28.11.2017, 17:37
Оқылды: 53

БҚО-да тазылардың далалық сынағы өтті

Тасқала ауданында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ит төресі – тазы» атты қазақы тазылардың далалық сынағы өтті.

Аталған шара Тасқала ауданы әкімінің тікелей қолдауымен, «Тасқала ауданы аңшылар және балықшылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің рұқсатымен, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен өтті.

Аудан әкімдігі ғимаратының алдынан бастауы алған игілікті іс, ауданның оңтүстік шығысындағы далалық жерде жалғасын тапты. Шараға Ақтөбе қаласынан Ғабит Серікұлы ("Қыран" тазы) мен Аслан Жамбылұлы ("Бейім" тазы), Орал қаласынан Қобыланды Айтқұлұлы ("Жебе" тазы) мен Талғат Файзоллаұлы ("Бүркіт" тазы) және Арсен Еркінұлы ("Қыран" тазы), сондай-ақ көршілес Зеленов ауданынан Асxат Хабиболлаұлы ("Қаракөз" тазы), Казталовауданынан Нұрбек Тұрарбекұлы ("Найза" тазы), тасқалалық Абзал Асқарұлы ("Бугатти" тазы), Әміржан Серікұлы ("Верный" тазы),Ринат Фаритұлы ("Таймас" тазы),Рауан Таңатжанұлы ("Құндыз" тазы)сынды итбегілер қатысты.

Темір тұлпардың «тұзағынан» босаған тазылар әп-сәтте ен даланы иемденіп, төңіректі шарлап кетті.  Күннің тұманданып, қолайсыздық тудырғанына қарамастан олар қияға қарай қашқан қояндарды қағып алып жатты. Әсіресе Ақтөбе қаласынан келген "Бейім" атты тазы талайды таңдай қақтырды. Көз алдына көрінген қоянды екі жүз метрден әрі асырмай, шалып, қоян қуып кетіп түлкі ұстап әкелген «өнеріне» итбегілер қайран қалды. Қалған тазыларда қалыс қалмай, қашқан қоянды қақпалап, қайырып, жүйріктігін, алғырлығын көрсетті.

Үш сағатқа созылған  далалық сынақтың басты мақсаты - ұмыт бола бастаған ұлттық құндылығымызды қайта ояту, алыста жүріп бір-біріне аға-бауыр болып, тазыларын сынатып, күшік алмасып жүрген итбегілердің басын бір жерге қосу, «иттің бәрі – тазы емес» қағидасын берік ұстану, қарумен емес тазының ептілігімен аң аулауды халыққа насихаттау.

Айтулы шараға аудан кәсіпкерлері демеушілік көрсетіп,  ата кәсібімізге қамқорлық танытты.

Ақтөбе қаласынан келген қонақтарға аудан атынан қазақы тазының бір айлық күшігі арнайы сыйға тартылып, барлық қатысушылар алғыс xат пен марапатталды. Ақтөбелік итбегі Ғабит Серікұлы да оралдық Талғат Файзоллаұлына «Қыран» атты тазысын сыйға тартты.

Алыстан ат басын арнайы бұрған азаматтарға ас беріліп, күй тартылып, терме айтылып, жыр оқылды.

 Меңдібек НҰРБОЛАТҰЛЫ
(Суретті  түсірген автор)

Тасқала ауданы

 

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ:

итбегі, шараны ұйымдастырушы

-Батыс өңірінде мұндай шара бірінші өтіп жатыр десек артық айтқандық болмас. Келіп қатынасқан барлық итбегілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әр өңірде, ауылдарда осындай бір-бір азамат жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Шараға демеушілік білдірген Бауыржан Кимұлы, Әлібек Нәубетұлы, Ерлан Хамитұлы, Нұрбек Асылбекұлы сынды азаматтарға алғысым шексіз. Келер жылы аудан әкімінің тікелей қолдауымен тазылардың аймақтық далалық сынағын өткізу жоспарда бар.

Ұлттық брендімізді дәріптейтін тағлымы, тәрбиесі мол шараға аудан тұрғындары белсене қатысып, өшкелі тұрған ұлттық дәстүрімізді насихаттауға ат салысса нұр үстіне нұр болар еді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале