Біз тарихтан кемеңгерлікті, поэзиядан шешендікті, математикадан зеректікті, жаратылыстану ғылымдарынан тереңдікті, адамгершілік философиясынан байыптылықты, логика мен көркемсөзден айтысу дағдысын үйренеміз» депті данышпандар. Солар айтқандай, ғылымдардың патшасы саналған математика пәнінің қыр-сырын үйретуден жалықпай, алдына келген шәкірттерін зеректікке жетелеген ұлағатты ұстаздар – Қайыр Құрақұлы Бектұрғанов пен Надежда Жұбайқызы Бектұрғанованың Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінің қалыптасып, дамуына қосқан еңбектері еселі.
Биыл Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына 60 жыл толды. Оқу орны үшін осынау мерейлі жылда Қайыр Құрақұлы мен Надежда Жұбайқызы туралы аз-кем ой тарқатуды жөн көрдім.
«Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» дейді Жүсіп Баласағұн. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…» дейді Абай хәкім. Расында да, шынайы ұстаз болып, шәкірт жүрегі мен санасына терең бойлап, кеудесіне рух, жанарына жалын сыйлайтын да ұстаз. Өз мамандығына сүйіспеншілікпен қарап, әр шәкіртіне аса зор ықыласпен ден қойған ұстаздар қатары аз емес. Мұғалім көп, ұстазы аз заманда қатарынан озық болып, ұстаздық жолды мамандығым деп қана емес, өмірімнің мәні деп бағалайтын жандардың жуан ортасынан Қайыр Құрақұлы мен Надежда Жұбайқызы да орын алатыны даусыз.
Меніңше, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған ұлағатты ұстаз Қайыр Бектұрғанов туралы жазу кім-кімге де оңай емес. Бұлай деуімнің себебі, Қайыр Құрақұлы – шешілмеген жұмбақ сияқты жан-жақты азамат. Қай тұсынан сабақтасаң да, суырылып шыға беретін күрмеуі қиын жіп сияқты. Тұла бойы тұнып тұрған талант иесінің өмір өрнектерінің де бояуы қанық.
Өзім білім саласының өкілі болғандықтан, мен Қайыр Құрақұлының оқытушылық, ұстаздық қырын жаныма жақын тұтамын. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін үздік бітіріп, ауыл мектебінде мұғалім болып, 1963 жылдан зейнет жасына шыққанға дейін табан аудармай тек бір жерде – Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында, қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде абыройлы қызмет етеді. Мен де бар саналы ғұмырымды бір кездері абитуриент ретінде табалдырығын аттаған Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында өткізіп, осы киелі шаңырақтан құрметті зейнеткерлікке шықтым.
Ғылымды өмірінің мәнмағынасына балаған, мамандығын ар туындай ұстаған Асқар Жұмаділдаевтың «Қазақ балалары математикаға өте қабілетті келетіні рас. Қазақ – ілім-білімнің кез келген саласына бейім халық. Оның бір себебі – біздің ұлтымыздың өз тарихында көп сұрыпталғанынан. Небір алапатқа ұшырадық. Мұндай құбылыс адам бойында ширығуды, өмірге, қоғамға икемделе өмір сүруге деген ішкі түйсікті оятады. Ішкі түйсік логикаға, ал логика есепке жетелейді», – деген пікірін оқыған болатынмын. Танымал академик-ғалымдар – Орынбек Жәутіков, Мүбәрәк Ятаевтардан дәріс алған Қайыр Құрақұлы қырық жылға жуық еңбек жолында жоғары мектепте математикадан сабақ беріп, соңынан ерген шәкірттерінің бойына білім мен ғылымның нәрін сіңірді. Жалғыз менің ғана емес, қазіргі таңдағы мүйізі қарағайдай көптеген ғалымның математиканы сүюіне, өмірге икемделуіне, жалпы ғылымға бет бұруына тікелей ықпал етті. Қайыр Құрақұлының студенті бола жүріп, сол кісіге еліктейтінбіз, қатты ұқсағымыз келетін. Мінезі қатал оқытушы болған жоқ, соған қарамастан, бірде-бір дәрісін қалт жібермеуге, берген тапсырмасын уақытында орындауға тырысатынбыз.
Мұның себебі, сірә, ұстазымыздың мінезінің сабырлылығы, байыптылығы, мәдениеттілігіне қоса, асқан білімділігі мен тыңдаушыны тақырыпқа қызықтыра білу шеберлігі болса керек. Әйтпесе, студенттердің өздерін ештеңемен қызықтыра алмайтын, үйретері аз оқытушының дәрісіне пейіл танытпасы белгілі емес пе?!
Біздің топта басым көпшілігі қазақтар оқыды. Қайыр Құрақұлы ауыспалы мағынасында тілдің майын тамызып тұрып, құлақ құрышын қандырып, қазақ тілінде дәріс оқығанда тапжылмай отырып тыңдайтынбыз. Зеріге бастағанымызды байқаса, өзінің студенттік шақта бастан кешкен қызықты оқиғалары туралы әңгімелеп беретін.
Қайрекең болашақ жарымен он тоғыз жасында Алматыда институттың үшінші курсында оқып жүргенде танысқан екен. Надежда жеңгей ол кезде екінші курста оқып жүреді. Үш жылдай қыз бен жігіт болып қол ұстасып бірге жүреді. Кейін дипломдарын қолдарына алған соң, алдымен, Қайыр Құрақұлы және араға тағы бір жыл салып, Надежда Жұбайқызы өз ауылдарына аттанып кетеді. Арада той туралы өзара келісім болғанымен, қос ғашық үзбей хат алысып, тек бірер жылдан соң ғана барша жөн-жоралғысымен отбасын құрады. Біз, шәкірттері, Қайрекеңді аузымыздың суы құрып тыңдай отырып, ұстаздарымыздың уәдеге беріктігіне, сезімге адалдығына, ата-анаға деген шексіз құрметіне риза болатынбыз. Екеуінің арасындағы ерекше сыйластыққа, керемет үйлесімділікке сүйсінетінбіз. Жоғары математика кафедрасында бірі математикадан, екіншісі, физикадан сабақ беретін қос ұстаз әріптестерінің арасында да, студенттердің ортасында да үлкен құрметке, биік беделге ие болатын. Надежда Жұбайқызы Қайрекеңе шаңырағының шырағы, ошағының ұйытқысы, адал жар, балаларының анасы ғана емес, өмірдің сан түрлі бұралаңында сенімді серік, ағайын-туыс пен дос-жаранның арасын жалғаған жарасымды жолдас та бола білді.
Біздің топта қаланың балалары болған жоқ. Шетінен ауылдың мектебінде оқып келген қара домалақтармыз. Ол кезде бізге қазіргі заманның балаларындай «Алаңсыз сабақ оқы!» деп ата-аналарымыз жағдайымызды жасай бермейді. Мектептен келе сала мал жайғау, шөп шабу, бақша өсіру сияқты шаруаға салып қояды. Тұтас класпен апаратын колхоздың жұмысы тағы бар. Қысқасы, несін жасырайын, біздің топтың жігіттерінің математика бойынша білімі орта және одан да төмен болды. Оған қоса математиканың өзі де оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Қайыр Құрақұлы математикадан, ал Надежда Жұбайқызы физика пәнінен қосымша факультатив сабақтар алып, бар білгенін бізге үйретуден жалыққан жоқ.
Қайыр ұстаз тақтаның бетін түрлі күрделі формуламен толтырып тастап, шешу жолдарын әрқайсысымызға жеке-жеке түсіндіретін. Сондай сәттерде мен Қайыр Құрақұлының жанарынан жарқыраған ұшқынды байқайтынмын, содан қуаттанып, күш алатынмын. Надежда Жұбайқызы уақытпен санаспастан күн қоюланғанша бізді отырғызып қойып, біз үшін физика қиын сабақ болғандықтан, ерінбей түсіндіретін. Ол үшін екеуінің де жалақысына қаражат қосылмайтыны тағы белгілі. Надежда Жұбайқызы менің білімге құштарлығыма қоса ұйымдастырушылық қабілетімді елеп, «Бозымов, сен түбі жарып шығасың. Білдей совхоз директоры боласың» деп жиі айтушы еді. Кейін бір кездесуде осы әңгімені Надежда Жұбайқызының есіне салдым. «Сен қазір үлкен оқу орнын басқарып отырған ректорсың. Дейтұрғанмен, сол кезде «Бозымов, сен болашақта министр боласың» деп неге сәуегейлік айтпадым екен...» дейді ұстазым аналық кең пейілімен әзілшынын араластыра.
Мен Қайыр Құрақұлы мен Надежда Жұбайқызын ұстаз ретінде де, әріптес ретінде де, кәсіби маман ретінде де аса жоғары бағалаймын. Университетте бірге қызмет атқарған жылдары «Сен біздің шәкіртіміз едің» деп еш бәлсінген емес, керісінше, мейіріммен қарап, «Ізімізді басып келе жатқан жас әріптесіміз» деп қолдап, қолпаштап жүрді.
Қайыр Құрақұлы «Әдебиет – менің тасадағы, көбінесе түнделетіп табатын «ауруым» деп айтатын. Күнделікті жазу-сызуы көп сабағына қоса кафедра мен деканаттың жиналыстары, жастардың қоғамдық өмірі мен тәрбиесі, бұдан бөлек біліктілікті арттыру курстары және тағысын тағылар – жоғары оқу орны оқытушысының таусылмайтын қым-қуыт тірлігі. Міне, осы жауапты әрі маңызды миссиясын бір мысқал да кемітпей, шығармашылықпен айналысу және өте жемісті, нәтижелі айналысу нағыз таланттың ғана қолынан келеді.
Адалдық – ардың ісі. Мен осы тұста Қайыр Құрақұлының, ең алдымен, туған жерге деген перзенттік шексіз адалдығын айтқым келеді. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітірген жас маманға Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің аспирантурасында білімін жалғастыру туралы ұсыныс түседі. Бұл – сол заманда екінің біріне, тіпті таңдаулылардың өзіне бұйыра бермейтін бақыт. Әйткенмен, Қайыр Құрақұлы бұл ұсыныстан жүрек қалауымен бас тартып, «Еліме барып, жазушылықпен айналысамын» деп туған жерге қайтып оралады. Екіншіден, бұл – туған ұжымға адалдық.
Қайрекең жұбайы Надежда апай екеуі – 1963 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты құрылғанда жұмысқа қабылданып, оқу орнының алғашқы қалыптасу жылдарына тікелей атсалысқан жандар. Қайрекең об-лысымызға танымал ұстаз болған, кейін Орал педагогикалық институтының ректоры болып қызмет ауыстырған Қайролла Кенжеғұловпен бірге математика кафедрасын, ал Надежда Жұбайқызы физика кафедрасын құруға атсалысты. Батыс аймақтағы жалғыз ауыл шаруашылығы институтының дамуының барлық сәулелі сәттеріне куә болып, әр тынысын жүрегінен өткізді. Ұстаздық – Бектұрғановтар үшін ең қалаулы, абыройлы іске айналды. Және қандай қиын-қыстау кезең болмасын, мамандығына адалдық таны тудан танбады. Әйтпесе, бәрі жекенің қолына ауысып, жоғары оқу орындары қаржылай тапшылық көрген жылдары есеп-қисапқа шебер мамандар қай мекемеге болса да ауадай керек еді...
Үшіншіден – әдебиетке адалдық. Менің пайымдауымша, бұл және ең бастысы. Өзінің айтуынша, «әдебиет дерті» Қайыр Құрақұлына студент шағында-ақ жұққан екен. Ең алғашқы «Арман» деген әңгімесі 1965 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланған. Міне, осы уақыттан бері ақтық демі үзілгенше қолынан қаламын тастамаған жазушы Қ. Бектұрғанов қазақ әдебиетінде ойып тұрып алар орны бар белді мүшесіне айналды. Университетте сабақ бере жүріп, республикалық басылым беттерінде әңгімелері мен повестері үзбей жарық көрді. Қазақтың салт-дәстүріне, тілі мен діліне, дініне қатысты мәселелерді басты назарға алды. Ол – әдебиетке адалдығын өзінің шығармаларымен, шынайы талантымен дәлелдеді. Повесть-әңгімелерден тұратын он шақты жинағы жарық көрді.
«Біздің тілімізге, ділімізге, дінімізге қатысты мәселелер де Қайрақаңның назарынан тыс қалған жоқ. Оның «Менің дінім» деген көлемді еңбегі бар. Төрт тарауы 2010 жылы «Орал өңірінде» жарық көрді. Бұл еңбекті жазу үстінде авторға көп оқуға, үйренуге, діндер тарихына тереңірек үңілуге тура келді. Өзінің мақсаты туралы Қайрақаң: «Мақсатым – өзге діндер мен сенімдерге бүге-шігелеп талдау жасау немесе оларды сынау емес, қандастарымды, оның ішінде, әсіресе, жастарды жаза басып адасудан, білместікпен ата-бабамыздың әрі дәстүрлі, әрі хақ діні Исламнан бет бұрып, басқа сенім-нанымдарға артықшылық беруден, бұған қоса көптеген, есебіне сан жетпейтін, көлденең ағымдардан сақтандыру», – деп жазады еңбегінің кіріспесінде. Қайрақаңды ойландырған, толғандырған мәселе, өзі атап көрсеткендей, «Жарты миллионнан астам қандастарымыздың, өз елінде, өз жерінде отырған қазақтарымыздың өзге діндерге, соның ішінде көбінесе христиандық сенім мен соның әртүрлі секталарының қатарына өтіп кетуі. Дін мәселесі қазіргі уақытта да жастарымызды қызықтыра бастады. Сондықтан да мұндай шығарма оларға ой салып, дұрыс бағыт сілтейтініне күмән жоқ» – деп еске алады Қайыр Құрақ-ұлымен әріптес болған, оқу орнының ардагер ұстазы, профессор Тілекжан Рысқалиев.
«Ағамыз – Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының құрылуынан бастап еңбек еткен ұстаздардың бірі. Жұбайы Надежда Жұбайқызы екеуі – болашақ мамандарға математика және физика пәндері бойынша сабақ берген тәжірибелі мұғалімдер. Ағайымыз ұзын бойлы, әдеміше келген, сабырлы адам еді. Сөйлеуі жай, сыпайы, адамға күле қарайтын. Студенттерді бір-бірінен бөлмей, олардың есімдерімен атайтын. Сабақты асықпай, нақты түсіндіретін.
Дәріс оқығанда анықтамаларды түсінікті, қысқаша жаздыратын. Бірақ студенттерге қоятын талабы: тек теорияны біліп қоймай, есепті шығаруды талап ететін, шындықты жақсы көретін. Қайыр Құрақұлы күліп қарағанымен, өте талапшыл, қатал мұғалім болды. Емтиханда бір билетте 2 теориялық сұрақпен әр тақырыпты қамтитын 10 есеп болатын. Осы кезде білімін көрсетпеген студенттерді жақсы көрмейтін. Бір семестрде топтағы 21 баланың 19-ы «екі» бағасын алған кездер де болған. Бірақ олар дайындалып, соңынан тапсыратын.
Ағайымыз тек қана математик болып қойған жоқ, елімізге белгілі жазушы. Өзінің туып-өскен өлкесіне, еліне арнап жазған шығармаларын оқығанбыз.
Қайыр Құрақұлының бойына тапқырлықпен айналысу да біткен. Сабақтың кезінде үзіліс жасап, өзінің ойлап тапқан құлыптарының сұлбасын ұсынып, оларға баға беруді сұрайтын. Ағай мен жұбайы Надежда Жұбайқызынан алған білімімізді соңынан жоғары оқу орнында ұстаз болып жасағанда іске асырдым» – деп еске алады Қайыр Құрақ-ұлының шәкірті, техника ғылымдарының докторы Бекет Нұралин.
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Нақ осы нақыл сөз Бектұрғановтар отбасы туралы айтылғандай. Қайыр Құрақұлы мен Надежда Жұбайқызының құтты шаңырағында дүниеге келген үш ұл-қыздың бәрі де ата-ананың көз қуанышы болып өсумен қатар, еліміздің мақтан етер тұлғаларына айналды. Тіл-көзіміз тасқа дей отырып, мақтауға да, мақтануға да тұрарлық отбасы болғанын толық мойындаймын.
Үлкен қызы Анара дәрігер мамандығын таңдаған. Қазір отбасымен Аустралия мемлекетінде тұрады. Екінші қызы Гүлмира – химия ғылымдарының кандидаты, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етеді. Қара шаңырақтың иесі, ұлы Ғалидың мамандығы – инженер-механик. Бір ұл, екі қыздан тараған немере, жиендер – Бектұрғановтар әулетінің қөз қуаныштары.
Қайыр Құрақұлының ұстаздық ұлағаты мен мол мұралары, атқарған ерен еңбегі, айналасына шашқан шуағы ешқашан ұмытылмақ емес.
Қазыбай Бозымов,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор