Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша, «Жайық Пресс» медиахолдингінің ынтымағы жарасқан үлкен ұжымы Наурыз мейрамын биыл да зор қуанышпен қарсы алды.
Мерекеге дайындық 14 наурызда келетін Көрісу күнінен басталды.
Медиахолдингтің бірінші қабаты ұлттық нақышта безендіріліп, арнайы жайылған дастарханнан күні бүгінге дейін келушілер мен ұжым қызметкерлеріне ұсынылатын наурызкөже мен бауырсақ үзілген жоқ. Күн сайын ішкі радиотораптан құттықтаулар жолданып, ұлттық рухты көтеретін әндер шырқалып тұрды. Қызметкерлер түгел ұлттық киім киіп жүрді.
Бүгін кең залда жайылған берекелі дастархан басында бас қосқан ұжым мүшелерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған «Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры Жантас Сафуллин ұжым үшін мерейлі, жетістікке толы жылды қорытындылап, есіктен енгелі тұрған Ит жылының да ырыс-берекесі мол, табысты болуына ақжарма тілегін ақтарды.
Ғасырлық тарихы бар қос басылым – «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйқова, майталман қаламгерлер Есенжол Қыстаубаев, Қазыбек Құттымұратұлы, тағы басқалар әріптестеріне деген ізгі лебіздерін жеткізді.
Жер-дүниені жаңартып, көктемді ерте келетін осынау ұлы мерекеде ұжым мүшелері әуелетіп ән салды, күмбірлетіп күй төкті, ал «Приуралье» газетінің ұжымы жиналғандар назарына «Беташар» рәсімін ұсынды.
Осылайша «жайықпрестіктер» қазақ үшін жеті қазынаның біріне саналатын Ит жылына шат-шадыман көңіл-күймен, болашаққа деген зор үміт-сеніммен аяқ басты.
Наурыз құтты болсын!
Айгүл Ахметова
zhaikpress.kz