5.03.2015, 10:24
Оқылды: 23

Қолдау болады, ІСКЕ КІРІСУ КЕРЕК

img_8355


Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келген түркиялық «Аккюн групп» компаниясының басшысы Юсуф Аккюнды қабылдады.


Бұл – шетелдік кәсіпкердің Батыс Қазақстан облысына үшінші мәрте келуі. Орал қаласында әлемдік талапқа жауап беретін индус-триалды аймақ құруды көздеген кәсіпкер жергілікті билік органдары тарапынан қолдау болса, жұмысқа кірісуге дайын екендігін мәлімдеді. Кездесу барысында өңір басшысы мұндай қолдау-кө-мектің болатындығын айтты. «Екі тараптың да алға қойған жоба-жоспарлары, мақсат-мұраттары өте ауқымды. Сіздің осы саладағы мол тәжірибеңіз бен біздің қолдауымыз бір мүддеден табылған жағдайда жоба жүзеге асады және бұл екі жаққа да тиімді болады. Облысымыз логистика, инфрақұрылым тұрғысынан ыңғайлы. Алғашқы кездесуіміз кезінде туындаған бірқатар сұрақтарды шешуге ниеттіміз. Бастама баянды болсын!» – деді Нұрлан Асқарұлы.

«Шақырып, қабылдағаныңызға үлкен рақмет! Түбіміз бір бол-ғаннан кейін Қазақстанды өз Отанымдай сезінемін. Ал индустриалды аймаққа келсек, біздің компанияның бұл салада 35 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Дүние жүзінің бірқатар мемлекеттерінде жемісті еңбек етудеміз. Түркияның Стамбұл қаласында 8 индустриалды аймақ аштық, күні бүгін тағы 7-еуі салынып жатыр. Мұнда шағын және орта бизнес шоғырланады. Өндірістің кез келген саласын дамытуға мүмкіндік жетеді. Айта кетерлігі – біздің жұмысымызға Түркия билігі зор қолдау көрсетуде. Инфрақұрылым мемлекет тарапынан жасақталып, барлық бюрократиялық кедергілер алынып тасталды. Арнайы заң қабылданды. Дәл осындай қадамдар сіздердің тарапыңыздан жасалатын болса, біз білекті сыбанып жұмыс істеуге әзірміз» - деді Юсуф Аккюн мырза.

Алдын ала жоспар бойынша, индустриалды аймаққа Самара – Шымкент күрежолы бойынан 1 мың гектар жер бөлінген. Аймақтың техника-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болғаннан кейін құрылыс жұмыстары бастал-мақ. Құрылыс бірден мың гектарда жүрмейді, сектор-секторға бөлініп, кәсіпкерлер мен инвесторлардың сұранысына сай салынбақшы.

Кездесу соңында Батыс Қа-зақстан облысы әкімдігі мен «Аккюн групп» компаниясы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.


Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген М. ДОСУМОВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале