19.02.2015, 19:54
Оқылды: 40

«Құланның» несиесін ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?


 Мемлекет ауыл шаруашылығын, ауылдағы мал мен егіншілікті өркендеткісі келген шаруаны жан-жақты сүйемелдеуді соңғы жылдары одан әрі күшейте түсті. Оған осы саланы қолдап, шаруасын аяғынан тұрғызып жіберу үшін ауылға қарай бағытталып жатқан түрлі бағдарламалар дәлел. Біз бүгін солардың ішінен «Құлан» бағдарламасы жайлы әңгімелеп бермекшіміз. Ол үшін облысымыздағы осы бағдарламалардың басы-қасында жүрген «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры Ерлан Нысанғалиевті әңгімеге тарттық.


 - Ерлан Беркінұлы, «Құлан» бағдарламасының түпкі мақсаты, оның аясында несие не үшін беріледі, ең әуелі соны түсіндіріп берсеңіз?

- «Құлан» өзінің атынан көрініп тұрғанындай, Қамбар ата түлігіне бағытталған. Нарықтық қатынастың жаңа басталып, аласапыран соққан кезде жылқы жарықтыққа да оңай болған жоқ, кәдімгідей азайып кеткені жасырын емес. «Құлан» бағдарламасы, ең алдымен, сол ойсыраған түліктің санын орнына келтіріп, оны одан әрі көбейтуді ең басты мақсаты етіп қойған. Біз әңгімелеп отырған «Құланның» несиесі, ең алдымен, етті және етті-сүтті бағыттағы жылқылар басын арттыру үшін беріледі.

- Несие кімдерге тиесілі, қарыз берудің тәртібі, қанша уақытқа беріледі, борышты қайтару мерзімі қандай?

- Ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқан заңды және жеке тұлғаларға, яғни шаруа қожалықтарына, фермерлерге беріледі. Аталмыш несиені аудандарда құрылған несие серіктестіктері арқылы немесе тікелей біздің филиал арқылы алуға болады. Несиені бергендегі мақсат - аналық малдар мен тұқымдық айғырларды сатып алуға және негізгі құралдарды сатып алу мен жөндеуге, айналым қаржысын толтыруға көмектесу болып табылады. Несие 10 жыл мерзімге беріліп, тек өзіміздің төл теңгемізбен жүргізіледі. Корпорацияға тіке келіп, несие алушылардың сұраныс мөлшері 4,5 млн. теңгеден жоғары болуы тиіс, ал одан төменгі соманың несиесі берілмейді. Аудандағы несие серіктестіктері-нен 2,5 млн. теңгеден 100 млн. теңгеге дейін алуға болады. Ол үшін несие алушы сол өз ауданындағы несие серіктестігіне мүше болуы тиіс. Жеңілдік мерзіміне келетін болсақ, қарыз алушы негізгі төлемнен үш жылға, сыйақы төлемінен бір жылға дейін босатылады. Алған несиені ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қайтарып отыруға рұқсат етілген. Толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеуге де болады. Ал сыйақы ай сайын, тоқсан немесе жарты жыл сайын өтеледі.

Әрине, ең алдымен несие алушының төлем қабілеттілігіне, қаржылық тұрақтылығына талап қойылады. Міндетті төлемдер (салық, бюджеттік), банкілерге, қаржы институттарына мерзімі өткен берешектері болмауы тиіс. Одан әрі жайылым, суат т.б. қажетті инфрақұрылымдары болуы міндетті. Шаруашылықтағы ветеринарлық-санитарлық жағдай талап деңгейінде болуы тиіс. Сатып алынатын жылқының (биенің) жасы 12-36 ай аралығында болады. Тағы бір ескеретін жағдай – сатып алынатын әр жылқының (бір басының) бағасы 350 мың теңгеден аспауы тиіс. Сосын жылқы сатып алушының өзінде алғалы отырған жылқысының 30 пайызы болуы керек. Мұны қарапайым мысалмен түсіндірсек, 10 жылқы сатып алғысы келсе, өзінде бұрыннан 3 бас жылқысы болуы тиіс. Егер ондай жылқысы мүлдем болмаса, талап етілетін мөлшердегі жылқыны өз қаржысына сатып алады.

Бұл бағдарламаның несиелеу талаптарын жалпылама айтқанымыз. Оның егжей-тегжейіне толық қанығу үшін несиелеумен айналысатын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалына немесе аудандардағы несие серіктестіктерінің мамандарына жолыққандары жөн.


  Сұхбаттасқан

 Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале