Вальтер ағай өзінің «Зенит» фотоаппаратымен «қаруланып», ауылдың қара домалақ балаларын, сыйлы азаматтарын, жерлестерінің тұрмыс-тіршілігін фотоға түсіріп, баршамызға шексіз қуаныш сыйлайтын еді. Тек өзі ғана емес, өзгенің де бақытты, қуанышты болуын тілейтін жаны жомарт, неміс халқының ұлы – Дитман Вальтер Гергардовичтің өмірі мен тағдыры, көрген-білгені туралы сол кезде балалықпен сұрап-білуді де ойламаппыз. Арада жиырма жылдай уақыт өткен соң тағдыр мені осы ғажап адамға тағы бір жолықтырды.
...Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында ұйымдастырылған «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік шаралардың біріне ауылда тұратын түрлі ұлт-ұлыс өкілдерін шақырған болатынбыз. Осы шараға Бөрлі ауданы бойынша бурят халқының қызы Арелтуева Галина апай, қазірде марқұм болған Бөрлі орта мектебінің директоры Георгий Михальчук, белорус халқының өкілі, татар диаспорасының өкілі Хасанова Галя апайлармен бірге Вальтер Гергардович те қатысты. Бағдарламаның басында сөз сөйлеген Вальтер ағайдың үлкен толғаныспен орысшалап бастаған лебізі кенет үзіліп қалды. Сөздің ретін табамын, саптауын әдемілеп келтіремін деп әуре болған қонағымыздың шыдамы таусылып, қолын бір сілтеп: «Әй, одан да өзімізше айта берейін!» деп қазақшалағаны барлық көрерменді ризашылыққа бөлеп, ду қол шапалақтауға жетеледі.
2010 жыл – Германияның Қазақстандағы жылы болып жариялануына орай Бөрлі ауылын мекендейтін, ұлты неміс, осы ұлт өкілі ретінде ауылда қалған жалғыз азаматы туралы Вальтер Гергардовичтің жеке мұрағатының құжаттары мен әңгімесіне сүйене отырып, тарихтың біздерге беймәлім талай тұстарын аштық. Ресей патшасы ІІ Екатеринаның 1762 жылы жарияланған манифестері бойынша Ресей еліне қоныс аударған халықтардың барлығына жер бөлініп, жағдай жасалған.
1764 жылы Еділ өзенінің бойында Саратов пен Камышин қалаларының ортасында 106 неміс колониясы пайда болған. Қазақстан Ресей құрамына енгеннен кейін ХІХ ғасырдың басында неміс халқының кейбір өкілдері қазақ даласын мекендеп бастаған.
Фашистік Германияның Кеңес Одағына 1941 жылғы тұтқиылдан шабуыл жасауы неміс халқының тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертіп жіберді. Сол жылдың тамыз айында Сталиннің «Еділ бойындағы немістердің көшірілуі туралы» арнайы жарлығы шығарылды. Жарлыққа сәйкес немістер Сібір, Қазақстан мен Орта Азияға қоныс аударуы керек еді. Сол жылдары көптеген немістер Қазақстанға жер аударылды. 1941 жылдан 1955 жылға дейін немістерге «арнайы көшірілген халық» деген статус беріліп, азаматтық құқықтарын да шектеп отырған. Олар көбінесе құрылыстарда, заводтарда, егісте еңбектенді, ал неміс халқының зиялылар қауымы қарапайым ауыл мұғалімдері, агроном, инженер қызметтерін атқарған. 1964 жылы Кеңес Одағының немістері ақталып, оларға тағылған барлық айыптар алынды. 1972 жылдан бастап бұрыннан мекен еткен жерлеріне оралуға рұқсат берілді.
Бұлдырты совхозының 1949 жыл бойынша барлық құжаттары папкаға тігіліп, қазіргі Сырым аудандық мұрағатында сақталған. Сол қағаздардың арасында, сарғайған ескі парақтардың бірінде егіс шараларына қатысқан тракторшылардың тізімі жазылған. Шамасы, бұл қағаз тракторшыларды марапаттау мақсатында совхоз, әлде аудан басшылығына арналып жазылған сияқты. Сол тізімдегі екінші жазылған Г. Дитман деген кісінің аты-жөні қызыл сиямен сызылып тасталған. Ал парақтың жоғарғы бұрыштамасында «Бухгалтерге, қайта көшіріп жазу» деп көрсетілген.
Дитман деген фамилия 1941 жылы арнайы көшірілген немістердің тізімінде бар болатын. Жымпиты комендатурасы көшіп келген барлық неміс отбасыларын, олардың бала-шағасына дейін қатаң бақылауға алып, есеп жүргізіп отыратын болған. Ай сайын міндетті түрде барлық неміс азаматтары, балалары қайта тіркеуге алынып, дүниеге келіп, өмірден озғандар жайындағы мәліметтер толықтырылып отырған.
Сақталған құжаттардың бірінде: «Вальтер (Валентин) Гергардович Дитман Куйбышев облысының Сосновка ауылында 1935 жылы дүниеге келген» делінген. Енді біреуінде: «Лидия Гергардовна Дитман Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Розенталь ауылында 1937 жылы туған» деп көрсетілген. Солай, ағайынды Дитмандар 1941-42 жылдары Бұлдыртыға көшірілген. Коменданттың құжаттары мен аудандық атқару комитетінің қоныс аударту туралы шешімінде Валентин мен Лидияның ата-анасы туралы ешбір мәлімет берілмеген. Кейінгі құжаттардың бірінде 14 жасар бозбаланың Вальтер Дитманның Жымпиты ауылындағы мекенжайы көрсетілген: Чапаев көшесі, 26-үй. Бұл мекенжай сол кездегі жымпитылықтардың бәріне таныс болатын. Тағдырлас талай жетім балаларды паналатқан балалар үйі бұл.
Осы ресми деректерді өзінің балалық естеліктерімен толықтыра түскен Вальтер Гергардович өмір жолы туралы былайша әңгімеледі.
- Міне, келесі жылдың қаңтарында жетпістің бесеуіне толамын. Өткен өміріме көз жүгіртіп қарасам, қаншама азап, бейнет, сонымен бірге жақсылық көріппін. Қарындасым Лида екеуміз әке-шешемізден ерте қалдық. Әкем Дитман Гергард Иванович 1937 жылы 22 жасында репрессияға ұшырап, Сібірдегі лагерьге 10 жылға айдауға жіберілді. Совхозда тракторшы болған. Соның есімі тізімнен сызылып тасталған. Анам Августа Бергольдовна 1941 жылы сотталып, 10 жылға абақтыға қамалды. Ойлап қарасам, айыбы – екі балапаны – біздерді асырау үшін үйде жасырап қалған қара бидай үшін тартқан қатаң жазасы болатын. Қылышын сүйретіп қыс келген шамада біздерді аяған ауылдастарымыз Жымпитыдағы балалар үйінің сол кездегі директоры Арыстанов Сатан ағайға өтініш жазып, Лида екеумізді орналастырды. Әкем 1947 жылы Сібірден оралып, Бұлдырты ауылында 1950 жылы дүние салды. Бірнеше жылдан соң ақталды. Анам кесілген 10 жылының 8 жылы мен 3 айын өтеген соң, ауылға оралды. Біздер болсақ, мектепті бітірген соң жан-жаққа өз бақытымызды іздеуге кеттік. Жоқшылық пен жетімдікті көрген біздер өмірдің берген әр сәтіне қуанып, ертеңімізге үлкен сеніммен қарайтын едік. Алматы қаласына барып, фотосуретші, тігін машиналарды жөндеуші, токарь мамандығын меңгерген соң, жаным қалаған жерлерге барып, адал еңбек еттім. Жүрегіме ыстық Жымпитымда токарь болып бірнеше жыл жұмыс жасадым. Әкемнің туысқандары мекендеген Жезқазған қаласының, Орал қаласының заводтарында мамандығым бойынша біраз уақыт еңбектендім. Лидия Орал қала-сының медициналық училищесін аяқтап, ақ халатты абзал жандар қатарына қосылды. Күндердің күнінде тағдырдың берген үлкен сыйы – Бөрлі ауылына жұмысқа шақырылдым. Келіп орналасқаннан кейін қарындасым мен анамды көшіріп алдым. Балаларымыз Светлана, Владимир, Алена жан-жақта болғанымен, хабарласып, аман-саулығымызды біліп тұрады. Жарым Галина Михайловна екеуміз ұл-қыздарымыздың, немере-жиендеріміздің, менің фамилиямды, ұрпағымды жалғастырушы шөберемнің қызығын көріп отырмыз. Қарындасым Лидия Гергардовна көп жылдар бойы Бөрлі ауылының ауруханасында қызмет жасап, бүгінде тарихи Отанымыз Германияға қоныс аударды. Ал мен болсам, өз Отаным – Қазақстанды қия алмаймын. Жусан иісі аңқыған сайын далама не жетсін, шіркін! Өз бағымда жүзім, алма, жидек өсіріп, Жаратқанға әр берген сәті үшін ризашылығымды айтып отырамын. Тарихи Отаным Германия болса да, құшақ жая қарсы алған Жымпитымның жаңалықтарын естуге асығып отырамын. Балалар үйінде бірге өсіп, қара нанды бөлісіп жеген, Орал қаласының тұрғыны болған жан досым Елисеев Михаил Петрович өмірден озды. Өмір деген үлкен той. Адам баласы болса дүниеге бір-біріне тек жақсылық істеу үшін ғана келеді емес пе? Қазіргі заманның уайым-қайғысы жоқ жастарына қарап, неге адал жолдарынан таятынына, жақсылық жасауға сараң болатынына, өмірді құрметтемейтіндеріне таңғаламын.
Елбасымыздың парасатты саясатының арқасында, міне, орысымыз, немісіміз, әзірбайжан, тәжіктер – бәріміз ұлы қазақ даласын мекен етіп жүрміз. Мен үшін Отан – қуаныш пен қайғыңды бірге бөлісіп жүрген достарыңның, өмір бойы еңбек жасап, қалыптасқан ортаң. Байғұс анам да, жатқан жері жарық болғай, қанша бейнет көрсе де, көзін жұмғанша: «Қазақстан – сенің елің, балаларыңның Отаны, мен де осы жерден мәңгілік сапарға кетемін» деуші еді.
Иә, өмір жолының асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын жан ғана өте алады. В. Дитман бойындағы ең асыл қасиеттері – адалдығы, төзімділігі, өз Отаны – қазақ еліне деген ақ пейіл, шынайы ықыласы қазіргі жастарға нағыз үлгі боларлықтай.