3.02.2015, 20:38
Оқылды: 30

9874 борышкерге ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛҒАН


 Жақында облыстық әділет департаментінің қызметкерлері жергілікті БАҚ өкілдерінің басын қосып, оларды өткен жылғы жұмыс қорытындыларымен таныстырды.


Жиынға департамент басшысының орынбасарлары Хамидолла Құсдәулетов, Светлана Батырханова, Күнсәуле Аралбекова және бөлім басшылары қатысты. Жиынды  Хамидолла Мұхитұлы жүргізіп, әр бөлімнің жылдық қорытындысын тыңдау үшін бөлім басшыларына сөз берді.

Алғаш сөйлеген азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қою қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлжамал Ғұбайдоллақызы 2014 жылы облыс бойынша тіркелген акт жазбаларының жалпы саны 28 198-ді құрайтынын және бұл көрсеткіштің өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға азайғанын айтты. Оның сөзінше, неке қию туралы акт жазбасы 2013 жылы 6345 болса, былтыр 5 770 жұп некелерін қидырыпты. Бұған керісінше, түрлі себептерге байланысты некелерін бұзғандар да жетіп артылады екен. Мысалы, 2013 жылы 1989 жұп заңды некелерін бұзса, өткен жылы олардың саны үш жұпқа көбейген. Бір жақсысы, қайтыс болушылар саны жылдан-жылға азайып келеді екен. Сондай-ақ  бала асырап алушылар мен әке болуды анықтау және аты-жөнін, тегін өзгертушілер саны аздап кемігені байқалады. Ресми құжаттарға апостиль қоюға түскен құжаттардың барлық саны – 323. Есепті мерзімде облыстағы  әділет органдарына  «электрондық үкімет» порталы арқылы 2013 жылы 1090, ал өткен жылы  1 929 өтініш түсті. Бұл дерек облыс тұрғындарының электрондық қызметті пайдалануға ұмтыла бастағанын байқатады.

Заңды тұлғаларды тіркеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұркен Хамбетовтің айтуынша, ағымдағы жылы 2269 заңды тұлға тіркеліп, жүргізілген тіркеулер бойынша бюджетке 8 849 593 теңге алым түсті. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікке  құқықтарды тіркеу саласы бойынша өткен жылы 53510 қызмет, оның ішінде біріктірілген нотариалдық ақпараттық жүйесі арқылы 2076 қызмет көрсетілген. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша бюджетке түскен алым мөлшері 108, 516 млн. теңгені құрайды. Осы жерде бір айта кететін нәрсе, ағымдағы жылдан бастап «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» Заңына өзгерістер енгізілуіне байланысты  нотариус куәландырған келісімдер бір күн ішінде электрондық форматта тіркеледі. Бұл әкімшілік кедергілердің жойылып, уақыттың үнемделуіне мүмкіндік береді.

Жиын барысында зияткерлік меншік құқығы және атқарушылық өндірісті орындау жөнінде де баяндалды. Сала мамандарының айтуынша, зияткерлік меншік құқығы бойынша жүргізілген тексерістер нәтижесінде айыпкерлерге 601900 теңге көлемінде айыппұл салынып, құны 657 000 теңгені құрайтын 956 дана контрафактілік өнімдер тәркіленді. 2014 жылы барлығы жалпы сомасы 833 200 теңге болатын 1126 дана контрафактілік өнімдер алынды. Сондай-ақ өткен жылы сот орындаушылары 99 966 атқарушылық өндірістің 41 833-ін аяқтап, барлығы 18 436 255 666 теңге өндірді. Бұдан басқа                   18 012 847 446 теңге бережақ 9874 борышкерге елден шығуға уақытша шектеу қойылды.

Құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімі басшысының міндетін атқарушы Элмира Жазықбайдың айтуынша, қазіргі таңда облыста жеке 90 нотариус бар екен. Соның 26-сы аудандарда, 64-і қалада, бұған қоса, 127 адвокат пен 26 бағалау қызметінің субъектілері халыққа қызмет көрсетуде.

Облыс бойынша мемлекетпен кепілдендірілген тегін заңгерлік көмек көрсету жүйесіне барлық жеке нотариустар және облыстық адвокаттар алқасының 60 адвокаты қатысуда.


 Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале