42 жыл ұстаз болған, жасы 84-те екен. Мағрипа әжей: «Мына қағаздарды жоғалтпаңдар, қайтып алып кетемін, ал мақаланы сәуірдің 15-іне қарай шығаратын болыңдар» дегенді нығыздай айтып, әңгімесін бастады.
Мағрипа әжеміздің жары Ғайнедден Джамаледденов 1941 жылы соғысқа алынады. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан ол әрі қарай қалып, 1955 жылға дейін Германияда әскери қызметте болған екен. Өзі жоғары әскери училищені бітірген танкист, аға лейтенант Ғайнедден Темірұлы әскерден оралған соң Чапаев ауданының Бударин орта мектебінде әскери жетекші болып қызмет істейді. Мағрипа әженің қолындағы әбден сарғайған оқушы дәптерін парақтай бастадық. Әжеміздің сары майдай сақтап жүрген бұл дәптерінде немересі Ғалидың атасы туралы жазған шығармасы бар екен.
«Менің атам 1925 жылы 25 сәуірде дүниеге келген. Ол армия қатарында қызмет ете жүріп, Томск қаласындағы жоғары әскери училищені бітірген. Кейіннен бейбіт уақытта Орал ауыл шаруашылығын механизациялау техникумында оқыған. Атам 15 жыл әскери қызметте, 10 жыл тәртіп сақшысы болған. Мен оны мақтан етемін!» деп жазылған сарғайған дәптерде.
Ғайнедден атайдың Шығыс Пруссиядағы неміс қорғанысының қуатты тірегі Эльбинг қаласын алудағы және Польшаны азат етудегі жауынгерлік ерлігі үшін тапсырылған алғысхаттары, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Праганы алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдары майдангердің жарының қолында сақтаулы. Жарының майдан даласында да, бейбіт күнде де жан аямай еңбек еткенін мақтан етеді әжей. Әжей сөмкесінен әспеттеп оралған медальдарды шығара бастады. «Мынаның бірін қалдырмай жазатын бол» деп және бұйырды. Бұл атамыздың бейбіт күнде алған «Совет армиясы мен флотына ХХХ жыл», «1941-1945 ж.ж. ҰОС Жеңіске 20 және 25 жыл», «СССР қарулы күштеріне 50 жыл» медальдары екен.
Жасы сексен төртке келген Мағрипа әжей алыста қалған жастық шағын еске алды. «Ол кісіні 15 жыл күттім. Оған дейін бір-бірімізге хат жазысып тұрдық. Ол әскерден оралған соң да, бейбіт елдің тыныштығын күзетті. Жұмысын тиянақты орындайтын. Үйде де әскери тәртіп болатын. Бір балам, екі немерем бар», - деп еске алды сол бір шақтарды.
Немерелері де аталарының ерлік істерін мақтан етіп ержеткен. Ғайнедден атай 1975 жылы шілде айында дүние салған екен. Өзі өмірден өткенімен, майдангер атасының өнегелі өмірі – ұрпағына әрі мақтаныш, әрі үлгі.