Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылының халқы айтулы бір қуанышқа кенелді. Мұнда Орал-Атырау күрежолынан ауылға кіреберіс жолды жарықтандыру жобасы сәтті аяқталып, іске қосылды. Осыған орай алдымен Мәдениет үйінде салтанат өтті.
Салтанатта аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев осы хақында ой-толғамдарын кеңінен ортаға салды. Мәслихат хатшысы жарықтандыру жобасының жетекшісі Есенаман Жарылғасовқа аудан әкімінің естелік сыйлығын, осы істің жүзеге асуына қолдан келгенше жәрдемдескен Мәжит Оңдағанов, Төлеген Шманов, Алтай Қилышев, тағы басқа бірқатар азаматқа алғысхат табыстады.
2017 жылы аудан бойынша «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында 11 млн. 586 мың теңгенің 21 жобасы жүзеге асты. Ал биыл 52 млн. 160 мың теңгені құрайтын 39 жоба ойдағыдай мәреленді. Жоспарланған 44 жобаның жетеуі Тайпақ ауылдық округінде.
- Жыл басында өткен жерлестер форумының бір үлкен нәтижесі міне, осы. «Көз қорқақ, қол батыр» деген, алғашында кібіртіктеп кіріскен жобалар ойдағыдай жүзеге асып, елжанды азаматтардың еңбегі жанған күн болып тұр. Ел жастарының басы қосылып, халықтың бірлігінің арқасында біткен іс игілікке жарасын, -деді Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әленғали Кереев.
Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленов бүкіл жақсылыққа жанашыр, ынтымақшыл жігіттерге шын көңілден алғысын арнады.
Осыдан кейін ауылдың кіреберісіндегі жарық шамдары іске қосылды. Тайпақ түлектері болып табылатын, бүгінде Оралдағы, «Б.Құрылыс» ЖШС-ның директоры Есенаман Жарылғасов пен кәсіпкер Жандос Айтмағанбетов жетекшілік еткен жарықтандыруға 13 млн. 780 мың теңге жұмсалған. Бұл қаржының көп бөлігі осы жомарт жандарға тиесілі. Тұрғындар да шама-шарықтарынша қаржылай көмектескен. Ұзындығы 3 километр 300 метрді құрайтын желіге 70 темірбетонды бағана орнатылды. Жаңа трансформатор алынып, іске қосылды. Әрқайсысы 11 мың тұратын электрүнемдегіш шамдар Малазиядан сатып алынған.
Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тайпақта жоспарланған 7 жобаның алтыншысы. Жыл соңына дейін Жаннат Таскеновтың жетекшілігімен әр жылдардағы түлектер 4 млн. 500 мың теңгеге Тайпақтың кіреберісіне арка орнатпақ. Сондай-ақ Құрман Байсықов атындағы мектептің түлегі, бүгінде Базаршолан ауылдық округінің әкімі Ерлан Темірғалидың жетекшілігемен,1966 жылғы туғандардың демеушілігімен 750 мың теңгеге балалар ойын алаңы салынады. Серік Бектұрғанов жетекшілігімен ауыл көшелеріне аялдамалар салу да көзделіп отыр.Бекболат ҚАЛЕНОВ,
суреттерді түсірген Нұрхат МАҒЗОМ
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер