Қазталов ауданының Қошанкөл ауылында 1935 жылы 1 наурызда дүниеге келген Рафхат Бахтиярұлы зейнет жасына жеткенше геология саласында қызмет етті. Қызметін қарапайым барлаушы-геологтан бастаған ол көп жыл Орал мұнай барлау экспедициясының бас геологы болып, көптеген кен орындарын ашуға үлес қосты. Солардың ең ірісі – Қарашығанақ.
– Қарашығанақ кен орны тек облыс емес, республика экономикасы үшін маңызды. Әлем бойынша ірі кен орындарының бірі. Еліміз бойынша мұнай өндіруден үшінші орында. Осы кен орнын алғаш ашушылардың бірі Рафхат Бахтиярұлын энергетика, инвестициялар және даму министрлері, облыс әкімінің атынан құттықтауға келдім, – деген Марат Кәрімов мерейтой иесінің өңіріне «Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін тағып, министрлер мен облыс әкімінің алғысхаттарын, сый-сияпатын табыстады. Мәртебелі геолог-мұнайшыны құттықтауға БҚО геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы Мирболат Тналиев те келді.
Мерейтой иесі ұжымына, билік өкілдеріне алғысын айтты. «Бұл салада бізге түрлі қиындықтар кездесті, шешімін табуға тырыстық. Біздің буынға өте ірі кен орындарын ашу мүмкіндігі бұйырды. Өзімді бақытты маман санаймын», - деді сексеннің сеңгіріне шыққан геолог.