Зеленовта мектеп бітіруші түлектердің «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иелеріне арналған мерекелік шара өтті. Биыл аудан бойынша мектеп бітірген түлектердің 10-ны «Алтын белгі» мен 17-сі «Үздік аттестат» иесі атанды.
Дариян ауылында өткен түлектер кешіне аудан әкімі Кәрім Жақыпов, білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының орынбасары, «Дос» қоғамдық орталығының директоры Вера Шохина арнайы қатысты.
-Бүгін ерекше күн. Түлектеріміз өмір мектебіне қадам басқалы тұр. Биылғы оқу жылын да ойдағыдай аяқтадық. Бұл – түлектердің, ұстаздардың,ата-аналардың ,жалпы білім саласы қызметкерлері еңбегінің жемісі деп есептеймін. Елбасымыз Н.Назарбаев білім беруге, өскелең ұрпақтың тәрбие алуына ерекше көңіл бөліп,атқарушы билікке үнемі тапсырма беріп отырады. Қаржылық дағдарысқа қарамастан,еліміз білім саласына бөлінетін қаражатты жыл сайын арттырып келе жатыр.Соның арқасында мектептерді құрал–жабдықтармен, оқулықтармен, түрлі жаңа технологиялармен қамту жоғары дәрежеде деуге болады. Нәтижесінде білім көрсеткіштері артты,- деген аудан басшысы түлектерге сәттілік тілеп, ата-аналарына алғысын жеткізді.
Сахна төріне көтерілген түлек Аида Берниязоваға аудан әкімі К.Жақыпов «Алтын белгі» табыстап, бағалы сыйлықты тарту етті.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы С.Сафиуллин, Дариян мектебінің директоры Л.Дынникова, ауыл әкімі Б.Ерболатов, В.Шохина ақ тілектерін жолдап, түлектерге жалпы орта білімді бітіргені туралы аттестаттарын салтанатты түрде табыстады.
Гүлжан АЯЗБАЕВА
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz