27.05.2017, 16:57
Оқылды: 45

Жастарға тегін кеңес берілді

Сенбі күні облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы «Жастарға кеңес» жобасы аясында шара өткізді.

Бұған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық дін басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстық филиалы, «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесі, Халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Орал қалалық білім беру бөлімінің қызметкерлері мен заңгер мамандар арнайы шақырылды. Әдеттегідей мекеменің тар бөлмелерінде емес, қарапайым халық көп жиналатын орталық базар аумағында өткізілген бұл шара жұртшылық үшін шынымен де тиімді  болды. Өйткені, «Мирлан» базарының алдында қаздай тізіліп отырған түрлі сала мамандарына жолығып, кеңес алып жатқандардың қарасы көп болды. Бұл жерге тек базарға қарай ағылып өтіп жатқандар ғана емес, сонымен қатар, базар сатушылары, сол маңда тұрған таксишілер де келіп, өздерін толғандырып жүрген мәселелері жөнінде кәсіби мамандардан кеңес алды.

-Бүгін біз жастарға тұрғын үй, жұмысқа орналасу, жеке кәсібін ашу, дін және басқа да мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсінік беру үшін осындай халық көп шоғырланатын жерлерге шықтық. Мамандардан кеңес алушылардың саны әп-сәтте көбейіп кетті, бұл біздің осы бастамамыздың оңтайлы, дұрыс екендігін дәлелдейді. Осыған қарап, бұл бастама бұдан әрі де өз жалғасын табады деп ойлаймын. Алдағы уақытта да халық көп жиналатын жерлерге осындай көшпелі кеңес беру шараларын жиі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осындай көшпелі кеңестер аудандарда да өткізілуде. Бұл шара негізінен, облыс әкімінің бастамасымен өткізілген «Ашық әкімдік» шарасының аясында өтуде. Бүгін облыс бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көшпелі кеңес тұрғындар үшін тиімді болды деп ойлаймын, өйткені, мамандарға барып кеңес алушылар көп болды, - дейді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Аян Сакошев.

Оның айтуынша, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында да түрлі мәселелер бойынша келушілерге тегін кеңес беріледі.

Шара барысында жұртшылық, әсіресе, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстық филиалы мен «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесі қызметкерлеріне жиі барды. Мұнда қайсыбіреулер тұрғын үйді арзан бағамен алу жолын, сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы сұраса, тағы бірқатары жеке кәсібін қалай ашуға болатыны, енді бірі кәсібін кеңету үшін не істеуге болатынын сұрады. Сондай-ақ, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарынан жұмысқа орналасу және осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар жөнінде мәлімет алғандар да аз болмады. Басқа сала мамандарынан кеңес алғандар да өздеріне көрсетілген қызметке риза болды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале