. Көп ұзамай №117 (1935 ж.), №28 Фурманов (1943 ж.) және №103 Чапаев атындағы (1945 ж.) жылқы зауыттары пайдалануға берілген. 1950 жылдардағы құрылымдық қайта ұйымдастырулар нәтижесінде №67 жылқы зауыты №103 зауыттың территориясына көшіріліп, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде Көшім тұқымды жылқыларды селекциялау және көбейту бойынша негізгі база ретінде Пятимар және Фурманов жылқы зауыттары белгіленді.

Тарихи әдебиеттер мен М.Н.Борисов пен В.В.Степачев сынды ғалымдардың мәліметтеріне сәйкес, Көшім жылқысы тұқымын шығару тарихы төрт негізгі кезеңге бөлінеді: бірінші кезең: 1931-1937,  екінші кезең: 1937-1957,  үшінші кезең: 1957-1963 жылдары болса, ал соңғы кезең: 1963-1976 жылдарын қамтиды. Жылқы тұқымының атауы Батыс Қазақстан облысындағы Көшім өзенінің гидронимінен алынған.

Тұқым авторлары: М.Н.Борисов, Ю.Н.Барминцев, А.И.Беляев, Л.Н.Нұрғалиев, Б.И.Ғұбашев және С.С.Рзабаев (суретте).

780cd8eb-39e0-4a95-8000-5752f27e0303

Көшім жылқысының биологиялық және өнімділік сипаттамаларына тоқталар болсақ, олар жайылымдық-табындық жағдайға жақсы бейімделген, дене құрылымы ірі, сүйекті болып келеді.

Табынның орташа дене-өлшемдері мен тірілей салмағы:

Айғырларда – шоқтық биіктігі – 160,1 см; тұлғаның қиғаш ұзындығы – 160,9 см; кеуде орамы – 192,2 см; жіліншік орамы – 20,9 см; тірілей салмағы – 540 кг-ды құрайды. Биелердің шоқтық биіктігі – 154,1 см; тұлғаның қиғаш ұзындығы – 156,8 см; кеуде орамы – 183,5 см; жіліншік орамы – 19,3 см; тірілей салмағы – 492 кг. Төл көрсеткіштері, яғни құлындардың туғандағы салмағы – 53-54 кг (40-65 кг аралығында); 2,5 жастағы тай-құнандардың салмағы – 410-430 кг.

Ет өнімділігі: Жайылымда тез семіреді, бөлек даралардың салмағы 620-700 кг-ға жетеді. Бордақыланған малдың сойылғандағы ет шығымы 53-55%-ды құрайды. Сүт өнімділігі: Лактацияның 2-3 айларында биелердің тәуліктік сүт өнімділігі (құлынның емгенін қосқанда) 14-22 литрге жетеді. Жұмыс қабілеті: Төзімділігі жоғары. Мысалы, «Дикарь» және «Могучий» айғырлары салт мінгенде тәулігіне 280 км-ден астам, ал «Каток» атты ат жеңіл арбамен 294 км қашықтықты жүріп өткен.

50 жыл бұрын қалыптасқан жаңа тұқымның ізін бүгін қайдан табуға болады? Оның тұқымдық қоры қалай сақталып, қандай бағытта дамып келеді? Осы сауалдар ойға оралды. Пятимар музейіндегі жазбада аты аталған «Көшім»  ЖШС-і Көшім сәйгүлігінің бүгінгі тынысын бағамдауға болатын нысандардың бірі. Тарихи деректі парақтап қана қоймай, сол ақпараттың бүгінгі жалғасын өз көзіммен көргім келді. Сөйтіп, жылқы өсіріп отырған шаруалардың әңгімесіне құлақ түру мақсатында Қызылоба ауылында орналасқан «Арыстанбек»  және «Жантума» қыстақтарына қарай бет бұрдым. Қожалық иесі Наурыз Бекмашев өмірден өтсе де, зайыбы Рая Өмірғалиқызы бұл игі істі тоқтатқан емес. Қазіргі таңда Көшім жылқыларынан бөлек асыл тұқымды Еділбай қойларын өсіретінін де тілге тиек етті. Жары Рая еңбекқор отағасын еске алып, отбасылық кәсіпке кеңінен тоқталды.

- Жұбайым 2019 жылы 20 наурызда дүниеден озды. Сол жылы шаруашылық түгелдей өз атыма өткен болатын. Наурыз Неғметұлы нарықтың ең бір қиын өтпелі кезеңінде жеке басының қамын көздеп, қызмет еткен ауылынан көшіп кетпей, туған жеріне туын тіккен азаматтың бірі болды. Ол кезде мал шаруашылығымен бірге, 3 жыл қатарынан Қызылоба ауылы жанындағы Көшім өзені жағасынан бау-бақша салып, ауылдағы бірнеше отбасын жұмыспен қамтамасыз етті. Ел арасында түрлі шараларға демушілік танытқан беделді, көптеген отбасыларға көмек қолын созған қайырымды азамат болды. 2022 жылы Қазақстан Республикасы «өнімді және әмбебап» бағытындағы жылқы тұқымдарының Республикалық палатасының ұйымдастырылуымен Ақтөбе  қаласында өткізілген “Қазақ жылқылары” І-ші аймақтық жылқы көрмесінде “Сымбат” атты айғырымыз  “Көшім тұқымының чемпионы” номинациясын жеңіп алды. Бүгінгі таңда шаруашылықта 10 адам қызмет атқарады. Жаз айларында мал азығын дайындаумен айналысамыз. Болашақта мақсатымыз-шаруашылықты одан әрі дамыту, асыл тұқымды мал өсіріп, көбейтумен айналысу. Қожалығымызда бірнеше жыл қатарынан тұрақты жұмыс жасап келе жатқан үздік жұмысшыларымыз да бар. 2025 жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада шаруашылығымыздан «Үздік жылқышы» номинациясына бас жылқышы Амангелді Мауженов ұсынылып, ІІІ дәрежелі “Еңбек Даңқы” төсбелгісімен, алғысхатпен және ақшалай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар, Аян Шаяхметов «үздік механизатор», Нұрболат Сәрсенғалиев «үздік бригадир» номинациясын алған болатын, - дейді жеке кәсіпкер Рая Өмірғалиқызы.

Иә, бір кездері ғалымдар бастаған селекциялық ізденісті бүгінгі шаруалар жалғап отыр. Аталмыш шаруашылық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1999 жылғы 29 қаңтарда №666 бұйрығына сәйкес «Қазақтың Көшім жылқы тұқымының тектік қорын сақтайтын асыл тұқымды жылқы зауыты» мәртебесін алған. Сол кезден бастап директорлық қызметте болған Наурыз Нығметұлы ғылыми кеңесшілерімен біріге қызмет атқарып, ынтымақтастықтың арқасында асыл текті қазақтың көшім тұқымды жылқыларын жойылып кету қаупінен сақтап, одан әрі дамытуға өз үлесін қосты. Табынды жылқы шаруашылығының өнімділік сапасын арттыру мақсатында жергілікті қазақы биелерді таза қанды мініс, дон және желісті тұқымдардың айғырларымен күрделі зауыттық будандастыру жүргізіліп, алынған будандарды «өзара өсіру» (разведение «в себе») әдісі арқылы селекциялап, нәтижесінде өнімділік және морфологиялық ерекшеліктеріне байланысты «негізгі», «міністі» және «салмақты» деп аталатын 3 зауыттық тип қалыптастырылған. 2013 жылы 24 маусымда отандық зоотехния тәжірибесінде тұңғыш рет жоғары өнімділігімен айрықшаланатын Көшім тұқымының Орал популяциясында жаңа зауыттық аталық іздері қалыптастырылып, патенттелген. Оларға Хитрец (Патент №325); Ласковый (Патент №324); Байкал (Патент №323) атаулары берілді (суретте). Сонымен қатар, 2016 жылғы 24 маусымда Көшім жылқы тұқымының ішіндегі Жаңақала зауыттық типі (Патент №600) ресми апробациядан өткені туралы да растайтын құжаттамасы бар. Яғни, арнайы зерттеліп, өзіндік ерекшеліктері мен селекциялық құндылығы дәлелденіп, ресми түрде бекітілген.

Көшім жылқылары қазіргі таңда Батыс Қазақстан («Көшім» ЖШС, «Серғазиев» ШҚ), Ақтөбе («Мұғалжар-99», «Пацаев» ААҚ), Алматы («Байсерке-Агро» ЖШС), Ақмола («Масақбай» ЖШС), Жамбыл («Береке» ШҚ) , Жетісу (Береке ШҚ) облыстарында кеңінен өсірілуде. Селекцияда Мотив, Ласковый, Светец, Хитрец, Хан, Испуг, Каскад, Гром және Золотой сияқты 12 туыстас тармақ пен аталық іздер белсенді пайдаланылған.

5-сурет. Ласковый (Патент №324) аталық ізін жалғастырышы Лекер атты тұқымдық айғырлардың орташа дене өлшемдері: 160,1 – 160,9 – 192,2 – 20,9 тірілей салмағы – 540 кг.

6-сурет. Хитрец (патент №325) зауыттық аталық ізіннің аналық ұялары (үйірлі биелер)

Түстері: жирен, күрең, қаракер, торы, қара, шабдар, сондай-ақ қасқа, төбел және алааяқ белгілері жиі кездеседі.

Жануардың дене бітімі, сыртқы түрі: Басы салыстырмалы түрде ірі, бірақ дөрекі емес; мойыны орташа ұзындықта; шоқтығы биік, жарасымды; көкірек сарайы кең, алшақ төсті; арқасы тегіс, жазық, белді; сауыры сом етті; аяқтары мықты, сүйекті.

7 сурет. Наурыз Неғметұлы салқын әдіспен (азотпен) жылқы таңбалау барысында.

Қазақ үшін жылқы – төрт түліктің бірі ғана емес, тұтас бір дәуірдің дүбірін бойына сіңірген қасиетті ұғым. Оның тұяғы тиген далада тарихтың ізі, бабадан балаға жеткен дәстүрдің үні бар. Ал Көшім жылқысының жарты ғасырлық шежіресі – сол сабақтастықтың ғылыммен, маңдай термен, табанды еңбектің нәтижесімен өрілген бір арнасы. Жарты ғасыр бұрын Жаңақала жерінде қанаты қатайған Көшім жылқысы бүгінде қазақ даласының әр өңірінде өз сүрлеуін жалғап келеді. Ендеше, оның елу жылдық белесі – өткенге нүкте қоятын меже емес, жаңа бір белестің бастауы. Тұлпардың тұяғы мүжілмесе, оның тарихы да үзілмейді. Көшімнің көшелі жолы да ендігі жерде ел еңбегімен, ұрпақ ықыласымен жалғаса бермек.

Ақерке Ғилымхан 

Жаңақала ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале