14.03.2015, 8:14
Оқылды: 75

Облыстың логотипі ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

img_9857


Бейсенбі күні қазақ драма театрында ішкі саясат басқармасының тапсырысы шеңберінде «Өнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облысы логотипінің тұсаукесер рәсімі өтті.


Шараға облыс әкімінің орынбасары Б. Мәкен мен логотип байқауының сараптама өкілдері қатысты.

– Облыстың ортақ логотипі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде зор маңызға ие. Осыдан бір жыл бұрын логотип эскизін дайындауға байқау жарияладық. Бүгін, міне,  байқауға түскен 35 дарынды өнер иелерінің арасынан ұсынылған талаптар бойынша үздік деп танылған логотипті назарларыңызға ұсынып отырмыз, - деді алғысөзінде  облыс басшысының орынбасары Бақтияр Мәкен.

– Орал өңірінде туып-өскендіктен, табиғаты мен тыныс-тіршілігіне етене жақынмын. Облыстың логотипін шаңырақ формасында дөңгелек етіп бейнеледім. Бір шаңырақтың астына жиылған халық ынтымақта, бірлікте, тату-тәтті болмақ, түстердің төртке бөлінуіне тоқталсам, қазақта «төрт құбыласы тең» деген жақсы сөз бар. Сондай-ақ төрт түлік мал, адамның төрт темпераменті, төрт жыл мезгілі десек, төрт санын қазақ халқымен тығыз байланысты сан дер едім. Ал боялған түстерге келер болсақ, сары түс тұрақтылықты, жасыл кең жайлауымызды, азаттығымызды, көк түс молшылықты, татулықты білдіреді, – деді өз кезегінде сөз алған жеңімпаз суретші Нұртай Жәрдемов.


Гүлсезім ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,

“Орал өңірі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале