Бүгін рухани орталықта Жаңақала ауданының әкімі Л.Хайретдиновтің төрағалығымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы әдеп жөніндегі уәкілдің ролі» тақырыбында семинар кеңес өтті.
Аталған шараға Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, «Орал өңірі» газетінің редакторы Б.Ғұбайдуллин, аудан әкімінің аппараты, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Семинар кеңесте Әдеп жөніндегі кеңестің міндеттері мен функциялары, әдеп нормалары және мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық ережелерін жетілдіру бойынша шаралар туралы Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Б.Ғұбайдуллин баяндамасы тыңдалды.
-Әдеп кеңесінің міндеті - үлкенді-кішілі, ірілі ұсақты билік тізгінін ұстаған азаматтарды сыбайлас жемқорлықтан, парақорлықтан сақтандыру болып табылады. Әдеп кеңесі құрылғалы облыста біраз жоспарлы жұмыстар атқарылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының БҚО бойынша департаментінің қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың 6 айында тіркелген 287 қылмыстық істің 170-і сыбайлас жемқорлық санатына жатады. 170 қылмыстық істің 34-і ауыр қылмыс санатында. Қылмыс жасауда 33 кісі күдікті болып танылып, жыл басынан олардың 26-сы сотталып істі болған. Талдау қорытындысына сүйенсек, қазіргі таңда ең көп сыбайлас жемқорлық лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі болып отыр. Бүгінге дейін облыс бойынша 34 лауазымды асыра пайдалану, 14 пара алу оқиғалары тіркелген.
Әдеп кеңесінің күн тәртібіне қойылатын мәселенің бірі - мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің талаптарын өрескел бұзу. Өздеріңіз бұқаралық құралдарынан оқыған шығарсыздар. Жуырда Әдеп кеңесінің кезекті отырысында бірнеше рет өзінің лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін Қазталов ауданы әкімі аппараты басшысының ісі қаралды. Мұндай мысалдар жетерлік. Сондықтан ең дұрысы мемлекеттік қызметкердің өзі қателеспей, басқа біреудің ағаттығынан сабақ алғаны жөн,-деді Б.Файзоллаұлы.
Персоналды басқару қызметі бойынша жергілікті атқарушы органдарда 2016 жылдың 1 жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы Жаңақала ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Карменов сөйледі.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева Жаңақала ауданы бойынша мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар қызметкерлерінің корпоротивтік имиджі нұсқаулығы дайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ мәслихат хатшысы З.Сисенғали, С.Меңдешев ауылдық округі әкімі А. Ахметов, Ш.Әбуғалиев мемлекеттік қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларын бойынша өз ойларын ортаға салды.
Жиынды аудан әкімі Л.Хайретдинов қорытындылады.
Н.ЕСЕТОВА
www.zhaikpress.kz