31.05.2018, 20:44
Оқылды: 55

Оралда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша сарапшылық кеңестің отырысы өтті

IMG_2169М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыстық сарапшылық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Алғаш баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша биыл 85  іс-шара жоспарланды. Қазіргі таңда соның жартысы өтті. Базалық бағыттар бойынша қолға алынған жобалар өз жеміс беруде. Мәселен, «Өлкетану» бағытында өңірдегі 155 білім ұясында мектеп музейлері ашылды. Жазғы демалыста мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің Хан ордасына, Ғұмар Қараш зиратына, Жайық қалашығына, Дәдем ата кесенесі мен Алаш музейіне экскурсиялары  жоспарланып отыр. «Саналы азамат» бағыты бойынша «28 ілмек» жобасы қолға алынды. Яғни шала туған нәрестелерге тоқылған киімдерді жеткізу мақсатында оқушылар 300-ден астам тоқыма бұйымын әзірлеп, 100-ден астам шақалақтың өмірін сақтап қалды. «Отаным-тағдырым» бағыты бойынша ұлттық ойындарды насихаттау негізінде мектептер мен колледждерде «Асық ату» ұлттық ойыны енгізілді. «Қазақтың 100 күйі» жобасы аясында мектептерде домбыраның үні, күй әуені қонырау уақытында қосылды. «Домбыра сыйла» акциясы шеңберінде мектептерге 355 домбыра сыйға тартылды.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасының іске асу барысын облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев баяндады. Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері 84 шара өткізілген. Олардың үшеуі республикалық, 25-і облыстық, қалғаны аудандық деңгейде. Баяндамашы бұл шаралардың ішінен «Туған жер-туған ел» базалық бағыты бойынша «Алаш қозғалысы һәм Ғұмар Қараш ғибыраты» атты облыстық конференциясына, Шыңғырлау ауданында өткен «Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, болашағымыздың асыл қазынасы» ғылыми-практикалық семинарына тоқталып өтті.

«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасына тоқталған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Дауымов «Рухани жаңғыру» аясындағы шаралар тұрақты түрде республикалық және жергілікті БАҚ-та уақытылы ел-жұртқа жекізіліп жатқанын айтты. Есепті кезеңде жалпы саны 1941 мақала-материал жарық көрді.

-Облыстық «Орал өңірі» газеті мақалаларды латын қаріпінде беруді қолға алынғанын атап өткен жөн. Яғни газет бетінде жарияланған мақалалардың латын қаріпімен жазылған нұсқасы қоса беріліп жүргендігі қуантады,-деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ранида Әшенованың айтуынша, «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында биылғы жылған 177 жоба енгізіліп, оның 45-сі жүзеге асты. Меценаттар тарапынан жасалған 38 жобаға 60 млн.теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бұдан бөлек басқармамен қаржы талап етілмейтін 7 шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде баскетболдан қандастарымыздың арасынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтың облысымызға келген сапары кезінде батысқазақстандық жастарымен жүздесіп, жас баскетболшыларға шеберлік сыныбын өткізуі, «Жетістік жолы» тақырыбында өңірдің зиялы қауым өкілдерінің, шетелдік сарапшылардың жастармен кездесулері бар.

Жиынды сараптамалық кеңестің ғылыми хатшысы Нұржан Төлепов қорытындылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облысымызда іске асырудың тиімділігі турасында баяндаған ол әр айдың екінші аптасының жұма күні «Сарапшылар қауымдастығының күні» болып белгілендігін жеткізді. «Сарапшылық кеңесі Мұрат Сабыр, Ермек Айталиев, Азамат Мамыров сынды ғалымдар ұсынған ғылыми бағыттағы жобаларды қолдайды,-деді Нұржан Жолдығалиұлы.

- Себебі бұл жобалардың қоғам санасыны жаңғыруға ықпалы зор. Әзірге сараптамалық кеңесінің осындай қажетті жобаларды қаржыландыру бағытында заңды тетіктері жоқ. Соған орай осы мәселені шешу бағытында құзырлы мемқұрылымдармен бірлесіп жұмыстануымыз керек, - деді ол. Жиын соңында тиісті қаулы қабылданды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале