2023 жылдан бастап жұмыс берушілер өз есебінен 5% зейнетақы жарнасын аударуға тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына түзетулер әзірледі. Осы жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты - 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізу. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен өз жұмыскерлерінің пайдасына жұмыскердің табысынан міндетті 5% зейнетақы жарнасын аударады.
Мемлекет басшысы ЖБМЗЖ мақсатын шартты-жинақтаушы құрамдауышты қалыптастырудан азаматтардың жеке зейнетақы жинақтарын толықтыруға өзгерту, сондай-ақ кейіннен оларды әлеуметтік мұқтаждыққа пайдалану құқығын бере отырып, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ЖБМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының бір бөлігімен толықтыру (салымшының таңдауы бойынша) арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке нысаналы шоттарды енгізу жөніндегі тәсілдерді мақұлдады.
ҚР Салық кодексінің шеңберінде жұмыс берушілерге жүктемені төмендету үшін енгізілетін ЖБМЗЖ шегерімдеріне жатқызу бөлігінде жеңілдіктер берілгенін атап өту қажет.
Бүгінгі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес есептеледі. Зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін және егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар зейнетақы төлемдерін алушылар үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының жекелеген коэффициенттері енгізілді. «Тұжырымдамаға түзетулер аясында еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге қатысты өлім-жітімнің жекелеген коэффициенттерін пайдалану мәселесі қарастырылуда, оларды өмір бойғы зейнетақы аннуитетінің құнын есептеу кезінде қолдану жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдық зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар үшін зейнетақы аннуитетін ресімдеу мүмкіндігін неғұрлым қолжетімді етеді», – дейді Еңбекминнің әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегай.
Табысты зейнетақы төлемдерімен алмастыру деңгейін сақтау үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алудың параметрлері мен шарттарын жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады. Тұжырымдамада ұсынылған шаралар болашақ алушылардың зейнетақысының мөлшерін олардың еңбек өтіліне барабар қамтамасыз етуге, зейнетақы төлемдерінің «сатып алу» қабілетін және жоғалған табысты алмастырудың халықаралық зейнетақымен қамсыздандыру стандарттарына сәйкес келетін деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі.