Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен барды. Облыс әкімі алдымен «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығында болып, тыныс-тірлігімен танысты.
2009 жылы ашылған мамандандырылған медициналық мекеме 100 орынға лайықталған. Мұнда 109 қызметкер еңбек етеді. Орталықта емдік дене шынықтыруға басымдық беріледі. Сондай-ақ тұзды шахта, оттекті коктейль, балшық, парафин және озокеритпен емдеу, балқарағай фитобөшкесі, «Гольфстрим» гидротерапиялық ваннасы, уқалау-ысу және физиотерапиялық әртүрлі токтармен емдеу әдістері кеңінен қолданылады.

17 жыл ішінде медициналық нысанда 31 мыңға жуық пациент түрлі ем-шара қабылдап, оңалтудан өтті. Оның 5 мыңнан астамы – мүгедектігі бар адамдар. Орталық мамандары келешекте простатит, цистит ауруларына шалдыққан науқастарға да ем-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Аймақ басшысы қызмет алушылармен кездесіп, жағдайын сұрады. Пациенттер мұндағы ем-шаралардың нәтижелі екенін айтып, оң бағасын берді. Облыс әкімінің қатысуымен орталық ауласына 15 түп қарағай көшеті отырғызылды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі