24.01.2015, 2:36
Оқылды: 49

Экономикалық қауіпсіздік – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

«Нұрлы  жол – болашаққа бастар жол» атты  Елбасының  жаңа Жолдауы – барша қазақстандық үшін  инновациялық  әлеуеті  зор  саяси құжат.


 Отандастарымызға арналған Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен  халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында тың ойлар айтылған. Елбасы өз саясатында орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы ел экономикасын арттыруға қол жеткізуге болатынын қадап айтты. Жолдауда көрсетілген жаңа экономикалық саясат бізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосып, мемлекетіміздің қуатын арттырмақ. Осы мақсатқа жету үшін мемлекеттік құрылымдардың алдында бизнес-қауымдастығымен өзара әрекеттің жаңа жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды. Осыған орай салық қызметіне мемлекеттік құрылымдар мен бизнестің өзара әрекеттестігін трансформациялау бойынша Елбасы қойған міндеттер, яғни салықтар мен төлемдерді жинаумен қатар бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасай отырып, сыртқы сауда айналымын ынталандыру міндеті қойылды. Ол үшін қажетті теңгерімді қамтамасыз ететін мемлекеттік кірістердің біртұтас  тиімді  жүйесін  құру  керек болды.


Мемлекеттік аппаратты жетілдіру мен оңтайландыру нәтижесінде салық және кедендік бақылау департаменттері біріктірілді. Және оларға қаржы полициясының экономикалық құқықбұзушылықтар бойынша атқаратын міндеті қосып берілді. Сөйтіп, нәтижесінде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті құрылды. Бұл жаңа құрылым бизнеске түсетін ауыртпалықты жоя отырып, қылмыстық элементтерден адал кәсіп-керлерді  қорғауды  жүзеге  асыруға  тиіс.

Жаңадан құрылған департаменттің  ең басты міндеті – бюджетке төленетін салықтар мен кедендік және басқа да төлемдердің уақтылы, толықтай түсуін, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып, экономика саласындағы қылмыстарды анықтау мен тергеу, «көлеңкелі экономикаға» тосқауыл қою. Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер комитеті бизнеске қолайлы жағдай туғызуға арналған бағдарламалар, соның ішінде салық рақымшылығын жасау, яғни 2014 жылдың 1 қаңтарына дейінгі қалыптасқан және 2014 жылдың 1 қазанына дейін төленбеген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару-ды қолға алып отыр.

Бизнес үдерістерін автоматтандыруды енгізу мақсатында, сонымен қатар бизнеске қызмет көрсетудің сапасын жоғарылатып, мерзімін қысқартатын, салықтар мен бюджетке түсетін төлемдердің есебін жүргізуді автоматтандырудың тиімді жаңа ақпараттық жүйесі енгізілді. Мысалы, бүгінгі таңда салық төлеу оңайлатылды және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жоғарылады. Бюджетке түсетін түсімдерді қабылдауда қателіктерді болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ұсынуымен 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік төлемдер сыныптамасы қысқартылып, 208 сыныптаманың орнына 112 сыныптама әрекет ететін болды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлік субъектілерін жоспарлы тексерулер жойылып, тәуекел деңгейі негізінде іріктемелі әдіспен тексерулер тағайындау қолданылатын болды. Кейбір жеке кәсіпкерлер санаты тексерулерсіз кәсіпкерлікті жабу мүмкіндігіне ие болды. Осы жерде айта кететін бір жәйт – жеке кәсіпкерлікті жапқан жағдайда беретін құжаттар саны азайтылды. Атап айтқанда, салық органына кәсіпкерлікті тіркеткені туралы куәлікті тапсырған кезде немесе аталмыш құжатты жоғалтып немесе бүлдіріп алған жағдайда қағаз жүзінде түсіндірме беру туралы, баспасөз бетінде жеке кәсіпкердің, нотариустың, жеке сот орындаушының, адвокаттың, медиатордың қызметін тоқтатқаны туралы мәліметті жариялауы туралы  талаптар жойылды.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшарттың күшіне енуіне байланысты биыл 1 қаңтардан бастап ЕАЭО мүшесі  болып табылатын мемлекеттен жеке мақсатта пайдалану үшін тауар әкелгенде жанама салықтар салынбайды. Осыған орай 2014 жылдың 31 желтоқсанынан кейін жеке мақсатқа пайдалану үшін Еуразиялық экономикалық одақ  елдерінен әкелінген аутокөліктерге қосымша құн салығы салынбайды. Кедендік одақ шеңберінде құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан, Ресей, Беларусь Республикаларынан басқа биыл 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Армения Республикасы да қабылданды.

Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымы Елбасының Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін жұмсамақ.


Бауыржан ҚАЙДАРОВ,

облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале