Шыңғырлау ауданының барлық ауылдық округтерінде Ашық әкімдік күндері оздырылды. Аудан әкімі Альберт Есалиев бастаған мекеме, бөлім басшылары халықпен жүздесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, ой-пікірлерімен бөлісті.
Алмазда жұртшылық аудан орталығынан келген басшылардан өздеріне қажетті мағлұматтар алып, ақыл-кеңестеріне қанықты. Қазіргі таңда ауылдағы шөп, жұмыссыздық, мал бағатын бақташының жоқтығы туралы мәселелер ортаға салынды. Ауыл-елдің жағдайы тек қана Үкімет тарапынан ғана емес, жергілікті халықтың ынта-жігеріне, еңбекке деген қабілетіне де тікелей байланысты екендігін аудан әкімі әрбір жұмыс сұраушы тұрғынға шама-шарқынша түсіндіріп бақты.
- Көптеген мәселелердің ауыл пайдасына шешіліп жатқандығы, шағын және қомақты несиелер, көмек қолдаулардың нақты екені айдан анық. Тек заман ағымына қарай қарекет қылып, қол қусырып отырмаған жөн,- деді аудан басшысы.
Ақшаттағы іссапарда ауыл-елде мал басының көбейіп, шағын кәсіпкерліктің дамып келе жатқанының да куәсі болдық. Әсіресе, мал өнімдерін пайдалану арқылы үйдің бюджетін толықтырып отырған ауыл әйелдерінің еңбектері зор. Сары май, құрт-ірімшік, тары-талқан сатып отырғандардың дені тек күн көріс үшін емес, бұл жұмысты бизнеске айналдырғандары да бар екен. Базарда тұрып уақытыңды алғанша, үйден-ақ What'app желісі арқылы сауда- саттығыңды жүргізе бересің дейді жаңашылдыққа ден қойған ауылдағы әжелер.
Жұмыс жөнінде аудан әкімімен арнайы кездескен бір топ ақшаттық тұрғындар бәрінің де биржаға тіркеліп жұмыс істеп жүргендерін, бірақ тұрақты жұмыстың жоқтығынан тағы да өтінішпен келгендерін жасырмады.
Ашық әкімдік күндері Қарағаш, Ақбұлақ ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
Тұрғындар көкейтесті сұрақтары бойынша басшылармен жеке-дара сөйлесуге мүмкіндік алып, олардың жауаптарына қанағаттанды. Бұл округтерде де биылғы жылғы шөптің тапшылығына орай бағаның қол жетімді болуын қадағалау, жұмыс мәселесі, қараусыз мал, бақташының жоқтығы туралы тұрғындардың арыз-шағымдары тыңдалды. Ауыл тұрғындарына жұмыспен қамту шаралары, шағын несие, құс өсіру, сүтті, етті ірі қара мал сатып алудың жолдары, әлеуметтік қолдау туралы тағы бір мәрте түсіндірілді.
Көрші ауылдарға қарағанда, Қарағашта мал басы көп емес, ал шөп бағасы шығымына қарай болар, аз-мұз арзанырақ. Бір орам шөпті 1800 немесе 2000 теңгеге сатып алуға болады. Десек те, тұрғындардың оны да місе тұтпай отырғаны көңілді жүдетеді. Жері шүйгін, суы мол Қарағаш жерінде, әсіресе, асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендету дұрыс болар еді, осы тұрғыда мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар бойынша біраз істер атқарылса деген бағыттар берілді. Ауыл тұрғындарына осы бағытпен сүтті мал тұқымын алып өсіруге кеңес берілді.
Ақтау ауылдық округінде өткен ашық әкімдік шарасында тұрғындардың өтініштері негізінен алдағы уақытта ауыз су қорының жинақталуына деген алаңдаушылықтан басталды. Сонымен қоса ауылда интернет желісінің жоқтығын тілге тиек етіп, аудан басшысына өтініштерін айтты, жол мәселесін, сатылымға шыққан шөп бағасы, жұмыссыздық туралы мәселе көтерді. Дәрігерлік қызметке деген шағымдары да қаперге алынды.
Ашық әкімдік шарасы ауыл-елдің тыныс-тірлігімен жете танысуға тағы бір мүмкіндік болып, алдағы күннің жоспарына нақты міндеттер қойылды.
Айсұлу Муса
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz