3.03.2015, 12:55
Оқылды: 56

Айыппұл өндірудің ҚАРҚЫНЫ ТӨМЕН

20150225_164440


Сәрсенбіде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасы мемлекеттік мекемесінде уәкілетті органдар салған әкімшілік айыппұлдардың өндірілу қарқынының төмендігіне байланысты жедел кеңес өтті.


Шара тізгінін ұстаған басқарма басшысы Жанат Нұрмағамбетова жеке және заңды тұлғаларға салған әкімшілік айыппұлдарды пайыздық көрсеткішімен көрсетіп, борышкерлерден айыппұлды өндіру жолдарын ұсынды.

Ағымдағы жылдың 20 ақпан аралығында қалыптастырылған “Уәкілетті органдармен әкімшілік құқықбұзушылықтарды қарау және олардың нәтижелері” туралы ф. №1-АД есептік көрсеткішіне сәйкес, облыс көлемінде 12 035 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, оларға 452 млн. 702 мың теңге әкімшілік айыппұлдар салу туралы қаулы қабылданған. Бүгінгі таңда бюджетке аталмыш айыппұлдың  29 млн. теңгесі ғана өндірілді. Жалпы анықталған 12 035 әкімшілік құқықбұзушылықтың 11 522-сі, яғни 95%-ы қоғамдық тәртіп саласы мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне тиесілі. Уәкілетті органдармен салынған айыппұлдардың 83%-ы мемлекеттік кірістер органына, 16,5%-ы ішкі істер органына тиесілі екен. Өндірілмеген айыппұлдардың басым көпшілігі заңды тұлғаларға салынған, яғни  369 млн. 930 мың 812 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 423 млн. 684 мың 407 теңге өндірілмей қалған.

Жиынға  қатысқан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Амангелді Ешмұханов пен  облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Хамидолла Куставлетов және ІІД басшысының орынбасары Талғат Ахаев, қалалық әкім аппаратының құқықтық-мемлекеттік жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы Мұрат Өміралиев, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сергей Щербина мен аталмыш мекеменің бөлім басшысы Гүлнар Ибрашева борышкерлерден өндірілмей қалған айыппұлдардың қайтарылу жолдарын  талқылап, ұсыныстарын білдірді.


 

Гүлсезім БИЯШЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале