Бүгін Орал қаласында зейнет жасындағы ардагерлер арасында облыстық спартакиада басталды. Спартакиадаға облыстың барлық 12 ауданынан 13 команда құрамында 100-ге жуық спортшылар қатысуда. Ардагерлер сайыста волейбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және үстел теннисі сияқты 5 спорт түрінен күш сынасады.
Спартакиаданы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов салтанатты түрде ашып, ардагер спортшыларға сәттілік тіледі.
Батыс Қазақстан облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген спартакиаданың биыл екінші рет бес спорт түрінен облыс деңгейінде өткізіліп отырған шара екені туралы айтып өтті. Кеңес төрағасы зейнеткерлер тек үйдің шаруасы және бау-бақшасымен айналысқаннан бөлек салауатты өмір салтын қалыптастыруда жас ұрпаққа үлгі көрсетуі де үлкен жетістік деп есептейді.
Жәнібек ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уалиев қатысушыларға қазақы дәстүрмен бата берді.
Облыстық спартакиаданың ойындары «Мақсат» медициналық колледжінің спортзалында, Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің спортзалында, Ардагерлер клубы ғимаратында және үстел теннисі залында өтуде.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz