19.08.2016, 15:39
Оқылды: 30

Басты ауыртқан мектеп формасы

форма (2)Жазғы демалыстың аяқталып, балалардың мектепке баратын күндері де жақын қалды. Қаладағы сауда нүктелерін араласаңыз баласына мектепке киім іздеп, сеңдей соғылысқан ата-ананы көзіңіз шалады.  Адамдардың қарасы әсіресе орталық базардың маңайында көп. Себебі түсінікті де, мектеп формасына қолжетімді баға осы жерде. Ал ірі сауда орталықтары мен арнайы киім дүкендеріндегі баға қарапайым халықтың қалтасына біраз салмақ түсірері анық.


Мектеп формасы қандай болуы керек?

 Жыл басында ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен діни алауыздықтың алдын алу бағытында орта білім беру ұйымдарына міндетті мектеп формасы талап етілген болатын. Ал бұл талап бойынша оқушылардың мектеп формасында  қандай шарттар сақталуы тиіс екенін білесіз бе?

Ең алдымен зайырлылық сипатта болуына мән беріңіз, киімнің пішіні классикалық үлгіде, бірыңғай түсті, үш түстен артық және тым ашық түстердің  болмауы ескерілуі қажет. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып  бөлінеді. Ер балалардың мектеп формасының топтамасына дара кастюм (бешпет), жакет, мерекелік  және  күнделікті жейде (қысқы аусымға тоқыма жакет  пен жылы жейде), кең тұратын әрі аяқтың тобығын жабатын шалбар кіреді. Ал қыз баланың үлесіне бешпет, жилет, белдемше (юбка), классикалық жейде (қысқы аусымда тоқыма жилет, жылы жейде, сарафан) және кең тұратын әрі тобықты жабатын шалбар тиесілі. Сондай-ақ мектеп формасына спорттық киімдерді (аяқ киім, футболка, спорттық костюм) қосыңыз. Әр мектептің қалауы бойынша мектеп формасының үстіңгі бөлігі мен галстукке  эмблема немесе жапсырмалар тағуға рұқсат етіледі. Алайда жарақат алуға ұрындыратын ұсақ-түйек заттардың тағылуына, әртүрлі конфессиялардың діни белгілерін енгізуге жол берілмейді.

 

Қай жерде, қанша тұрады?

 Орталық базар алаңында ашылған мектеп жәрмеңкесіндегі бағалар өзге дүкендермен салыстырғанда ақылға қонымды. Бұл жерде Қытайдың қара базарынан, Алматының барахолкасынан, Қытайдың Гуанчжоу өлкесінен, Қырғызстаннан әкелген тауарларды жиі кездестіресіз. Өкінішке орай, сапа жағынан Ресей мен Түркия елі өнімдерінен қалыс қалады. Айталық бастауыш сыныптың ер балаларына арналған костюмнің орташа бағасы 12-13 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға бешпет пен жакет, шалбар (кейбірінде қос шалбардан) кіреді. Киімнің өлшеміне қарай бағасы да арта береді. Ал бұл топтаманы дарадан сатып алсаңыз  бір шалбардың құны 4500-6000 теңге аралығында, бешпетіңіз де 5-6 мың теңгенің айналасы, жакет 1500-2000 теңге. Ақ жейденің бағасы 3500-ден сапасына қарай 8 мың теңгеге дейін өсе береді. Спорттық костюмнің ең арзаны 4500-8000 мың теңге аралығы. Аяқ киімдердің таза былғарыдан жасалғандары 8 мың теңгеден жоғары, егер жасанды теріден жасалған болса 3000 теңгеден оңай табасыз. Спорттық аяқ киімдердің төмен бағасы 4 мың теңге. Қыздардың да киімдері осы шамасында. Бастауыш сыныптың қыздарына арналған сарафандар 4000 теңге, ақ жейде 3000 теңгеден басталады, ал белдемшелер 3500-6000 теңгеден сатылуда. Оған өзге де шұлық, бантик, галстук, белбеу секілді аксессуарларды қоссаңыз әрқайсысы кем дегенде 2000 теңгені құрайды. Осы ұсақ-түйекті саудаласаңыз 10 мың теңге ақшаңыздан қалай қағылғаныңызды байқамай қаласыз. Сондай-ақ базар аумағындағы «Школа», «Адал», «Ресей жәрмеңкесі» дүкендеріндегі мектеп киімдерінің бағасы жоғарыдағы көрсеткіштермен бірдей деуге болады.

- Біреулер қалтасына қарап киім таңдайды. Арзанның аты – арзан. Тез тозады, тігістері сөгіліп, түстері тез оңғыш келеді. Дүкеннің ашылғанына төрт жыл болды, тауарларының барлығы Ресейден әкелінеді. Сапалары орташа, аса керемет дей алмаймын, алайда бізге сын айтып келген адамдар кездеспеді. Бағасы базармен бірдей. Тұрақты клиенттеріміз бар, - дейді «Школа» балалар киім дүкенінің Галина есімді сатушысы.

Әрине, қолжетімді көрінген бұл сомадағы киімдердің сапасы да соған сай. Төзімділігі әрі кетсе бір жылдан аса алмайды. Денеге жәйлі әрі бір кигенде құйып құйғандай үйлесе кететін, матасының құрамында синтетикасы жоқ, тігістері түзу әрі тура пішілген киімдер әлдеқайда қымбатырақ.

Мысалы, алысқа бармай-ақ сол маңдағы «Атриум» сауда үйіндегі оқушылар киімдері «аспандағы айды сұрайды». Бір ғана бешпеттің құны 23-25 мың, шалбары 15-16 мың, жейдесі 8-12 мың, аяқ киімдердің ең арзаны 8-10 мыңнан, спорттық аяқ киімдер 9-10 мың теңгеден басталады. Қыздардың сарафандары 10-12 мың, белдемшелері 9-10 мың, жейденің ең арзаны 8 мың теңгеден табасыз.  «City Center» сауда орталығындағы бағалар да осы құралыптас. Өйткені бұл сауда орындарындағы тауарлар Түркия, Ресей, Германия, Италия елдерінен тасымалданады. Есесіне бұл киімдердің сапасы киюге төзімді, қанша жуылса да өңін жоғалтпайды, екі-үш жыл қатарынан үздіксіз киюге жарамды. Бұдан кейін қаламыздың  «Мектеп формасы» (Спецодежда) дүкеніне бас сұқтық. Бұл жердегі баға да қалтаға жеңіл соқпасы анық, бірақ сапаға жоғары мән берілген. Дегенмен отандық өнімнің иісі мұрынғы да келмейді, жапсырмадағы өлшемдер қазақша жазылғаны болмаса, тауарлар Ресейдің Новосібір облысында тігілген.

Сонымен...

Киімді қай жерден сатып алған тиімді? Егер базардан алсаңыз бастауыш сыныптағы бір ұл-қызыңызды киіндіруге кететін шығын шамамен 25-30 мың,  арнайы мектеп формасы дүкенінде 45-60 мың, ірі сауда орталықтарында 70-90 мың теңгені құрайды. Бұл ең төменгі көрсеткіштер және бұған оқу құралдары мен мектеп сөмкелерін қоспаңыз.

Осылайша қала бойынша бағаларды сараптап көрдік. Енді қалай таңдайсыз, қайсысын қалайсыз, «көрпеңе қарай көсілу» өз еркіңізде?

 

Ләззат ШАҒАТАЙ
«Орал өңірі»
www.zhaikpress.kz 

 

Айжан Насихат, қала тұрғыны:

- Барлық мектепке ортақ бірыңғай мектеп формасын енгізетін уақыт келді деп ойлаймын. Әуелден айтылып келе жатқан даулы мәселе болғанымен, арнайы заң болмағандықтан, әркім өз қалауынша киініп жүрді. Биыл білім министрінің бұйрығымен міндеттелді.  Бүгінде қала мектептеріндегі киім үлгісі  әр мектепте әр түрлі.  Бұл мектеп үшін жақсы болғанымен, оқушы басқа мектепке ауысқан кезде тағы да сол мектептің формасын тіктіруге тура келеді. Ата-ана тағы да сол үшін қалтасын жұқартады. Мысалы 2 сыныпқа баратын ұлыма тек күзгі мектеп формаларын алуға 25 мың теңге қаржы  жұмсадым. Бұған сөмке мен спорттық киімдерді, оқу құралдарын қоспаңыз. Мен анау-мынау дүкендерден емес, базардан ең арзанын алдым. Бұл деген масқара емес пе? Отбасында отағасының ғана жұмысы бар. Сонда көп балалы отбасылардың балалары қайтпек?

Бәріне ортақ, жалпы үлгідегі мектеп формалары отандық өндіріс орындарында  дайындалып, жалпыкөпшілікке  қолжетімді, базарларда саудаға шығарылса қарайған жұрт сол жерден алар еді.

 

Нұрғайша, қала тұрғыны:

- Қызым қаламыздағы №38 мектептің оқушысы. Оқу жылының соңында ата-аналар жиналысында бірауыздан келісіп, мектеп формасын қаламыздағы «Мектеп формасы» (Спецодежда) дүкенінен сатып алатын болып келістік. Бұл жерден жакетті 5800 теңгеге, белдемшені 5900 теңгеге, бешпетті 10000 теңгеге, жылы жемпірді 4 мың теңгеге сатып алдық.  25 мың теңге ақшам тек төрт дана киім алуына ғана жетті. Бір артықшылығы дүкендегі киімдерді жыл бойына сатып ала беруіңізге болады. Сапасында сөз жоқ, өте жақсы тігілген. Артық қылау таппайсың. Өкінішке орай бағасы шарықтап тұр, оқы жылы жақындаған сайын бағасы да өсіп жатыр. Әлі спорттық киімдері мен оқу құралдарын алу керек, оның да бағасы күйіп тұр.  Құзырлы мекемелер мектеп формасын әр мектеп бойынша емес, Қазақстан бойынша бірыңғай етіп, барлық сауда нүктелерінде бірыңғай бағамен шығаруды қолға алса құба-құп болар еді.

 

            Жанат, қала тұрғыны:

- Қызым №43 мектептің 4-сыныбына барады. Мектептің келісімі бойынша  «Мектеп формасы» (Спецодежда) дүкенінен барып киім алдық. Бұл жердегі бағалар көңіліме қонбады. Өте қымбат. Осы жерден қызымның белдемшесі мен ақ жейдесі, жакетіне 15100 теңге жұмсадым. Одан бөлек бешпетін 10800 теңгеге алдым. Осыдан бір ай бұрын барғанда бешпеттің бағасы 9800 теңге болатын. Өзге киімдердің де бағалары 700-1000 теңге аралығында шарықтап кетіпті. Кәсіпкерлердің ата-аналардың қалтасын қағып, аяқ астынан тез байғысы келген шығар. Бұл әрекеттерін ұят деп санаймын.

 

Зәуре Ғұмарова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл ҚР Білім және Ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы бойынша мектеп формасы барлық орта білім беру ұйымдарына міндеттелді. Алайда әр мектеп ата-аналар жиналасының жалпы қорытындысы бойынша қандай үлгіні қалайды, таңдау өздерінде. Сондай-ақ киімді базардан ба, дүкеннен бе, тапсырыс беріп алдырады ма оған біздер араласа алмаймыз. Нарықтық экономикаға байланысты әр кәсіпкер бағаны өздері қадағалайды. Дегенмен аз қамтылған отбасының балаларына, жетім және қорғаншылықтағы балаларға жалпыға бірдей білім беру қорынан қаржы бөлініп, мектепке баруға көмектесеміз. Сондай-ақ «Мектепке жол» акция барысында  да демеушілердің көмегімен бұл мәселені шешіп келеміз.

 

 

Киім атаулары Базар

«Мектеп жәрмеңкесі»

(теңге)

 

Сауда үйлері (Лаура, Рашид, Адал, Школа, Ресей жәрмеңкесі)

(теңге)

«Мектеп формасы»  арнайы дүкені

(Спецодежда)

(теңге)

«Атриум», «Сити Центр» сауда орталықтары

(теңге)

Ер балалар костюмі

 

12000-13000 12000-13000 13300-20700 30000-35000
Бешпет (ұл)

Бешпет (қыз)

 

5000-8000

5000-8000

5000-9000

5000-9000

5900-10800

5900-10800

20000-25000

15000-20000

Сарафан (қыз) 4000-7000 5000-8000 7300-8000 10000-15000
Жакет (ұл)

Жакет (қыз)

 

1500-2000

1500-2000

2000-3000

2000-3000

 

5900-7000

5000-10000

5000-10000

Ақ жейде (ұл)

Ақ жейде (қыз)

 

2000-5000

2000-5000

3000-5000

3000-5000

3000-4000

4000-5000

5000-8000

5000-8000

Белдемше (юбка)

 

3500-5000 4000-5000 5800-7000 6000-15000

6000-15000

шалбар (ұл)

шалбар (қыз)

 

4000-6000

4000-6000

4500-7000

4500-7000

4600-6500

5900-7000

12000-15000

12000-15000

спорттық костюм (ұл)

спорттық костюм (қыз)

 

4500-8000

4500-8000

5000-10000

5000-10000

8300-10000

8300-10000

15000-20000

15000-20000

 

Футболка (ұл)

Футболка (қыз)

 

1000-2000

1000-2000

1500-3000

1500-3000

1200-2000

1200-2000

3000-10000

3000-10000

аяқ киім (ұл)

аяқ киім (қыз)

 

3000-5000

3000-5000

3000-9000

3000-9000

10000-20000

10000-20000

спорттық аяқ киім (ұл)

спорттық аяқ киім (қыз)

 

3000-5000

3000-5000

4000-8000

4000-8000

10000-20000

10000-20000

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале