1.11.2016, 15:15
Оқылды: 52

БҚАТУ-да дәрігерлік қабылдау орталығы ашылды

fb_img_1477991202259-1Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «100 нақты көмек» жобасы аясында бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жаңа дәрігерлік қабылдау орталығы ашылды.


Салтанатты шарада сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қ.М. Ирменовтің айтуынша, бұл - уақыт талабынан туындаған шешім. «Осыдан екі жыл бұрын Зашаған кентінде №6 емхана жаңадан бой көтерген кезде, тіркелген халық саны 41500 адамды құраса, қазір бұл көрсеткіш үш есеге артты. Яғни күніне 250 адамды қабылдауы тиіс емханада бір мезетте 700-ден астам тұрғын ем-дом алады. Бұл медициналық қызметтің сапасына теріс әсер етіп қана қоймай, емделушілерге де қолайсыз жағдай тудырады. Жаңа дәрігерлік қабылдау орталығының ашылуы осы олқылықтың орнын толтыруға септеседі деген сенімдемін»,- деді басқарма басшысы.
fb_img_1477991208057Шара барысында БҚО Денсаулық сақтау басқармасы мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

№6 қалалық емхананың филиалы болып табылатын медициналық орталық оқу орнында білім алушы 5 мыңнан астам студентке, 2 мыңға жуық оқытушылар мен қызметкерлерге және жақын маңдағы тұрғындарға қызмет көрсетпек. Тұрғындар 2 учаскеге бекітіліп, 3 жалпы тәжірибелік дәрігер ем-дом көрсетеді. Оған қоса, зертханалық-диагностикалық бөлімше іске қосылып, профилактикалық іс-шаралар мен скринингтер өткізілмек.
Орталықтың ең алғашқы жұмыс күні Ашық есік шарасы ұйымдастырылып, хирург, кардиолог, эндокринолог, гинеколог, терапевт мамандар тұрғындарды қабылдап, кеңес берді.

№6 емхана медбикелері «Қол жуу» флешмобын өткізіп, темірдей саулықтың кепілі қарапайым тазалық сақтаудан бастау алатынын ұғындыруға тырысты.

Динара Есентаева

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале