8.10.2018, 17:40
Оқылды: 67

БҚО-да Елбасы Жолдауына сәйкес іс-шаралар жоспары белгіленді

Бүгін Батыс Қазақстан облысы активінің жиналысы болып, онда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына сәйкес іс-шаралар жоспары белгіленді.

aktiv (1)

Жиында баяндама жасаған облыс әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Жолдауына байланысты өңірде атқарылар негізгі жұмыстарды атап көрсетті.

Облыста халық тұтынатын тауарлар мен ет экспортын ұлғайту, ирригациялық құрылымдар жүйесін жаңарту, игерілмеген жерлерді кері қайтарып, оны қолынан іс келетін азаматтарға беру жұмыстары жалғасады.

Мемлекет тарапынан 500 млрд. теңге өңдеу өнеркәсібіне бағытталмақшы. Бұл - үлкен мүмкіндік. Облыста 12 инвестициялық жоба, соның ішінде тең жартысы шетелдік қаржының қатысуымен жүзеге асырылуда. Бұған тікелей инвестициялар қоры септесетін болады.

Елбасы агроөнеркәсіп кешені мүмкіндігін толығымен пайдалану міндетін қойды. «Кублей», «Жайық Агро», «Батыс Нық», «Желаев астық өнімдері комбинаты» қазіргі заманғы технологиялар бойынша жұмыс жасауда. Британдық «Данбиа» компаниясы өңірге (мал бордақылау кешеніне) қаржы құюға дайын. Мұның бәрі шетелге, соның ішінде Қытайға көбірек өнім жөнелтуге мүмкіндік береді.

 

Облыс активінің жиынында сөз алған «Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев Елбасы айтқан бастамалардың тарихи маңызы бар екендігін, оларды жүзеге асыру үшін көп болып жұмыла білудің қажеттігін жеткізді.

«Жолдауда ең төменгі жалақыны көтеру туралы  айтылғаны мәлім. Осы орайда «Стройкомбинат» ЖШС алдағы жылдың 1 қаңтарынан жалақыны өсіру жөнінде шешім қабылдады. Бұл цифрлық технологияны енгізу, еңбек өнімділігін арттыру есебінен мүмкін болмақ. Осы мақсатта кәсіпорынға шет елден қазіргі заманғы жабдықтар, автоматтандырылған желіні сатып алудамыз. Біз Елбасы тарапынан отандық өнім өндірушілерді қолдауды үнемі сезініп отырамыз. Қазіргі кезде біз облысты темірбетон бұйымдарымен барынша қамтудамыз. «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға да қатысудамыз. Алдағы уақытта да бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер өндіруге бағыт ұстайтын боламыз», деді Б.Нұрбаев.

«Мемлекет басшысы біздердің, мұғалімдердің алдына да үлкен міндеттер қойып отыр. Жолдауда ұстаздар қауымына қатысты айтылған жанашырлық сөздер біздерді жігерлендірді. Қазіргі таңда білім ордаларында Назарбаев зияткерлік мектептері  үлгісінде оқу үдерісіне өзгерістер енгізілуде. Бұл құптарлық қадам дер едім. Елбасының, әсіресе, «Педагогтар мәртебесі туралы» Заңды жасауға тапсырма бергені қатты қуантты. Жекелеген ережелер болмаса, мұндай заң ешбір елде жоқ екен. Енді, міне, біздің қызметіміздің бәрі заңмен дәрежеленетін болады», деді Орал қаласындағы №17 орта мектеп директоры Тамара Рудич.

Жиында сондай-ақ «Медицина орталығы» ЖШС директоры Рафхат Истаев, Ақжайық ауданы «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев, бөкейордалық жас кәсіпкер Саян Баетов Жолдауды қуаттайтындықтарын айтып, өз ұсыныс-тілектерін білдірді.

Елжан ЕРАЛЫ,

zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

aktiv aktiv (2) aktiv (4)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале