22.06.2023, 9:45
Оқылды: 51

18 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Жуырда «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы білім беру және  денсаулық  сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынға  кеңес мүшелері,  облыстық білім, денсаулық сақтау және құрылыс басқармасының басшы-қосшылары қатысты.

IMG_0053

Кеңес отырысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған жол картасындағы жобалардың орындалуы, өңірдегі білім және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жайлы айтылды. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде жаңа медициналық нысан ашу және ел Президенті Қ. Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырмасы шеңберінде «Жайлы мектеп» ұлттық  жобасының облыс көлемінде жүзеге асуы туралы  сөз  қозғалды.

Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы Әліби Баяхов алғашқы сөз кезегін денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсановқа ұсынды. Басқарма басшысы денсаулық сақтау саласы бойынша аудан-ауылдарда атқарылған  жұмыстар жөнінде баяндады.

– Облыстағы 416 ауылдық елді мекенде 313 846 адам тұрады. Жалпы есеп бойынша 342 денсаулық сақтау нысаны бар. Соның 204-і медициналық пункт болса, 62-сі – дәрігерлік амбулатория, 59-ы – фельдшерлік-акушерлік пункт, 1-еуі – ауданаралық сауықтыру-оңалту орталығы, 15-і – аудандық аурухана және 1-еуі – ауылдық аурухана. Осы жылдың төрт айындағы есеп бойынша ауылдардағы өлім көрсеткіші 11,5%-ға төмендеді. Нәресте өлімі 6,6%-ға азайып, ана өлімі тіркелмеді.

Қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 6,1%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім 3,2%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан өлім-жітім саны 13,4%-ға төмендеді.

Былтыр ауылдарда медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында профилактикалық тексеруден өтетін нысаналы топтардың саны артты. 2023 жылдың алғашқы төрт айында 13 879 адам қаралып, 913-інің әртүрлі ауруға шалдыққаны анықталды. Оның 770-і тексеріліп, 424 науқас ем алуда.

Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 12 жылжымалы медициналық кешенмен биылғы төрт айда 103 елді мекеннің 21 мыңнан астам тұрғыны қаралып, 1 500 науқас тіркелді.

Бүгінде сауықтыру шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен «Жәрдем» денсаулық пойызымен шалғай елді мекендерге консультациялық көмек көрсету жоспарланды.

Ауыл тұрғындарына шұғыл жағдайларда медициналық көмек телемедицина және санитарлық авиация арқылы көрсетіледі, – деді Ерлан Виленұлы. Оның сөзінше, қазіргі таңда ауылдардағы мекемелерде жалпы саны  2 873 медицина қызметкері жұмыс істеуде. Бүгінде облыс бойынша 247 маман жетіспейді. Былтыр республикалық бюджеттен 88 грант резидентураға берілсе, биыл жергілікті бюджет есебінен 55 грантқа квота бөлінген. Былтыр өңірге 52 жас маман келіп, 26-сы ауылға жолдама алыпты. Сондай-ақ облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықтағы ауданға баратын мамандарға 5 миллион, 250 шақырымдағы 2,5 миллион теңге, басқа аудандарға 1,5 миллион теңге және қалада жұмысқа орналасушыларға 1 миллион теңге көлемінде біржолғы төлемақы бөлініп, тұрғын үймен қамтамасыз  етіледі  екен.

– 2023 жылы республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер есебінен және «Ауылдық  денсаулық сақтауды жаңғырту», «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау»  ұлттық жобасы негізінде 259 бірлік медициналық жабдықпен жарақтандыру үшін 4,6 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында және жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 18 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтуде. Соның 15-сі – ауылдық  жерде. Медициналық ғимараттардың тозу көрсеткіші – 69,4%, – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Кеңес мүшелері Ерлан Тоқсановқа облысқа қандай мамандар қажет екенін нақтылап айтып өтуін және Казталов ауданындағы Бостандық амбулаториясының бүгінгі жай-күйін сұрады. Басқарма басшысы өңірде хирург, реаниматолог, акушергинекологтердің жетіспейтінін жасырмады. Бостандық амбулаториясының апатты жағдайда тұрғанын растап, биылдан бастап жаңа ғимараттың құрылысы басталатынын айтты. Сондай-ақ өңірге өзге аймақтардан 13 маман көшіп келіп жатқанын тілге  тиек  етті.

Әрі қарай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Клара Меңдіғалиева баяндама жасады. «Облыста жалпы білім беретін 379 мектеп бар. Соның 217-сі – шағын  жинақты мектептер. 182 мектеп 1980 жылға дейін салынған. Қазіргі кезде үш ауысымды 9 мектеп те бар. Апатты жағдайда тұрған 12 мектептің 2-еуінің орнына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсам, Казталов ауданында 600 орындық А.Оразбаева атындағы және 108 орындық А.Құсайынов атындағы мектептер. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 16 шағын жинақты мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда», – деді Клара Жәрдемқызы.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 18 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның 12-сі қала аумағында болса, 6 мектеп 4 ауданда салынбақ. Бұл жөнінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жөнінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев  айтты.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін облыстағы ауылдық елді мекендерде 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу жоспарланды. Бүгінгі таңда аталған 50 нысан бойынша жер учаскелері рәсімделіп, сәулет жоспарлау жүргізіліп жатыр. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бес нысанның құрылысын жүргізетін мердігерлер анықталды. Нақтылап айтсам, Бөрлі ауданының Пугачев ауылында 300 орынға арналған мектеп құрылысын «Жайық Сити» ЖШС, Бәйтерек ауданының Достық ауылында 1200 орынға арналған мектеп құрылысын «АЛТИМ» ЖШС, Теректі ауданының Подстепный ауылында 1200 орынға арналған мектеп құрылысын «СКФ Отделстрой» ЖШС, Балауса шағынауданындағы 1500 орынға арналған №53 мектеп құрылысын «BiGlobal» ЖШС және Деркөл кентіндегі №60 мектеп құрылысын «KazContruc-tionGroup» ЖШС бастамақ, – дейді  Әлібек  Сайынұлы.

Кеңес мүшесі, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтбөкешев мектептерге қатысты ұсынысын  ортаға  салды.

– Қазіргі таңда өңірде бірнеше мектеп апатты жағдайда. Қаншама оқыс оқиғалардың орын алып жатқанын өздеріңіз көріп-біліп жүрсіздер. Осыған байланысты мектептердің техникалық қауіпсіздігін қадағалайтын арнайы топ құрып, мониторинг жүргізу қажет деп есептеймін, – деді Айдарбек Төлепұлы.

Облыстық кеңестің төрағасы Әліби Баяхов жаңа мектеп салуда құрылыс жұмыстарының баяулап қалатынын айтып, осы жөнінде жауапты басқарма басшысына нақты жоспар бойынша жүрсек деген пікірін білдірді. Сондай-ақ жиынға қатысқан басқарма басшыларын бірлесіп жұмыс  істеуге  шақырды.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале