«Атамекен» өнер ордасының маңайында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бір игі шара өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

– Қайырлы күн, құрметті жерлестер! Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Аталған акция табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған. 21 сәуір – ағаш отырғызу күніне орай ұйымдастырылған шараға Астанада Мемлекет басшысы арнайы қатысып, табиғатты қорғау ісінің маңызын айқындамақ. Батыс Қазақстан облысы да бұл бастамадан шет қалмай, ағаш отырғызуды бастап кетті. Биыл облыс құрамындағы елді мекендерде 228 мың дана ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Ал Орал қаласында 5 мыңға жуық ағаш егетін боламыз. Бұл – тек тазалық шарасы ғана емес, тұрғындарымыздың экологиялық мәдениетін арттыратын игі іс. Бірлесе әрекет етіп, тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз қажет. Баршаңызды осы акцияға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Шараға 150-ге жуық адам қатысты. Оның арасында үлкендер де, жастар да бар. Облыстық жастар ресурстық орталығы жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Бибі Уәлидің айтуынша, осындай акцияларға волонтерлер ұйымшылдықпен қатысып, тазалық жұмыстарына атсалысады.

– Облыс орталығында ағаш отырғызу жұмыстары бір ай бұрын басталды. Бір ай ішінде Орал қаласында 1 000-ға жуық ағаш отырғызылды. Бүгін 59 дана ағаш егілді. Оның 39-ы – қарағай, 20-сы – аққайың. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»
