7.03.2015, 18:26
Оқылды: 62

Атамекендегі «ЖЕРҰЙЫҚ»

2807


Ақжайық ауданына қарасты Атамекен ауылында «Жерұйық» атты шағын мұражайдың ашылғанына көп уақыт өткен жоқ. Бірақ осынау аз уақыттың өзінде мектеп оқушылары, ауыл қонақтары қызыға бас сұғатын мекенге айналды.


 Мұражай осы ауылдағы Махамбет Өтемісұлы атындағы негізгі мектеп жанынан ұйымдастырылған. Мұнда 7 экспозициялық бөлім бар. Соның бірінде Тайпақ топырағында XIX-XX ғасырда өмір сүрген атышулы тұлғалардың – Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Жұбан Молдағалиев, Сағат Әбдуғалиев, сондай-ақ көпшілік біле бермейтін Арыстан әулие Жұмалыұлы, Бисекеш ақын Есжанұлы, Сүгір жырау Мырзалыұлы, Шомбыр батыр Болатұлы т.б. жөнінде тың деректер, жәдігерлер қойылған. Музей көне жәдігерлеріне қоса, заманауи талаптарға сай безендірілген.

– Бұл тұлғалардың ішінде Арыстан ата мен Шомбыр батырдың портреттері тұңғыш рет халыққа көрсетіліп отыр. Сондай-ақ соңында фотосуреті қалмаған Бисекеш ақынның портреті де баласының айтуымен салынып тұңғыш жария болды, – дейді музейдің меңгерушісі Жәнібек Әбілпейісов.

Музей ашылғалы бері ауыл тарихына қатысты біраз тың жаңалықтар да белгілі болды. Мысалы, тарихи деректерден осы Антонов форпостында Сырым батыр болғаны, осы ауылда Алашорда қайраткері, қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі Есенғали Қасаболатов дүниеге келгені анықталды. Облыстық «Орал өңірі» газетін ұзақ жыл басқарған Мәжит Қайырғалиев ағамыз да осы ауылдың тумасы екен. Музей қорына Мәжит ағамыз тапсырған көне суреттер мен қолөнер бұйымдары төрден орын алған.


 Төрехан КӘРІМБАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале