– ҚР Қарулы күштері оралдық «Зенит» зауыты және «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтымен біраз уақыттан бері бірлесіп жұмыс жасап келеді. Енді олармен алдағы 3 жыл үшін тапсырыстар жөнінде келіспекке келдік. Аталмыш сала бойынша елдегі ең үздік бұл мекемелер су астындағы роботтехниканы алдымен еліміздің Қарулы күштеріне дайындайтын болады, – деді ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы, контр-адмирал Жандарбек Жанұзақов.
– Біз су астындағы мұнай-газ құбырларына қызмет көрсететін роботтарды жиырма жылдан астам уақыттан бері шығарып келеміз. Күні бүгін шағын катерлерден бастап түрлі құрал-жабдықтар шығарудамыз. Жүз елудей қызметкеріміз бар. Жылдың аяғында тапсырыс берушілердің роботтехникаларын назарларыңызға ұсына аламыз, - деді «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ бас директоры Александр Гнеломедов.
– «ЕCA Robotics» компаниясы су астын зерттейтін әскери және азаматтық роботтехника жасауға маманданған. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатқанымыз бірінші жыл емес. Мұнда біздің жобаларды іске асыра алатын, салаға әбден төселген білімді мамандар бар, - деді аталмыш француздық компанияның бизнес-менеджері Оливье Магре.
Бүгінде мұндай су асты робот-техникалары әскери ғана емес, өндірістік салаларға да аса қажет. Сондықтан француздық тарап ҚР Қарулы күштерінің тапсырысын орындаған соң қазақстан-француздық роботтехникалардың ТМД және Орта Азия елдеріне де сатылуын көздеп отыр.