Бұл айтулы мерекелік даталардың қай-қайсысы да мен үшін ерекше. Соның ішінде маған Қазақстан халқы Ассамблеясы мейлінше ыстық. Өйткені мен 1996-2003 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы атқарушы хатшылығының жетекшісі болып қызмет істедім.
Біздің өмірімізді түбегейлі өзгертіп, Қазақстан тәуелсіздікке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тарихқа озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезімнің шиеленісі мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Міне, биыл араға 20 жыл уақыт салып, біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың жемісті нәтижесін қазақстандық қоғамның барлық саласынан айқын аңғаруға болады. Біздің мақтан тұтарлық істеріміз жеткілікті.
Мен Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы кіші ассамблеясының іргетасын қалауға атсалысқан әріптестерімді әр кез мақтан тұтамын. Солардың ішінде, Э. Ғаббасов, Е. Коротин, М. Панкина, Р. Мясоутов, А. Ягнинский, Қ. Гайсин, Р. Абузяров, С. Тер-Григорян, А. Зейнуллин, Д. Саратов және тағы басқаларының есімдерін ерекше атар едім.
Мен бұл орайда ең алдымен, Елбасының және Қазақстан халықтары кіші ассамблеясының елімізде қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық жарасым саясатын дәйекті жүргізгенін ерекше айтқым келеді. Бұл Ассамблея 300-ден астам республикалық, аймақтық, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің басын біріктіріп, біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.
Бүгінде біздің облысымызда тоқсаннан астам әр түрлі ұлт өкілдері тұрады, 30-ға жуық ұлттық-мәдени орталықтар облыстағы ассамблея аясында жұмыс істейді. Бұл орталықтар облыста тұратын барлық ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттауда үлкен іс тындыруда. Олар республикамыздағы ұлттардың мейрамдарын бірлесе, ұйымшылдықпен өткізуге атсалысып жүргеніне бірнеше мәрте куә болудамыз. Облыстағы әр ұлт өкілдері түрлі фестивальдарға қатысып, өз ұлтының салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін паш етуде. Мұның бәрі “түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір” барша отандастарымыздың ынтымағын нығайта түсуге игі ықпал етуде.
Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстардағы отауларының жұмысы сан қырлы. Олар ұлттық-мәдени бірлестіктерге жан-жақты көмек көрсетіп қана қоймай, тілдерді дамыту, жастар тәрбиесімен, халықтардың тарихын одан әрі зерттеу және қоғамдық санада қазақстандық патриотизмді бекіту секілді өзекті мәселелермен жүйелі айналысады.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі мүшелері биылғы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу жөнінде бастам көтерді. Бұл ұсынысты еліміз бірауыздан қолдады. Осыны ескерген Елбасымыз Президент сайлауын өткізу күнін өз Жарлығымен жария етті.
Жалпы, Жайық өңіріндегі халықтар достығын нығайту жолындағы Қазақстан халықтары Ассамблеясы Батыс Қазақстан облысындағы отауының жемісті жұмысы еліміздің өркендеуіне әрі қарай өз үлесін қоса береді деп нық сенім білдіремін.