Онда алғаш сөз алған басқарма басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Ермұханов қылмыстардың көбі қаладағы көңіл көтеру орындарында жасалатынын тілге тиек етіп, мейрамханалар мен түнгі клубтардың басшыларына бұл жағдайдың алдын алу керектігін қадап айтты. Оның сөзінше, былтырғы тіркелген 6 мың 832 қылмыстың 41 пайызы қоғамдық орындарда орын алған. Тіпті биылғы жылдың алғашқы онкүндігінің өзінде қаладағы мейрамханалар мен түнгі клубтарда бірқатар тәртіпбұзушылық тіркелген. Мұндай жағдайды болдырмау үшін ол көңіл көтеру орындарының басшыларына тұрғындар демалысын мәдениетті, талапқа сай ұйымдастыру қажет екендігін айтып, өздерінің осы бағыттағы ұсыныс-пікірлерді тыңдауға дайын екенін жеткізді.
Бұдан соң Орал қаласы ІІБ ӘПб басшысы, полиция майоры Берік Ибрашевтің баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде қаладағы көңіл көтеру орындарына шақыртумен барған полиция қызметкерлерін қинап жүрген жағдайлар жөнінде баяндады. Берік Жүсіпұлының айтуынша, Орал қаласында 160 көңіл көтеретін орын бар. Оның 7-еуі түнгі клуб, 37-сі мейрамхана болса, қалған 119-ы – кафе-бар.
- Қылмыстық оқиғалар, негізінен, осындай көңіл көтеруге арналған жерлерде орын алады. Қылмыстық істердің жасалу мерзіміне сараптама жасағанда қылмыстардың 64 пайызы, яғни 154 жағдаят түнгі сағат 24.00 мен таңғы сағат 06.00 аралығында тіркелгенін байқадық. Бұл жағдай қылмыстың көбі түнде ойын-сауық құратын жерлерде жасалатынын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда ойын-сауық орындарында мынадай бір түйінді мәселе болып тұр. Шақыртумен барған тәртіп сақшылары оқиғаны тергеу барысында бұлтартпас айғақтардың барлығын жайып салатын, өздеріне қажетті бейнежазбаны мейрамхана қожайындарынан дер кезінде ала алмайды. Егер қылмыстық оқиға түнде орын алса, бейнежазбаны сол мезетте алу мүмкін емес. Бейнежазба келесі күні ғана қолға тиеді. Бейнежазбаны неғұрлым тез алсақ, қылмыс соғұрлым тез ашылады. Бұдан басқа, жедел тергеу тобы оқиға орнына барған сәтте әкімгерлердің басшыларын күтіп, шағым жазудан бас тартатын жағдайлары да кездесіп қалады. Тәртіп бұзған тұлға жазасын алуы үшін оның үстінен шағым жазылуы тиіс қой, ал әкімгерлер басшыларын күтіп, оны қапелімде жаза қоймайды. Бұл да қылмыстың жедел ашылуына кедергі келтіреді.
Қоғамдық тәртіптің сақталуын әкімшілік полиция бөлімі инспекторларымен бірге демалыс орындарындағы арнайы мамандандырылған күзетшілер де қадағалауы керек. Кейде демалушылар темекі шегіп, тұқылын лақтыра салады, мұндай жағдайда күзетші оларға ескерту жасауы тиіс, бұл оның міндетіне кіреді. Егер де құқық бұзушылар тәртіпке көнбей, өзгелердің берекетін алса, онда «102» нөмірі арқылы дереу полицияға телефон соққан жөн, бұл қылмыстың күрделенуіне жол бермейді.
Өткен 2014 жылы «102» операторына көңіл көтеру орындарынан 541 хабарлама түсті. Соның 241-іне қатысты қылмыстық істер жүргізілді. Тіпті кейбір мейрамханалар мен кафелерден 7, 11, 16, 29 реттен дабыл түсіп, тәртіп сақшылары әрбір шақырту сайын атқа қонуға мәжбүр болды. Тағы бір айта кететін жәйт, кейбір кафе қожайындары қасында заңды өкілі жоқ жасөспірімдердің кіруіне рұқсат береді, бұл жағдай да тәртіпбұзушылықтың көбеюіне ықпал етуде. Өткен жылы осындай жағ-дайға жол берген 10 әкімгер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп бойынша, жаз мезгілінде музыка дауысы түнгі 23.00-ден соң тыйылуы тиіс, тыныштық бұзғандардың да жауапқа тартылатынын тұрғындардың қаперлерінде ұстағандары жөн.
Облыс орталығындағы 160 көңіл көтеретін орынның 12-сі криминалды деп танылған. Бұл жерлерде өткен жылы 241 қылмыс тіркелген. Демалыс орындарында ең жиі кездесетін қылмыс түрі – бағалы ұялы телефондар мен әмияндар ұрлығы. Қылмыстың негізгі бөлігі түн жарымында жасалады. Осыған орай, бүгінде түнгі ұшқыр «Үкі» тобы көбейтілді. «Үкінің» жігіттері уақытпен санаспай, күшейтілген қызметте жүреді. Олар Мичурин мен Под-степный ауылынан келген шақыртуларға да барып жүр. «Оскар» түнгі клубының қасына полиция бекеті орнатылды. «Күзет» КМС, «Жедел-Күзет» ЖШС-ның бірнеше ұшқыр тобы түнімен қаланы аралап, қоғамдағы тыныштықтың сақталуына үлкен үлес қосып жүр, - деген Берік Ибрашев полиция қызметіндегі түйткілді мәселелерді нақты мысалдар келтіре баяндады.
Бұдан соң сөйлеген Абай полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Дархан Сәтенов «Иргиз» кафесі бір жылда 140 мәрте жедел тергеу тобын шақырғанын, «Ақжол» кафесінің де бұдан қалыспайтынын айтты. Осы жерде сөз беруді сұраған бір кафенің Дина есімді меңгерушісі іргелес кафеде орын алған төбелес туралы телефон шалса, шақырту бойынша келген тәртіп сақшыларының оның өзін сұрақтың астына алғанын айтып ренжіді. Ал Светлана есімді азаматша полиция қызметкерлерінің мінсіз қызметіне ризашылығын білдірді.
Жиын барысында Орал қаласы ІІБ басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Ермұханов барлық көңіл көтеру орындарына шұғыл бейнебақылау камераларын орнатуды және мейрамхана-кафелердің әкімгерлеріне полиция қыз-меткерінің талабына түсіністікпен қарап, бейнетаспаларды дер кезінде беруді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған басқарма басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин қылмыс жиі тіркелетін көңіл көтеру орындарын басты назарда ұстау керектігін айтып, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 29 қазандағы №1145 қаулысына сәйкес, жеке тұлғаларды заңсыз сақталымдағы қару-жарақты ерікті түрде ақылы негізде тапсыруға шақырды.