10.10.2018, 20:56
Оқылды: 60

Алтай Көлгінов: «Әр құрылыс сапалы болуы тиіс»

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Қазталов ауданында болды. Өңір басшысы жұмыс сапарын Чапаев-Жалпақтал-Казталов республикалық жолының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысудан бастады.

qaztalov (2)

Бүгінгі күнде бұл жолға «Uniserv» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта Жалпақтал ауылынан асқан қатқыл табанды жол аудан орталығына 35 шақырым қалып отыр. «Uniserv» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына 60-ға жуық адам, 30 шақты техника жұмылдырылуда. Өңір басшысы жолшылармен әңгіме барысында ауа райының қолайлы уақытын пайдаланып, демалыссыз жоспарлы жұмыстарды атқаруды міндеттеді.

–Қыс айларында жол салу жұмысы тоқтатылады. Демалыстарыңыз сол кезде болғандықтан әрбір күнді, әр сағатты тиімді пайдаланыңыздар. Қазталовқа баратын жолды бітіруміз керек. Одан әрі қарай Жәнібекке, Бөкейордаға жол салуымыз қажет. Қыс мезгілінде жол құрылысына қажетті құрылыс материалдарын дайындап, ерте көктемде жұмысты бастау керек. Қазір ауа райы тамаша, жұмысты тоқтатпай, күз айының соңына дейін жұмыс жасау қажет. Негізі үш жыл, бірақ екі жыл ішінде жол құрылыс жұмыстарын бітіруіміз керек. Сіздер дайын болсаңыздар, қаржы бөлінеді,-деп бірқатар міндеттер жүктеп, жұмысшылармен де кездесті.

Мұнан кейін өңір басшысы Жаңажол аулындағы кіреберіс және ауыл ішіндегі көшелердің жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Жаңажол ауылының кіре берісі мен Жалпақтал ауылына апаратын шыға беріс жолдарына және ауыл ішіндегі ұзындығы 7,4 км болатын 3 көшеге қатқыл табанды жол салу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар Жаңажол ауылындағы 4 көшеге жаяу жүргінші жолы да сапалы салынған. Бұл құрылыс жобасына республикалық, облыстық бюджет есебінен 510 млн. теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі күнде 6,4 шақырым жолы сапалы салынып, ауыл халқы риза. Кездесуде «Айдана» ЖШС басшысы Аветик Амирханян құрылыс жұмыстары жайында баяндап, еңбек ардагері Нағым Ризуанов облыс әкіміне ел атынан алғысын білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Жалпақтал ауылында болып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Бұл жұмыстарды «Эврика» ЖШС жаздың алғашқы айынан бастап атқарып келеді. Тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 112 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, қараша айының соңына таман аяқтау көзделуде. Сонымен қатар «Қалдығайты» ЖШС инженерлік коммуникациялық жұмыстарын да бастап кеткен. Өңір басшысы сала мамандарына қауіпсіздік шараларын қадағалауды және сапалы болу керектігін айтты. Тұрғын үйдің құрылыс нысандарын аралау барысында аудан әкімі Абат Шыныбеков жұмыс жоспары жайында әңгімелеп, алдағы уақытта тағы да екі 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын, спорттың алаң салу жоспарда бар екенін сөз етті.

Өңір басшысы одан кейін Киров – Шежін  каналын кеңейту, тазарту жұмыстарын көру мақсатында Ақпәтер ауылына жол тартты. Экскаваторлардың әр жерде топырақты тау қылып үйіп жатқанын мұқият шолып шыққан облыс әкіміне «Қазсушар» РМК БҚО бойынша филиал директорының орынбасары Төлеген Ғұмаров жұмыс барысын нақтылап түсіндіріп берді.

Казталов ауданында жүзеге асып жатқан ауқымды жобаның бірі – Киров-Шежін каналы. Бұл канал іске қосылған кезде Ресейдің Еділ өзенінен келетін су тәуелділігін азайтып, Жайық суын Қараөзенге әкелу мақсаты тұр. Аталған жобаны жүзеге асыру жыл сайын Жайықтан Қараөзенге 30 млн. текше метр көлемінде су айдауға, бұл өз кезегінде жылына 600-700 млн. теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Казсушар» мекемесі жүргізіп келеді. Киров-Шежін каналының қайта құру жұмыстарын өз көзімен көрген облыс әкімі:

-Біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге каналды жасап жатырмыз. Бұл су арнасы арқылы 180 шақырым жерде орналасқан Жайық өзенінің суын Қараөзенге жеткіземіз. Жоспар бойынша 30 миллион текше метр су баруы керек. Бүгін канал қазу жұмысымен танысып, құрылыстың қарқынды жүріп жатқандығына көз жеткіздік. Мақсатымыз – көктемгі суды тиімді пайдаланып, өзенге жеткізу. Құрылыс ойдағыдай аяқталған жағдайда 130 мың гектардан астам жер суланатын болады. Бұл мал өсірумен шұғылданатын шаруа жандарға керемет мүмкіндік туғызады. Қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарды уақытын да және сапалы аяқтауымыз қажет,- деді облыс əкімі Алтай Көлгінов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Тұрарбек АҚМУРЗИН,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

qaztalov (1) qaztalov (4) qaztalov (5) qaztalov (9) qaztalov (11) qaztalov (12) qaztalov (13) qaztalov (14)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале