2023-2024 оқу жылында өңірімізде жалпы білім беретін 377 мектепте 121 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. 1-сыныпқа 13 006 оқушы қабылданды. Облыста жалпы 32 627 баланы қамтитын 532 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева айтты.
Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 34 оқу орны 68 мамандық, 107 біліктілік бойынша кадр даярлайды. 2023-2024 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша 4000 студентті оқыту жоспарланған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның мәлімдеуінше, биыл 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі ұйымдарда әлеуметтік табыс-кірісі аз отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды тегін ыстық тамақпен қамту үшін бюджеттен 238 млн теңге бөлінген. Табыс-кірісі аз және көпбалалы отбасылар қатарындағы оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезеңінде көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы «Жақсылықты жаса» ұранымен ағымдағы жылғы 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткізілуде. Облыс бойынша биыл жалпы білім беру қорынан аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға материалдық көмек көрсетуге (мектеп формасын, оқу құрал-жабдықтарын сатып алуға) 372,6 млн теңге қарастырылған.
– Бүгінгі таңда 6744 оқушы үшін ата-аналарының карт-шоттарына жалпы сомасы 224,8 млн теңге аударылды. Әр балаға 40 567 теңге көлемінде ақшалай көмектен келеді. Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 845 млн теңге бөлінді. Оның ішінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 1 млрд 483 млн (637 767 дана), тасымалдау қызметтеріне 32 млн теңге бөлінді. Облыстың білім беру ұйымдарында 15 104 педагог жұмыс істейді, 12 731 педагог - жоғары білімді, оның ішінде 478-інің магистр дәрежесі бар. Облыс бойынша 10 245 педагог аттестаттаудан өтті. Қазіргі таңда өңірде 94 мұғалім жетіспейді. Оның ішінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қазақ мектебінде, математика, бастауыш сынып мұғалімі және тәрбиеші орыс тілінде, педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандықтары басымдыққа ие. 2023 жылы өңірдегі жоғары білімі бар кадрларға қажеттілікті ескере отырып, 22 педагогикалық мамандыққа жергілікті қаражат есебінен білім беру гранттары тағайындалды, – деп атап өтті Айгүл Мыңбаева.
Биыл білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 511 млн 980 мың теңге қаражат (бейнебақылау жүйесі, бейнебақылау жүйесінің ЖБО-ға қосылуы, турникеттер орнату) бөлінді. Білім беру мекемелері бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілді, бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығына қосу, дабыл түймесін, турникеттер орнату, лицензияланған күзет енгізу бойынша тиісті шаралар қолға алынуда.
Бүгінде облыс бойынша барлық қаржыландыру көзінен 23 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен сегіз мектептің құрылысы жүргізіліп жатса, облыстың жеті ауданындағы 15 мектептің құрылысы «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде салынуда. Бұл мектептердің 18-і ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде облыс бойынша 16 200 орындық 18 мектептің құрылысы 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Соның ішінде тоғыз мектептің құрылысын осы жылы бастап, 2024 жылы аяқтау, қалған тоғыз мектептің құрылысын 2024 жылы бастап 2025 жылы аяқтау жоспарланған.
Бүгінгі таңда тоғыз мектептің бесеуі бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Қалған төрт мектептің құрылысын жүргізуге мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өтуде. Биыл алты білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу үшін 678,7 млн теңге қаржы бөлінген. Тамыз айында үш мектептегі күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ.
Өз тілшіміз