28.07.2016, 9:37
Оқылды: 48

Бір ғасырға қадам бастық

Ұран-газеті-350x232

Бүгін - Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауында тұрған «Ұран» газетінің туған күні. 1917 жылдың 28 шілде күні алып Ресейде патша үкіметі құлап, Уақытша билік орнаған аласапыран кезеңде бөкейлік қазақ зиялыларының жанкешті әрекетімен жарық көрген «Ұран» газетінің алғашқы саны шыққанына 99 жыл толды.


 «Ұран» газеті – бүгінгі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің түп атасы. Дәл осылай сенімді айту үшін біз көп тер төгіп, еңбектендік. Жүйелі, тыңғылықты жұмыстандық. Осыған дейін де бұл ісіміздің мақсаты мен маңызы туралы айтқанбыз. Міне, 100 жылға қадам басарда, «Ұран» газетінің алғашқы нөмірі шыққан күн қарсаңында оқырманның есіне тағы бір салып қоюды жөн санадық.

Отарлауды басты мақсат еткен жүйе еліміздің шынайы тарихын бұрмалап, шындықты жасырып, өз саясатына қолайлы, оң жамбасына ыңғайлап құрастырылған тарих жасады. Соның салдарынан қазақ елі үшін ерен еңбек еткен талай тұлғаларымыз бен олардың атқарған істері беймәлім болып, саясаттың құрбанына айналды. Тәуелсіздігіміздің арқасында ғана осы олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіншілік алдық.

Солақай саясаттың салқынынан теперіш көрген, ғасырға жуық үздіксіз жарық көрген облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің тарихы оқырманын бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Себебі бұл басылымдар – аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың, бүгінгі біздің қиыншылық пен қуанышты бірге өткерген серігіміз, ақылшы, кеңесшіміз.

Ұзақ жылдар бойы «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері 1918 жылы 17 қарашада Ордада большевиктер шығарған «Хабар-Известия» газетінен бастау алды деп келдік. Алайда қос басылымның тарихы Кеңес үкіметінің құрылуынан кейін басталғанына іштей күмәнданатын едік. Бұған дейін де өңірімізде толыққанды басылымдар болғаны көпшілікке мәлім. Тағдырлас қос газеттің тарихын зерттей жүріп күмәніміздің оң-терісін айқындадық.

Айта кету керек, «Жайық Пресс» медиахолдингі аға буын ісіне адалдық таныту үшін әрқашан қызмет етіп келеді. «Ұран» газетіне арналған жинақтың көпшілікке, маман-ғалымдарға таныстыру үшін бірнеше шара өткізілді. Астана қаласында Л. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің Отырар кітапханасында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде кітаптың таныстырылымы ұйымдастырылса, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақстан-Zaman», «Астана ақшамы» т.б. газеттерде көлемді мақалалар басылды.

Орал қаласында тарихшылар мен маман-ғалымдардың басқосуымен арнайы дөңгелек үстел өткізіліп, Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің бастауы Совет кезінде бекітілген 1918 жылғы 17 қараша емес, 1917 жылғы 28 шілдеден бастау қажеттігі туралы ұсыныс айтылып, ол бірауыздан мақұлданды. Бұл жөнінде қаулы қабылданып, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігіне арнайы хат жолданды.

Біз газетіміздің шыққан жылын әріге шегеріп, жасын ұлғайтуды мақсат еткен емеспіз, ең бастысы – шындықты, ақиқатты айқындау. Бұл Кеңес үкіметі тұсындағы 73 жыл бойы айтуға, тіпті ойлауға тыйым салынған жағдай еді. Азат ел болғанымызға тәубе. Өткенімізді саралап, жақсылығын ұрпаққа айтатын күн де туды.

Міне, дәл бүгіннен бастап біз, Батыс Қазақстан облыстық газеттері, өзінің ұзақ тарихындағы бір ғасырлық межеге қадам басып отырмыз. Алдағы 2017 жыл – ұлтымыз үшін аса маңызды Алаш қозғалысының 100 жылдығы, бүгінгі Қазақстан үшін дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі өтетін мәртебелі жыл ғана емес, бастауында Ғұмар Қараш, Бақыткерей Құлманов, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды ұлт көсемдері тұрған «Ұран» газетінің де ғасырлық тойы. Мұны білу, мұны ескеру – бізді, бүгінгі журналистерді, ағалар аманатына, ұлт қызметіне адал болуға шақырады.

Бұл жылды «Жайық Пресс» медиахолдингі барынша мазмұнды, барынша тағылымды етіп өткізуді жоспарлауда. Газеттердің 100 жылдық тігіндісі жинақталып, электронды форматқа айналдырылу үстінде. 2013 жылы жарық көрген «Қос газеттің тарихы-История двух газет» кітабы толықтырылып, қайта жарық көрмек. «Ұран» газетінің толық тігіндісін Қазақстан, Ресей мұрағаттарынан іздестіру жалғасуда.

Бүгіннен бастап облыстық басылымдарда, «Жайық Пресс» ақпарат сайтында мерейтойлық арнайы айдар ашылады. Онда облыстық басылымдардың 100 жылдық тарихының түрлі кезеңін көрсететін құнды естеліктер, көне фотолар, құжаттар жарияланбақ. Баспасөз тарихы – ел шежіресі десек, газет оқырмандарын осы іске белсене қатысуға, өздеріңіз білетін тарих пен тұлғалар туралы естеліктермен, көне суреттермен бөлісуге шақырамыз.

Сонымен бірге Орал қаласында облыстық газеттердің 100 жылдығына және баспасөз тарихына арналған республикалық ғылыми конференция өткізу жоспарлануда. Бұл жиынға елімізде баспасөз тарихын жүйелі зерттеумен айналысып жүрген белгілі ғалымдар шақырылмақ.

Батыс Қазақстан облыстық басылымдарының шыға бастағанына 100 жыл толуына орай «Жайық Пресс» ЖШС журналистика, филология және тарих факультеттері студенттері мен магистранттары арасында қазақ баспасөзінің даму тарихы тақырыбын насихаттау, осы мәселеге жас ғалымдардың көңілін аударып, қызығушылығын арттыру үшін байқау жариялап отыр. Қазақ баспасөзі тарихын, оның ішінде Қазақстанның батыс өңірінде шыққан басылымдардың даму жолын, баспасөз бастауында тұрған тұлғалардың өмір жолы мен қызметін зерттеу нысанына айналдырып, курстық, дипломдық және магистрлік зерттеу жұмыстарын жазған студенттер мен жас ғалымдарға қаржылай жүлде тағайындалды. Байқау қорытындысы 2017 жылдың 28 шілдесі қарсаңында қорытындыланады.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале