28.03.2020, 14:01
Оқылды: 57

БҚО бас санитариялық дәрігері ТЖ кезіндегі жаңа шектеулер туралы айтты

Бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев облыс тұрғындарына төтенше жағдайға байланысты қабылданған қосымша шектеу шаралары туралы мәлімдеме жасады.

rsk-768x432_800x450
- Елімізде жаңа коронавирустық ахуал тұрақсыз боп бара жатқанын байқап отырсыздар. Соған байланысты облыстың бас санитариялық дәрігері ретінде бірқатар өзгерістермен қаулы қабылдауға тура келді. Батыс Қазақстан облысы аумағында жаңа коронавирустық жұқпаның әкелінуі мен таралуының алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданып, шектеулер күшейтілуде. Күні бүгінде өңірімізде коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Дейтұрғанмен қауіпсіздік шараларын күшейте түсуіміз қажет. Провизарлық стационарда 53 адам жатыр. Олардың бәрі де лабораториялық тексерістен өтті. Нәтижесі теріс, яғни коронавирус вирусы анықталған жоқ. Облыстың бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес облыстың елді мекендерінде сауда орындарына шектеу қойылған болатын. Сол шектеулер еш өзгеріссіз сақталады. Оған қосымша бүгін түскі 12.00-ден бастап барлық тамақтандыру орындары - асханалар, кафелер, мейрамханалардың жұмыс кестесін таңертеңгі 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін шектеуге мәжбүрміз. Алайда тамақтандыру орындары кешкі 18.00-ден түнгі 22.00-ге дейін клиенттерден тапсырыс қабылдап, оны тапсырыс берушінің үйіне жеткізе алады. Сондай-ақ тағы бір шектеу жолаушылар тасымалына қатысты болып отыр. Барлық ресми тіркелмеген жеке тасымалдаушылардың жолаушылар тасымалына тыйым салынады. Автобус қатынасын қоспағанда аудандар арасында және Ақтөбе, Атырау облыстары бағыттары бойынша ресми тіркелмеген тасымалдаушыларға  (емделуге бара жатқан тұлғаларды қоспағанда) облыстар мен аудандар арасында жолаушы тасымалына тыйым салынып отыр. 30 наурыз күнгі 24.00-ден бастап осы ресми шектеу күшіне енеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарының Батыс Қазақстан облысы аумағынан Ресей Федерациясына шығуына тыйым салынады. Батыс Қазақстан облысы аумағына басқа өңір тұрғындарының кіруіне болмайды. Облыс тұрғындарына автобустармен қатынауға рұқсат, емделуге бара жатқан тұлғалардан басқаларға Атырау, Ақтөбе бағытына жеке көлігімен, такси көлігімен баруға тыйым салынады. Осы шектеулерді облыс тұрғындарының сақтаулары сұралады. Мұның бәрі облыс тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шаралар, дұрыс түсініңіздер, - деді М. Арыспаев.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале