9.08.2018, 15:16
Оқылды: 490

Қаланы жатсынбаған құлын (деректі әңгіме)

Тобылғы торы биенің дәл неше жаста екенін ешкім де дөп басып айта алмайтын. Сақа биеден талай құлын өрбігені кәміл. Бүгінде сіңірі шыққан төрт аяқтың ортасында салбыраған мес қарыны ғана қалып, кепиеті кеткен. Үйірдің соңынан ілбіп басып, үнемі артта қалатын болды. Кешкі апақ-сапақта толғақ қысып, іштегі құлыны теріс келіп, жанын әбден қинады. Көзі аларып, танауы делдиіп, кеңсірігі шығыңқы құс тұмсығымен жер иіскеп, байыз таппай жүр.

Құлағын жымырып, жел жақты бетке алып, басы салбырай ілбіп келеді. Әлсін-әлсін іші солқылдап, толғағы қысқан сәтте көзі қарауытқан соң аялдап алатыны болмаса, бағытты ажырататындай есі де қалмаған сыңайлы. Шапқылаған құлындарының артынан ілескен үйір көрінбей кеткен.

Алыстан біресе көрініп, біресе жоғалған жарыққа жетсем, адамдар жәрдем көрсетер деп ойлады ма, кәрі жануар солай қарай бұрылды. Іштегі құлынмен бірге қиналcа да, бір түп жусанды тістеп жұлып, аузына ілінгенін талмағандай болды. Құдды бір мың ине қадағандай болған іштегі шаншу содан басылатындай. Қазтабан тұяқтары бірнеше есе ауырлап кеткендей, көтертпейді. Көз ұшындағы жалғыз жарық жеткізбеді. Суалған жағы селтиіп, бір шөкім кекілі ұйпаланған тобылғы торы теңселіп тұрды да, сылқ  етіп  құлады.

*   *   *

Күні бойы жатқан қара құлын буын-буыны қалтырап, тәлтіректей тұрды. Түнгі суыққа бойы тоңазып, жартылай кепкен кіндігі салбырап, енесінің жансыз денесінен тәй-тәй басып ұзай берді. Үстінен түспеген шаранасы қатпар-қатпар боп қатқан жетім құлынды даланың шыбын-шіркейі мазалады... Кеше түнде көрініп жүрген жарық бүгін жақындай түсті. Әрі-беріден соң тырсылдаған дыбысы да күшейе берді.

Трактордың әлсіз жарығына қараң-құраң етіп көрінген кішкене нәрсенің не екеніне көзі жетпеген Серік кабинадан қарғып түсті. Қасына жетіп барғанда ғана құлын екенін ажыратты. Көзі мөлтілдеп, дір-дір еткен құлыншақтың әбден әлсірегені не қорқып тұрғаны белгісіз. Құлынды көнетоз пәлтеге орап алып көтергенде оның салмағын да сезбеді. Ауа райының ашық-жарығын пайдаланып, бірнеше күн шөп шапқан олар ауылға бармай, қосқа түнеп жүрген. Саусағын құшырлана емген құлыншақтың мына ашқұрсақ жағдайына шыдамаған Серік түнделетіп ауылға қарай  тартты.

*   *   *

Қара құлын бөтелкедегі жұмыртқа қосылған сиырдың сүтімен өсті. Үйден ұзамайды. Аулада асыр салып ойнақтап, шыққан адамды бағып жүреді. Серік ауылдағы, көрші ауылдағы жылқысы бар адамдарға хабарласып, құлын бар деп сұрау салып шықты. Полицей арқылы хабарландыру да берді. Жан баласы іздемеді. Жетім құлынның өмірде барын сүйегі сайда қалған тобылғы торы мен Серіктен басқа ешкім білмейтіндей.

Серіктің демалысы аяқталып, қаладағы жұмысына кетті. Жетім құлын қозы-лақ пен екі-үш бұзаудың ортасында өсіп жатты.

...Күздің қара суығында құдық басына бір үйір жылқы келді. Құйрық-жалы төгілген қара айғыр астауға үймелеген үйірді сырттай бақылап тұр. Бұл уақытта құлыншақ үйдің жанында тауық қуалап жүрген. Құдық басындағы қараларды көріп, жүрегі аузына тығылды. Қорыққанынан көзін төңкере қарап, состиып тұрып қалды. Өзі құралпы құлындарды көргенде барып бұлардың не екенін ұғынғандай.

Тұла бойын әлдебір сезім кернеп барады. Дік-дік секіріп басып, жақындай түсті. Шешесі тобылғы торынікіндей таныс иіс мұрнын қытықтағанда алғаш рет құлын даусы шұрқырай шықты. Еріксіз құлдыраңдай шапты. Заулап келіп, оқшау тұрған қара айғырға тақалып тоқтады. Қара айғыр мұның үлбіреген жібек жалынан, шолтиған құйрығынан иіскеді де, арқырай кісінеп жіберді. Жүрегі ұша жаздаған құлын үйірге қарай қашты. Мама биелер танаулары делдиіп, оқырана қарсы алды. Әр биеге бір жетіп барып, түсініксіз күйде жүрген құлын биыл іш тастаған шабдарға тақалып қалды. Шетте тұрған қысыр шабдар қара құлынды қуалап жүріп талады. Әлденеден ала алмаған өші бардай шырқырата талады...

Жон арқасының етін, құйымшағының терісін шабдар бие жұлған жетім құлынды қыстай тайөгіздер мүйіздеп шықты. Жетім құлын жылқы көрсе, қашатын болды. Бір күні ауыл арасына кірген саяқтарға жолығып, мұны тағы да талады. Үстіне артылып, аяусыз тепкіледі. Алдыңғы аяғының екі буыны шығып кеткен құлын әзер қашып, аулаға кіріп құлады. Мұны естіген Серік сол күні ауылға жетіп, құлынды қалаға тиеп кетті.

*   *   *

Серік Шотановтың жанұясы Оралда жеке ауласы бар жер үйде тұрады. Кезінде қаланың шеті болған бұл шағынауданда қазір шаһардың жаңа алаңы, биік үйлері мен басты ғимараттары салынды. Солардың арасында өсіп жатқан қара құлын қаланың шуына, ағылған көлікке әбден үйренген.

Шаһарды мекен еткен жетім құлынды жуырда көріп келдім. Адамдардың мейіріміне малынып өскен ерке құлыншақ қазір тай болған. Өзін әлі күнге жылқыша ұстауды білмейтін ол тай жасына жетсе де, бойы қортық боп булығып өсіп келеді. Кейде жалы күдірейіп, сес көрсетіп келіп, киіміңді тістелейді.

– Үйдегілердің «Қалада жылқы ұстай алмайсың» дегенін тыңдамай, алып кеттім. Аяғының шыққан буынын сынықшыға салдырдық. Жазда алдымен аула ішінде, біртіндеп көшеге шығып жайыла бастады. Көршілер ауласын арамшөптен тазартып мәз. Күзде үш-төрт көше әрі асып жайылып жүрді. Ысқырғанымнан танып, жетіп келеді. Бір күні жұмыстан жай келіп, таба алмай қалдым. Көршім жолдың бойында екі жігіт ұстап тұрғанын көрдім деді. Ол кезде тығыншықтай болып семірген еді. Ұрлап кетті-ау деп полицияға хабарластық. Олар көшедегі камералармен қарап отырып, қай жерде жүргенін хабарлады. Үйлердің қуысына кіріп кетіп, қайтар жолын таба алмай жүр екен. Ысқырғанмын, тасадан шауып шықты, – деп күледі Серік.

Серік қала мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Зайыбы Айгүл екеуі үш перзент тәрбиелеп отыр. Балаларының алды Әліп тай мінуге жарап қалған. Баланың мінгені тайға да ұнайтын сияқты. Біресе жер табандап тұрып алады, біресе асыр салып ойнақтайды. «Тайға әбден бауыр басып қалдық, мүмкіндігіміз жеткенше қалада өсіре береміз» – дейді олар.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

журналист

Орал қаласы

Суретке түсірген автор

IMG_8709 IMG_8719 IMG_8627 IMG_8645

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале