19.10.2026, 12:15
Оқылды: 8

“Қазақ аруында” Айзадасы бақ сынайды

Өнерге жақын шаңырақта қанат қаққан кішкентай қыз Айзаданың жүрегіне де күй құдіреті ерте ұяласа керек. Төртінші сыныптан бастап өнер мен білімге қатар қадам басқан Айзаданың бүгінгі жетістігі талай жылғы еңбек пен ізденістің жемісі.

0fb3d513-f40f-4a43-b832-a5f63992e0ad

Алғашқы 1–7 сыныптар аралығында Ақпәтер ЖОББ мектебінде білім алып, ұстазы Ержан Құмарғалиевтен домбыра тартып үйренді. Кейін 8–11 сыныптарда К.Меңдалиев атындағы ЖОББ мектебінде оқып, өнер жолын Жасұлан Ержанов ағайдың жетекшілігімен ары қарай шыңдай түсті. Бүгінде Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетін тәмамдаған жас маман Астана қаласындағы «TALANT» оқу-білім орталығында шәкірт тәрбиелеп, қызмет етуде.

Дәл осы тұста қуанышты жаңалықпен бөліскенді жөн көрдік. Белгілі продюсер Баян Мақсатқызының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Қазақ аруы – 2026» ұлттық сұлулық байқауының іріктеу кезеңіне біздің Батыс өңірінің атынан Айзада Елтайқызы қатысып, 500 қыздың арасынан кастингтен өтті.

f55e335b-48e9-40ad-818e-e6f5b5ef1c1c

Бір ерекшелігі қарапайым ауылдан шыққан бойжеткеннің ешқандай сән мектептері мен фитнес-орталықтардың жасанды қалыбына түспей-ақ, бойындағы тума табиғи тазалығы, қазақы тәрбиесі мен өнерінің арқасында қазылардың көңілін жаулап алуында. Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт бұл республикалық байқауға қатысып жатқан арулардың ішіндегі жалғыз педагог-ұстаз өзіміздің ақпәтерлік Айзада Елтайқызы.

Бүгінде бағы басым, талабы таудай Ақпәтердің ару қызы қазақ жұртының
алдында Батыс өлкесінің ар-намысы мен парасатын биікке көтеретін болады. Ауқымды жобаға ел үмітімен аттанған өнерлі аруымызға «Қазақ аруы – 2026» тәжін киіп, жеңіспен оралуын тілейміз!

Айта кетелік, 3 қараша өтетін “Қазақ аруы” байқауында көрермендердің тікелей дауыс беруі арқылы жеңімпаз анықталатын болады. Сол себептен де Батыстың атынан бағын сынағалы тұрған біздің Айзадаға /реттік нөмірі 10/ дауыс беріңіздер!

 

Жұлдыз Асқар

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале